«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛДЫМЕН – ЖЕМАЗЫҚТЫҚ ДАҚЫЛДАР, артынша бидай да дестеге түсіріледі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қызылжар ауданындағы “Петерфельд-Агро” ЖШС – егіншілік пен мал шаруашылығын қатар алып келе жатқан агроқұрылым. Шаруашылық ірі қараның симменталь тұқымынан 783 бас және жергілікті қара ала тұқымынан 405 бас мал ұстап отыр. Сондықтан шаруашылық өз иелігіндегі 3,5 мың гектар алқаптың бәрін малдың жемшөбіне арнаған. Олар биыл 1000 гектарға құрама жем дақылдарын, 200 гектарға судан шөбін, 480 гектарға жүгері, 400 гектарға сұлы, 200 гектарға тұқымдық дақылдар және 1160 гектарға рапс еккен. Бүгінде шаруашылық еңбеккерлері жемазықтық дақылдарды жинау науқанын аяқтау барысында.

Серіктестік рапспен айналысуды биыл ғана қолға алып отыр. Осыдан үш күн бұрын рапсқа шалғы салған олар дақылдың жиналу технологиясы бойынша дестелерді 10 күн егістік басында қалдырмақ. Олар бұл өнім түрін нарыққа шығармақшы.

– Дақылдың бітік шығуына ауа райы қолайсыздық жасады. Астық себілгеннен кейін екі айға жуық жауын-шашын көрмей, өсімдік бұғыңқырап қалды. Дегенмен, оның гектары 35 тоннадан айналуда. Бұл – көңіл көншітетін көрсеткіш. Оны сатып алушы компаниялар да дайын, – дейді шаруашылық басқарушысы Петр Порубенский.

Серіктестік биылғы жылға 15 мың тонна сүрлем дайындамақ. Сондай-ақ шөпті де қажетінше маялап, сабан дайындау үстінде. Бұл шаруашылық сабан дайындау ісінде заманауи технологияны пайдалануда. Былтыр Германияның “Krone” фирмасының тығыздағыш тіркемесін сатып алған олар онымен 2000 орама дайындаған. Ол орамалардың 1200-ін қыста малдың астына төсесе, қалғанын отын ретінде пайдаланыпты. Ал биыл ондай ораманың 3 мыңы дайындалмақ. Мәселен, былтыр мал қораларын жылы ұстау үшін күніне 5-6 орама жұмсалыпты. Бастаманың тиімділігін ұққан шаруашылық басшылары тағы бір тығыздағыш техниканы 6,5 миллион теңгеге сатып алды. Жалпы бұл шаруашылықтың техникалық ахуалы жақсы. Олардың техникалық паркі толығымен жаңартылған.

Жаңа техниканың және білікті мамандардың жеткілікті болуының арқасында серіктестік көктемгі-күзгі науқандарды уақтылы атқарады. Ал биыл олар бидайға орақ салуға асығар емес. Өйткені, шаруашылық мамандарының айтуынша, биыл көктемгі егіс кеш басталғандықтан, сондай-ақ жауын-шашынның керек уақытында болмауынан дақылдардың шығымдылығы ойдағыдай емес, сондықтан ауа райының ыңғайына қарай оларды әлі де ашық аспан астында ұстай тұруды ұйғарып отыр. Олардың бидай алқаптары – Мамлют ауданындағы “Әйтеке би СК” деген атаумен аталатын шаруашылықта.

СУРЕТТЕ: тракторшы И. Фоминцев.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp