«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЛИНДІ АЛЫСҚАН АРДАГЕР – абзал азамат, ардақты отағасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің “Әскери-әуе күштеріндегі қызметі үшін” медалімен марапатталған қазақстандық майдангердің алғашқысы – Павел Барильченко. Ұлы Отан соғысының және педагогикалық қызметтің ардагері, “Берлинді алғаны үшін” медалінің, “Қызыл Жұлдыз”, 2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерінің иегері Павел Яковлевичке осынау марапатты Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясы елшілігінің бірінші хатшысы, Ресейдің еңбек сіңірген ұшқышы, запастағы генерал-лейтенант Виктор Шуликтің өзі Петропавлға арнайы келіп табыс еткен еді. Бұл тектен-текке көрсетілген құрмет емес…

Татьяна МОРЕЕВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің аға оқытушысы, №21 мектептің түлегі.

Аққайың ауданындағы Тоқшын ауылында туып, өзі оқыған мектепте ұстаздық етіп жүрген Павел Барильченконың Омбыдағы педагогикалық институтты сырттай оқып бітіруіне Қызыл Армия қатарына шақырылуы кедергі келтірді. Бұл кезде фин соғысы жүріп жатқан болатын. Үш ай әскери даярлықтан өткенмен, соғыс аяқталып, оған қатысудың сәті түспеді. Алайда, орта және жоғары білімі бар жастарды Харьков авиация училищесіне жіберді. Оны 1942 жылы аяқтап, Мәскеу әскери округінің резервіне қабылданды. Бұл кезде авиация қайта жарақтанып жатқандықтан, ұшқыш болудың реті келмеді. Лейтенант Павел Барильченко жедел курсты аяқтап, артиллерияшы болып шықты.

Павел Яковлевич осыдан 70 жыл бұрынғы Ұлы Отан соғысы тарихындағы ең ірі және екі жақтан ең көп қарулы күштер қатысқан Курск иініндегі шайқаста алғашқы наградасы – “Ерлігі үшін” медаліне ие болды. Одан кейін “Қызыл Жұлдыз” ордені кеудесін жарқыратты.  

Украинаның Припять өзенінен өту кезінде Павел Барильченконың атқыштар взводы ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. Взвод құрамындағы батареяның командирі Александр Бойко мен зеңбіректің нысанашысы Анатолий Громов Кеңес Одағының Батыры атанса, гвардия аға лейтенанты Павел Барильченко 2-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.

Солтүстікқазақстандық офицердің соғысты артиллерияшы болып аяқтаймын деген ойы іске аспады. 1944 жылы майданға ұшқыштар қажет болды, сөйтіп ол авиацияға қайта оралды. Бомбалаушы “Пе-2” ұшағының штурманы ретінде қайта оқу-жаттығудан өтті. Оның математикаға қабілеттілігі тағы да іске асты. Нысананы дәл көздеуде ол алдына жан салмайтын. Сондықтан оған оқу бөлімінде жас ұшқыштарды штурмандыққа жаттықтырушы болып қалу туралы ұсыныс та жасалды. Бірақ ол өзінің орны майданда екенін айтып, басшылардың ұсынысынан бас тартты.

Павел Яковлевич Ұлы Отан соғысын эскадрилья штабының бастығы болып аяқтады. “Берлинді алғаны үшін” медалі – соның куәгері.

Соғыстан жеңіспен оралған майдангер туыстары тұратын Краснодарда педагогика институтының тарих факультетін аяқтады, өмірлік жары Нина Андреевнаны сонда тапты.

Бірнеше жылдан кейін туған жерін аңсап келген Павел Барильченкоға Петропавл қаласындағы ең жақсы оқу орындарының бірі – №21 мектептің директоры қызметі ұсынылады. Ұлы Отан соғысының ардагері зейнеткерлікке шыққанға дейін 23 жыл бойы осы білім ордасының ұстаздар ұжымын басқарды.

Директордың оқушылар арасында беделінің өте жоғары болғандығын мектеп түлектері күні бүгінге дейін таңдана айтады. Ол 60 жасында шәкірттерімен бірге волейбол ойнап, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысушыларға, жеткіншектердің сабақтан тыс уақытын мазмұнды өткізуіне ерекше көңіл бөлетін. Бүгіндері 96 жасқа келген ардагер күн сайын жаяу серуендегенді ұнатады.

Өткен жылы отбасылық өмірлерінің 65 жылдығын тойлаған ерлізайыпты Павел Яковлевич пен Нина Андреевна өздері мәпелеп өсірген ұл мен қыздан үш немере, екі шөбере сүйіп отыр.

Ынтымағы жарасқан отбасыға қасиетті Петр мен Февронияның құрметіне тағайындалған “Махаббат пен адалдық үшін” медалінің берілуі де тегін емес.

Барлық саналы ғұмырын адамгершілік туын биік ұстауға арнаған, өмірдің ащы-тұщысын бір кісідей-ақ татқан Павел Барильченко: “Туған үйің мен Отаныңды сүю, елің үшін адал еңбек ету – міндетің. Адами және рухани қасиетсіз, дене шынықтыру қимылынсыз гүлденген қоғам құру мүмкін емес екендігін ешқашан естен шығармауымыз керек”, – дейді. Қарт майдангер, білікті ұстаз, сыйлы отағасы – сонысымен ардақты, сонысымен құрметті, сонысымен сыйлы. Осындай абзал азаматтың арамызда үлгі көрсетіп жүргені қандай жақсы?!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp