«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САН АДАМ ОҒАН РИЗА ШЫН ЖҮРЕКТЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Күн бата Явленка аудандық ауруханасынан шақыру түсті. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен жүргізушінің кеуде тұсына зақым келген көрінеді. Науқастың өкпесі жарылып кеткен. Соның салдарынан демі тарылып, қан қысымы төмендеуде. Жедел түрде күрделі ота жасау керек болды. 1994 жыл еді. Медицинаның қазіргідей дамымаған тұсы. Аудандық ауруханада ота жасайтын үстел, кәдімгі медициналық құрал-жабдықтар ғана бар. Ал науқасқа жасанды дем беретін дем алу аппараты қажет. Мотоциклден құлаған жігіттің бірінші қабырғасы сынған. Қабырға шеміршектен үзіліп кетіп, кеңірдекті кесіп кеткен. Науқастың демін қалпына келтіру үшін алдымен кеңірдектің жыртылған жерін тігу керек. Қазіргідей ол кезде арнайы тігетін аппарат жоқ. Сонда науқас өздігінен дем алу үшін бір саусақпен кеңірдектің жырығын жауып, екінші қолдың икемімен жаңағы тесікті тіктік. Қан айналымы қалыпқа келді. Жігіт 2 аптадан кейін отбасына аман-есен оралды, – деп еске алады саналы өмірінің 52 жылын медицина саласына арнаған хирург-дәрігер Тұрсынбай Бимаханов. Бұл ол жасаған сан мыңдаған отаның біреуі ғана.

Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауылының тумасы Тұрсынбай Бимаханов отбасында 10-шы бала болып дүниеге келді. Оның алдында және кейін туған балалардың барлығы шетінеп, не болмаса жасөспірім шағында қайтыс болған екен. Сондықтан да ата-анасы ол дүние есігін ашқанда осы өмірде тұрақтап қалсын деп есімін Тұрсынбай қойыпты. Соғыс жылдарында ержеткен Тұрсынбай Бимаханов жоқшылық пен таршылықты көріп өсті. Оның арқа сүйер ағасы, артынан ерер інісі болмағандықтан, ағайындардың қолында тәрбиеленген. Ол бала кезден агроном, не болмаса мал дәрігері болуды қалады. Бірақ қайда барып, қандай жоғары оқу орнына түсетіндігінен бейхабар еді.  

Қуаныш, Тұрсынбай және Қасымбек. Олар бала кезден ажырамас достар еді. Мектепті бітірген соң үшеуі ақылдаса келе бір оқу орнында білім алуға уәделеседі. Ташкент қаласына қарай бет алады. Араларында Қуаныш пысық болатын. Парталас досы Тұрсынбайға дәрігер болуға кеңес берген де Қуаныш болатын. Әрі өзі де сол мамандықты игермек болғандықтан, бірге оқитын боламыз деп ақыры айтқан сөзіне көндіреді. Қасымбек болса медицинаның орнына мұғалімдік жолды таңдайды. Ақырында араларында емтиханнан сүрінбей өткен Тұрсынбай ғана екен. Ол жоғары оқу орнына қабылданып, ал Қуаныш достарын Ташкент қаласында қалдырып, өзі Шымкент қаласындағы медициналық колледжге оқуға түседі. Осылайша Тұрсынбай Бимаханұлы досының арқасында ақ халатты абзал жан атанып, өмірінің жарты ғасыр уақытын адам жанын арашалауға арнайды.

1961 жылы Ташкент қаласындағы медициналық университетті тамамдаған соң солтүстік өңірге жолдамамен келіп, еңбегін осы жерде бастайды. Алдымен Шортанды қаласындағы ауруханада фтизиатр болып еңбек етеді. Сол кезде өзінің сүйікті жарымен танысып, Петропавл қаласына көшіп келеді. Артынша зайыбы екеуі Мәскеу қаласына аттанады. Онда Тұрсынбай Бимахановқа білімін жалғастыруға мүмкіндік туады. Бірақ Мәскеуде отбасымен бірге тұратын үй болмағандықтан, Петропавлға оралады. Сол кезден бастап облыстық туберкулезге қарсы диспансерде қызмет еткен Тұрсынбай Бимаханов – бүгінгі күні құрметті демалыстағы зейнеткер. Негізінде ол зейнет демалысына 2001 жылы шықса да, өз қызметін осы күнге дейін жалғастырып келген. Осыншама уақыт бойы бір іске шын беріліп, қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қаншама адамды өлімнен арашалап қалған тәжірибесі мол дәрігер осы уақытқа дейін артынан ерген әріптестеріне жылдар бойы жинаған білімімен бөлісіп келеді. Кей кездері адам өмірін медицинадағы соңғы заман жетістіктерінің өзі құтқара алмайды, деп есептейді Тұрсынбай Бимаханов. Әсіресе, ота жасап жатқанда компьютерге не болмаса медициналық аппаратқа сену жеткіліксіз. Тәжірибе, қолдың икемділігі мен шешімді жылдам қабылдау қажет кездер болады. Сондықтан дәрігер жан-жақты, шыдамды әрі шебер болуы тиіс.

Тұрсынбай Бимаханов – өңірдегі туберкулезге қарсы жағдайдың жақсаруы үшін талмай еңбек еткен ақ халаттылардың бірі. Оның көмегінің арқасында өкпе тұсына зақым келген науқастар ғана емес, сондай-ақ туберкулез дертіне шалдыққан адамдар да еміне шипа тауып, үйреншікті өміріне икемделіп кетті. Оның ота үстелінен көптеген науқастар өтті. Ол кісіден: “Өміріңізде қанша ота жасадыңыз?” деп сұрағанымда иығын жоғары көтеріп, “Білмеймін” деп жауап бергені мені таңғалдырған жоқ. Себебі, бір қарағаннан қарапайым әрі сөзге сараң көрінген дәрігер өмірде де солай болып шықты.

– Қарсы алдыңда өмір үшін күресіп жатқан адамды көргеніңде оны сүйетін жақындарына сау етіп қайтарғың келеді. Және сол үшін бар амалды қолдануға даяр тұрасың. Ойлаған мақсатыңа қол жеткізе алмайтын да кездер болады. Ең өкініштісі де сол. Себебі, дәрігердің қолынан барлығы келе бермейді. Әрі Құдайдың пешенеге жазған тағдырынан ешқайда қашып кете алмайсың, – деген ол жасаған оталардың ішіндегі қиын өткен отаның бірі жайында әңгімелеп берді.

90-шы жылдардың ортасында өкпе тұсына ота жасау әдісі тек облыстық туберкулезге қарсы диспансерде жүзеге асырылды. Ота өкпесі қатерлі ісікке шалдыққан бір науқасқа ауадай қажет болды. Мағжан Жұмабаев ауданынан келген адамның оң жақ өкпесінің төменгі бөлігін кесіп, оны тігу міндеті тұрды. Обыр кесіліп алынған соң өкпені тігу кезінде қан тамырлары жарылды. Оны дер кезінде тоқтатпаса, науқасты құтқару мүмкін болмайтынын түсінген Тұрсынбай Бимаханов қан тамырынан аққан қанды саусағының көмегімен жауып тұрып, сол екі ортада тез арада тігіп, осылайша ота үстелінде жатқан науқастың жанын аман алып қалған.

Қазіргі таңда бос уақыты көп дәрігер отбасымен бірге серуендеуді, кешкісін көрші-қолаңмен әңгімелесуді ұнатады. Дәрігерлік қызметін де ұмытқан емес. Әлі күнге дейін еліміздің медицина саласының дамуын жіті бақылап, әсіресе, өңірімізде туберкулез дертіне шалдыққан адамдар санының азайып келе жатқанына дән риза. Тұрсынбай Бимаханұлының өмір жолына зер сала қарасақ ата-анасының кіршіксіз таза ниеті орындалды. Онымен көшеде, азық-түлік дүкенінде, қоғамдық көлікте, саябақ пен кітапханада қол беріп амандасып, алғыс білдіріп жүретін бейтаныс адамдар бар. Себебі, антына адал дәрігер – сол бейтаныс адамдардың өмірін сақтап қалған жан.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp