«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛЫТУ ЖҮЙЕСІН ЖӨНДЕУГЕ 1,2 миллиард теңге жұмсалуда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда облыстық Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департамент пен “СевКазЭнерго” АҚ-ы баспасөз турын өткізіп, “Петропавл жылу желілері” ЖШС-нің жұмысымен таныстырды.  

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

“Петропавл жылу желілері” ЖШС-нің әкімшілігі баспасөз турына қатысушылардың назарына кәсіпорынның жаңа жылыту маусымына жүргізіп жатқан дайындықтары мен жылу желілерін қайта құру және жаңғырту барысын көрсетті. Сонымен қатар Петропавл қаласында жылу желілерін күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының қарқыны мен сапасы туралы ақпарат таратылды.

“Петропавл жылу желілері” ЖШС-нің балансында 231 шақырым жылу трассасы мен 52 құбыр стансасы бар. Биылғы жылы ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына кәсіпорын 1 миллиард 200 миллион теңге қаржы жұмсауда. Қаржы 10,756 шақырым құбыр тартуға, 3,440 шақырым құбырды сыртқа жылу шығармайтын оқшаулағыш материалмен орауға, 4 сорғы стансасын қалпына келтіріп, 14 жылу камерасын жөндеуге, 9 компенсатор мен 187 бірлік арматураны ауыстыруға жұмсалмақ.

Бүгінгі таңда Петропавл қаласындағы жылыту жүйесінің 70 пайызы тозған. Оны кеміту үшін жыл сайын 20 шақырым желі ауыстырылуы керек. Оған 1,2-1,5 млрд. теңге қажет. Сондықтан “Петропавл жылу желілері” ЖШС-і күрделі жөндеуге және жаңғыртуға инвестициялық бағдарлама жасап, белгіленген тарифтен түскен қаржыны жұмыс сапасын арттыру мақсатына жұмсауда. Сондай-ақ инвестицияның қосымша көзі ретінде Еуропалық қайта құру және даму банкінен 2,4 млрд. теңге несие алып, 2011-2012 жылдары оның 715,6 млн. теңгесін игерсе, биылғы меже – 641,6 млн. теңге.  

Баспасөз турына қатысушыларға күрделі жөндеу, жаңғырту және жылыту торабындағы жылуды сақтау мүмкіндігін арттыру үшін атқарылып жатқан жұмыс көрсетілді. Театр мен Брусиловский көшелерінің қиылысындағы жылыту құбырларының тозығы жетіп тұрғандығын көпшілік аңғаратын. Енді бұл жылыту торабының құбырлары пенополиуретанмен қапталуда. Ол 1,3 шақырымды қамтымақ.

Қала орталығындағы ең ірі жылыту торабы Абай көшесінің бойымен өтеді. Сондықтан Абай мен С.Мұқанов көшелерінің қиылысынан басталған №2 жылыту желісі жаңадан тартылу үстінде. Ол 1,8 шақырымды құрайды. Биыл оның 980 метрі 10 қыркүйекке дейін тамамдалып, қалған бөлігі алдағы жылы аяқталмақ. Кәсіпорын бұл күрделі жөндеу жұмысына 900 миллион теңге инвестиция құйып отыр. Онымен айналысып жатқан мердігер – “Суэнергострой” ЖШС-і. “Петропавл жылу желілері” ЖШС-і директорының орынбасары Игорь Осняч Абай көшесінің бұл тұсы қазба жұмыстарынан кейін көп кешіктірілмей қалпына келтірілетінін айтты. Жол жөндеу жұмыстарын “СУ-808” ЖШС жүзеге асырады. Сондай-ақ құбырларды жаңғырту жұмыстарына Челябіден құбырлар әкелініп, оның сыртқы орамасын өңірлік кәсіпорындар жасап жатқандығы сөз болды.

Кәсіпорын жөндеу жұмыстарына пенополиуретан оқшаулағыштарын (қабыршықты) пайдаланып, онымен жартылай бұзылған оқшаулағыштарды ауыстыру мәселесін шешуде. Биыл бұл материал 1,3 шақырымның жөндеу жұмыстарына пайдаланылған. Бұл орағыштардың жарамдылық мерзімі – 30 жылға дейін.

Келесі нысан ретінде Совет және Крепостная көшелерінің қиылысындағы күрделі жөндеу жұмыстары көрсетілді. Ондағы ұзындығы 0,15 шақырым құбырды ауыстыру жұмысы аяқталған, енді су құбырын ауыстыру шарасы жалғасуда. Осы учаскеде кәсіпорын барлығы 0,28 км. құбырды ауыстыруды жоспарлаған. Оған 12 миллион теңге қаржы бөлінген.

Серіктестік өзінің инвестициялық бағдарламасы мен банк арқылы алған несиесінің арқасында биыл біраз жұмыстың басын қайырды. Нәтижесінде тұтынушыларды жылумен қамтамасыз етуде сенімділік артып, тозығы жеткен құбырлардың қатары қысқарып, энерготиімділік артты.

Баспасөз турының соңында “Петропавл жылу желілері” ЖШС-і директорының міндетін атқарушы Андрей Дубков пен облыстық Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департаменттің басшысы Марат Мұстафин брифинг өткізіп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp