«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘБИ САУ БОЛСЫН ДЕСЕК…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адамның бір бақыты – бала сүю. Дүниеге шыр етіп келген сәбидің дені сау, тығыршықтай болып өсуі ата-ананың күтіміне байланысты, әлбетте. Ақ халаттылардың айтуынша, баланың денінің саулығы жатырда қалыптасады. Әсіресе, кейбір нәрестелерде туа салысымен байқалатын әртүрлі жұқпалардың ана денсаулығына тікелей әсері бар. Осы жайында Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің СҚО бойынша департаментінің ауруханаішілік жұқпаларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Жәния Әбішевамен сұхбаттасқан едік. 

– Жәния Секенқызы, қазіргі кезде ана мен бала денсаулығын қорғау төңірегінде медициналық ұйымдарда қандай іс-шаралар жүргізілуде?

– Кез келген мемлекеттің басты байлығы – адам. Өйткені, өзге байлықтардың барлығы адамға ғана қызмет етеді. Халық денсаулығын сақтау, соның ішінде ана мен оның дүниеге әкелетін сәбиіне жағдай жасау – біздің ең басты міндетіміз. Және бұл үшін арнайы жүргізіп отырған мемлекет саясатының басым бағыттары да бар. Осыған орай облыстық денсаулық сақтау ұйымдарында “Саламатты Қазақстан” бағдарламасы бойынша бірнеше іс-шаралар атқарылып жатыр. Атап айтар болсақ, жүктілікке абсолюттік қарсы көрсетілімдері бар жүкті әйелдерге күн сайынғы мониторингті қатаң бақылауды күшейту. Босануға көмек беретін және балаларды емдеу кабинеттерін қажетті құрал-жабдықтармен жеткілікті қамтамасыз ету. Осындай тиімді технологияны енгізуді одан әрі жалғастыра отырып, аналарды босануға дейінгі қадағалауды, баланы емшек сүтімен емізуді, бала ауруларын ықпалдастыра емдеуді ұтымды үйлестіру жұмыстары атқарылуда. Сол себепті бүгінде қазіргі заманға сай технологиялық құрал-жабдықтармен жұмыс істеп жатырмыз, соңғы әдістермен босандыру, босану залдарында нәрестенің анасымен бірге болуына ықпал жасау жұмыстары қолға алынған. Босанғаннан кейінгі қалыпты кезеңде қадағалау жұмыстары да мүлтіксіз, уақытында жүргізіліп отырылатынын атап айтқан жөн.

– Жаңа туған нәрестелер көбінесе қандай ауруханаішілік жұқпамен ауырады және олардың пайда болу себептері қандай?

– 2011-2012 жылдары 8269-8191 нәресте дүниеге келді. Аурудың талдау деректеріне сүйенсек, осы екі жылда босанған әйелдер мен нәрестелердің іріңді-септикалық инфекциясының үлес салмағы 61-76 пайызды құрады. Оның ішінде 50-60 пайызы – нәрестелер арасындағы ауруханаішілік жұқпалар. Жаңа туған нәрестелер арасында, әсіресе, тері жұқпасы жиі тіркеледі. Ауруды қоздырушының 75-90 пайызын стафилококк құрайды.

Ауруханаішілік жұқпаның пайда болуы мен дамуы себептеріне медициналық құрал-жабдықтарды залалсыздандыру және зарарсыздандыру мен қол жуу ережелерінің бұзылуы, нәрестелерді күту ережелерінің сақталмауы да әсер етпей қоймайды. Сондықтан сәби күтімінде барынша мұқият болған жөн.

– Құрсақтағы нәрестеге жұқпа қандай жолдармен беріледі?

– Нәрестелер арасында құрсақта жұқпа жұқтыруы жылдан-жылға өсуде. Егер 2011 жылы 66 жағдай тіркелсе, 2012 жылы 140 жағдай тіркелген. Әлеуметтік-экономикалық мәртебесі төмен әйелдерде жыныс жұқпалары көп кездеседі. Кездейсоқ жыныс қатынасы, ананың әлеуметтік-экономикалық мәртебесінің төмендігі іштегі нәрестеге жұқпаның жұғу мүмкіншілігін арттырады. Ұрықтағы нәрестені осындай жұқпалардан сақтау жатырда ұрықтың дамуының басты мерзімінде қамтамасыз етілуі тиіс. Ана барынша тазалықты сақтауы қажет.

– Туылған сәбидің дені сау азамат болып өсуі үшін жас ананың атқарар міндеттері қандай?

– Туылған сәбидің дені сау болып өсуі үшін дүниеге келген сәбиге ата-анасы зор күтіммен қарау қажет. Баланы табиғи емізікпен емізу аса маңызды. Өйткені, өз ана сүтінің мейіріміне қанып өскен баланың иммунитеті жоғары, денсаулығы мықты болады. Баланың ауруға шалдықпауына, әсіресе, тері ауруларына, соның ішінде іріңді-септикалық жұқпамен ауырмауына медициналық қызметкерлер мен ана немесе отбасы мүшелерінің қол тазалығын мүлтіксіз сақтауы әсерін тигізеді. Жоғарыда атап кеткендей, микробтар нәресте мен анаға жұғып, ауру қоздыруы ықтимал, өйткені патогендік және шартты-патогендік микроағзаларды қабылдау қабілеті жаңа туған балалар мен босанған әйелдерде жоғары. Осы жағдайды ескере отырып, отбасында және босану ұйымдарында эпидемияның алдын алу ережесін сақтауға өте жоғары талаппен қараған жөн. Қол жуу заттарын қолдана отырып, қолды жиі жуу ережелерін бұлжытпай орындау арқылы үнемі тазалықты сақтау керек. “Тазалық – денсаулық кепілі” деп бекер айтпаған, осылайша іріңді-септикалық жұқпаның жартылай алдын алуға болады.

– Босанған ана мен жаңа туылған нәресте үйге шыққанда оларға қандай күтім көрсеткен жөн?

– Балаға тиісті күтім көрсету үшін ең алдымен перзентханадан шыққан сәбиге қажетті заттармен жабдықталған жеке бөлменің болғаны жөн. Тіпті, арнайы бөлме болмаса да, сәбидің жататын тұсы күн сәулесі түсетін жарық, таза болуы қажет. Нәрестеге анасы мен әкесі көп көңіл бөліп, белгіленген уақытта тамақтандырып, шомылдырып, ұйықтатып тұруы қажет. Осылайша сәбиге анасы барлық күтімін жасап, аналық мейірім шуағын төгіп отыратын болса, баланың ақыл-ой өрісі жақсы дамып жетілетін болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

(Өз тілшімізден).

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp