«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРДЕ ЕҢБЕКАҚЫ ДЕҢГЕЙІ НЕГЕ ТӨМЕН?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының басты көрсеткіші болып табылатын орташа айлық еңбекақы көрсеткіші бойынша біздің өңір республикада соңғы орындардың бірінде. Өнеркәсібі дамыған ірі өндіріс кәсіпорындары, көп іргелі өңірлермен салыстырмағанның өзінде, біздегідей, негізінен, аграрлық өндіріспен айналысатын көршілес Ақмола облысынан да еңбекке ақы төлеу жағынан кейін қалып келеміз. Облыс әкімі Самат Ескендіровтің бастамасымен жыл басынан бері осы мәселе көтеріліп, оны шешудің жолдарын қарастырған бірнеше жиын-кеңестер өтті, барлық аудандарда арнайы жұмыс топтары құрылып, олар еңбекке ақы төлеудің түйінді мәселелерін шешуге жұмылдырылды. Еңбеккерлердің еңбекақы төлемдерін уақтылы төлемеу, кейбір кәсіпорындардың еңбекақы берешегін жабуға құлықсыздығы, ал қайсы-біреулерінде тарифтен төмен мөлшерде жалақы тағайындау сияқты және тағы да басқа келеңсіздіктерге қарсы бірталай шаралар қолға алынды.

Жалпы алғанда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орташа айлық еңбекақы өсімі жоқ та емес. Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жедел экономикалық сараптама деректері бойынша, ол жыл басынан бері былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,14 пайызға өсіп, 71 216 теңгені құраған.

Өңірлік жіктеу бойынша Петропавл қаласы еңбеккерлерінің орташа айлық 84 611 теңге еңбекақысы біршама тәуір саналады. Оған облыс орталығындағы мемлекеттік басқару органдарының, қорғаныс және әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесі қызметкерлерінің және “Мұнаймаш” АҚ сияқты кәсіпорын еңбеккерлерінің 100-110 мың теңгенің үстіндегі орташа айлық еңбекақыларының әсері бар. Ал аудандар ішінде орташа еңбекақы көлемі бойынша Қызылжар (65 177 теңге), Ғабит Мүсірепов атындағы (64 614 теңге) және Шал ақын (61 254 теңге) өзгелерден сәл алда тұр.

Бюджет саласындағылардың табысы әлі де көңілден шығарлықтай деңгейде емес. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында ол білім беру қызметкерлерінде 61 277 теңге, денсаулық сақтау саласында 76 755 теңгені құрады. Еңбекақының ең аз мөлшері бұрынғыдай ауыл, орман және балық шаруашылықтарында төленеді. Өткен жылмен салыстырғанда 13,8 пайызға өскенімен, облыс бойынша осы саладағы орташа еңбекақы бүгінде 49 677 теңгені құрайды. Елумыңдық деңгейден М.Жұмабаев (58 112 теңге), Уәлиханов (55 193 теңге), Қызылжар (53 752 теңге) және Мамлют (51 558 теңге) аудандары ғана асты.

Еңбекке ақы төлеудің жыл басынан бергі жоғары өсімі (17,2 пайыз) өнеркәсіпте байқалды, ол 70 188 теңгеге жетті. Алайда, ірі машина жасау, құрылыс зауыттары бар Петропавл қаласы үшін 72 370 теңгенің орташа айлық еңбекақысы, әрине, өте қораш көрсеткіш. Бұл жағынан одан Есіл (90 164 теңге), Шал ақын (85 125 теңге) және Қызылжар (80 268 теңге) аудандары озып кетті.

Әрине, нарықтағы валюта айырбастау бағамы бойынша өңірдегі орташа айлық еңбекақы деңгейінің 471,9 АҚШ долларын немесе 359,3 еуроны құрайтыны ТМД-ның көптеген елдеріне қарағанда тәубе етерліктей. Десек те, Елбасымыздың Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруды мемлекеттік саясаттың басты мақсаты етіп отырғаны баршаға аян. Яғни, ел тұрғындарының тұрмысы жақсарған үстіне жақсара беруге тиісті. Бұл орайда лайықты деңгейдегі еңбекақының болуы және оның уақтылы қолға тиюі өте маңызды. Бұл мәселемен мемлекеттік еңбек инспекциясы айналысады. Жуырда оның бұрынғы Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінен бөлініп, облыстық әкімдіктің Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы болып қайта құрылуы бұл жұмысқа жаңа серпін береді деп білеміз.

Осы басқарманың Мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбекақыны уақтылы төлеу мәселесі бойынша биылғы жыл басынан облыстың 99 кәсіпорнын тексеріп, 287,6 миллион теңгенің еңбекақы берешегін ашты. Заңсыздыққа жол берген кәсіпорын басшыларының барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 12,5 миллион теңгенің айыппұлы салынған. Кейінірек қайыра жүргізілген тексерістен кейін мемлекеттік еңбек инспекторының ескертпесін орындамағаны үшін 15 кәсіпорынның материалы әкімшілік сотқа жолданған.

Басқарма облыстық прокуратурамен бірлесе отырып, еңбекақы бойынша берешектерін уақтылы өтемейтін өңір кәсіпорындарына апта сайын мониторинг жүргізеді. Сол мониторинг деректеріне сәйкес бірінші жартыжылдықта облыстың 9 кәсіпорны бойынша еңбекақы берешегі 57,9 миллион теңгені құрады. Соның ішінде 4 кәсіпорын ауыл шаруашылығы құрылымдарына жатады, олардың жалпы берешегі 14,3 миллион теңге. Ал жіктеп айтар болсақ, “Новороссийское АТП-С” ЖШС-нің өз еңбеккерлеріне – 3,7 миллион теңге, “Краснокиевка” ЖШС-нің – 4,6 миллион теңге, “Горьковское ХПП” ЖШС-нің – 3,1 миллион теңге және “Колос Юг” ЖШС-нің 2,9 миллион теңге берешегі бар.

Жыл басына қарағанда, еңбекақы берешегі 37 миллион теңгеге ұлғайған. Қарызға батқан кәсіпорындардың көпшілігі өндірістерін ілгері бастыра алмай отыр. Мысалы, еңбеккерлеріне 1,6 миллион теңге берешегі бар “Петропавл киім фабрикасы” ЖШС-ін экономикалық сот банкрот деп таныды. Оның конкурстық басқарушысы жалпы сомасы 1,1 миллион теңгенің қарызын мүлікпен жапты. Ал “Фирма Строитель” ЖШС-нің еңбекақы берешегі – 9,2 миллион теңге. Онда оңалту шаралары заңды күшіне енді, қазір кредиторларынан кінә-талаптары қабылдануда. Нақтылы жалақы берешегі қайта тексеріліп, оны жою шаралары қарастырылады.

Айта берсе, мұндай мысалдар жетерлік. Еңбекақы қарызына батқандардың бірі – “Петропавл қаласының халықаралық әуежайы” АҚ-да оның 100 пайыз акциясын басқа заңды тұлғаға беру жөніндегі құжаттар рәсімделуде. Сол сияқты, “Биохим” және “Богви” компанияларына қарасты кәсіпорындардың жалақы берешектерін жабу да проблемаға айналып отыр. “Транспортник”, “Бескөл тұқым шаруашылығы станциясы” және “Донецкое” ЖШС-леріне қатысты қылмыстық істер де қозғалған. Осы қарызгер кәсіпорындар еңбекақы берешегінен құтылған күнде де, одан әрі өз жұмысшыларын жақсы жалақымен жарылқай қоюы екіталай. Мұндай ілініп-сүрініп жүрген кәсіпорындардың саны еңбек инспекциясы бақылау жүргізген 99-дан көп екені даусыз. Олардың жоғары жалақы тағайындауға құлықсыз екені анық. Орташа айлық еңбекақы деңгейі көрсеткішін кері сүйреп тұрған бір кесел – осы. Оның үстіне қайсыбір жұмыс берушілер салықтар мен бюджетке басқа да міндетті төлемдерден жалтарып, неше түрлі қитұр-қылықтарға барады. Міне, осылардың бәрі, түптеп келгенде, еңбеккерлердің нақты еңбек табысына әсер етпей қоймайды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp