«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕМДІК және ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР ЛИДЕРЛЕРІ СЪЕЗІНІҢ алғашқы шақырылымы турасында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мәдина ӘБІШЕВА,

ҚР ДІА Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы.

Қазақстанды “өркениеттер торабы” деп бекер атамайды. Біздің еліміз – ислам, христиан және буддизм сынды әлемдік ірі діндердің табиғи тоғысқан мекені. Бұл жерде ғасырлар бойы әртүрлі халықтар мен этностардың өкілдері бейбіт өмір кешіп, еңбек етті. Осылай өзара байып, өркендеуге алып келген бекем мәдени және рухани байланыстар қалыптасты. Бүгінде біздің халқымыз бұл баға жетпес құндылығымызды сақтап, ұлғайтып, болашақ ұрпаққа мирас етіп қалдыруға ынталы.  

Қазақстан өзінің 20 жылдық Тәуелсіздігі мерзімінде өз қоғамының дара этносаралық және конфессияаралық келісім моделін қалыптастыра білді. Бүгінгі күні біздің елімізде 17 діни конфессияға бірігетін 130-дан астам халық пен этникалық топтар өмір сүруде.

Сондықтан да Елбасы Қазақстанның этномәдени және конфессиялық алуандылығын мол байлық, қазақстандықтарға бағалы мәдени жетістіктерімен басқа халықтармен алмасуға мүмкіндік беретін біздің тұтас қоғамымыздың жалпыға бірдей игілігі деп ерекше атап өткен болатын.  

Әлемдік және дәстүрлі діндердің үздік ғұрыптарына құрмет білдіріп, қолдау таныта отырып, Қазақстан халқы заман талабына сай зайырлы мемлекет түзуде.

Дін саяси-мемлекеттік үрдістерге араласпайды. Өз кезегінде мемлекет діни қауымдастық өздерінің әлеуметтік, салттық, ағарту және өзге де міндеттерінің толық орындалуына ықтиярлы жағдай жасап, олардың ішкі өміріне қол сұқпайды.

Мемлекет конфессиялардың ішкі өміріне араласпау саясатын ұстана отырып, өздерінің коммуникативті, біріктіруші және әлеуметтік міндеттерін толыққанды жүзеге асыру үшін екі тарап арасындағы ашық диалогтың дамуына жағдай жасайды.

Жоғарыда аталған іс-шаралар Қазақстанға әртүрлі діндер, мәдениеттер мен өркениеттердің бай тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік берді. Өз кезегінде бұл елдің басым халқының ортақ құндылықтарының қалыптасуына, конфессияаралық келісім мен өзара сыйластықтың толерантты өрісін түзуге ықпал етеді.

Өкінішке қарай, әлемде экстремизм мен терроризмнің қаупі азаймай тұрғандығын да атап өту қажет. Дін атын жамылған олардың идеологиясы адамдар арасында қайшылық пен сенімсіздік уын шашып, жер шарының түкпір-түкпіріндегі азаматтардың ақыл-ойын билеп, көңіл күйлеріне ықпал етуде.

Әлемде дінаралық және мәдениетаралық негіздегі қайшылықтар мен шиеленістер әлі де баршылық, қатер мен қарсылықтардың жаңа ошақтары туындауда. Осы жағдайлар өз кезегінде қазіргі замандағы жаһанның дамуына ықпал ететін факторлар негізін белсенді зерттеп, жаңа амал мен ұстанымдарды іздестіруге итермелейді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдағы өсіп келе жатқан діннің рөлін және дін атын жамылған террористік ұйымдар тарапынан туындайтын қатерлерді ұғына отырып, 2003 жылы Қазақстанның елордасы – Астана қаласында діни лидерлердің дінаралық форумын өткізу жөнінде баға жетпес ұсыныс білдірді.

Бұл бағытта Қазақстан әртүрлі әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялар арасында диалогты ілгерілетуге қатысты өзіне үлкен жауапкершілік артқанын жеке атап өткен абзал.

Н.Назарбаев бастамасы Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас Хатшысы Шейх Ат-Турки, Орыс Православ Шіркеуінің Патриархы Алексий ІІ, Рим Папасы Иоанн Павел ІІ, Израильдің Бас ашкеназий раввині Иона Мецгер және басқа есімі әлемге танымал діни лидерлер, ірі діни беделді тұлғалар тарапынан оң пікір тудырған қолдауға ие болды.

Мемлекет басшылары мен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің қолдауының арқасында қазақ жерінде 23-24 қыркүйек аралығында әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезі болып өтті. Оның жұмысына қатысу үшін Астанаға әлемнің 14 елінен 17 делегация қатысты.

Съезд адресіне ірі державалар мен әлемдік ұйымдар, сонымен қатар әртүрлі шіркеулердің жоғары шендерінен өкілдер, атап айтсақ, Орыс Православ Шіркеуінің Патриархы ІІ Алексий, Рим Папасы ІІ Иоанн Павел, Кентерберийлік архиепископ Роуэн Уильямс, Константинополь Патриархы Варфоломейден құттықтау хаттары келіп түсті. Олардың әрқайсысы діни лидерлердің кездесуіне бата беріп, басталған үн қатысқа сәттілік тіледі.

Съезд жұмысының басталуын қорытындылай келе, 2003 жылы Қазақстан Республикасының Елбасы бастамасының негізінде өткізілген әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезі, ғаламшар халықтары арасында рухани жақындық үрдісін бастап, бітімгерлік ұйымдардың қатарынан өзінің ерекше орнын алып үлгерді.

І съезде келісімді нығайту мен өркениеттер, конфессиялар, елдер мен халықтар арасында сындарлы диалогты орнату бағытында табанды қадам жасалды. Дінаралық диалог қоғам дамуы мен барлық халықтардың әл-ауқаты жақсаруының негізгі тәсілі екендігі белгіленді.

Бірінші съездің жұмысы болашақтағы үйлесімді әлемнің негізі ретінде адамзат бейбітшілігі мен дамуын және қоғамдардағы тұрақтылықты қамтамасыз ететін бірлескен әрекеттер жайлы діни лидерлер пайымдаған Декларацияның қабылдануымен аяқталды.

Съездің нәтижесі бойынша делегаттар діндер диалогы терең болуы қажет және пікір таласа білу негізінде жүзеге асырылуы тиіс деген пікірге келді. Діни салдарларға байланысты туатын тартыстардың себептерін анықтауға байланысты дінаралық үйлесімді кемелдендіру, бір-бірін құрметтеу, басқа халықтар дәстүрлері негізінде үйрену сынды проблемалар көтерілді.

Өткен іс-шараның жетістігі ретінде дінаралық форумды үш жылда бір ұдайы өткізу туралы І съездің шешімі қабылданғанын атап өткен абзал. Қазақстанға еліміздің бас қаласы Астанада 2006 жылы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің екінші съезін ұйымдастырып, өткізу мәртебесі сеніп тапсырылды.

Бірінші съезд өзінің тарихи миссиясын жүзеге асырып, өзінің нәтижелі жұмысымен діни лидерлердің екінші, үшінші және төртінші съездерін дайындап, өткізудің даңғыл жолын салуға мүмкіндік тудырды.

Съездің дайындығы мен өткізуіне қатысты бірқатар мәселелер бірінші съезге қатысушылардың шешімімен, аталған іс-шараның бастамашысы Қазақстан тарапына ұсынылды.

Съездің жұмыс органдары – съездің хатшылығы мен хатшылықтың жұмыс тобы құрылды. Аталған органдар тұрақты түрде форумның мазмұнды және концептуалды құжаттары мен материалдарын, сонымен қатар съездердің қорытынды құжаттарын дайындау жұмыстарын жүргізеді.

Съезд алғашқы бастамалары жайлы айтар болсақ, бірінші съездің қорытындысы бойынша дін лидерлерінің форумын өткізіп тұру үшін арнайы сарай салу шешімі қабылданды. Осылай атақты архитектор Норман Фостердің жобасы негізінде Астана қаласында арнайы Бейбітшілік пен келісім сарайы бой көтерді. Осы сәулетті де бірегей ғимаратта 2006 жылда өткізілген әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезінен бастап, съезд хатшылықтары мен өзге съездер ұдайы өткізіліп келеді.

Биыл бірінші съезд шақырылғанына он жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында Астана қаласында 4 съезд және хатшылықтың 11 мәжілісі өткізілді. Діндер мен конфессиялар арасындағы келісім мен бейбітшілікті ту еткен съезд қанатын кеңінен жайып, жылдан-жылға нығайып келеді.

Съезд жұмысының онжылдығына орай 2013 жылдың қыркүйек айында съездің хатшылығының мерейтойлық ХІІ мәжілісі болып, үлкен халықаралық конференция өткізіледі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp