«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖҰМЫС ОРНЫМ – ЕКІНШІ ҮЙІМ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Мен 1979 жылдан бері жүргізушімін. Аталмыш кәсіпорында 1987 жылдан еңбек етемін. Ол кезде байланыс автобазасы болатын, ал 1996 жылы “Қазақтелеком” АҚ-ның филиалы болып құрылғаннан кейін көлік цехы аталды. Сонда осы кәсіпорындағы жұмыс өтілім – 26 жыл, – деп өзінің еңбек жолын қысқаша баяндап өткен Асылхан Жақсыбаев ұжымы мен мамандығына деген құрметін де білдірді:

– Бұл ортаға әбден сіңісіп кеттім. Еңбек ұжымым мен үшін екінші үйімдей. Әріптестерімнің бәрін жүзінен танимын, арамыздағы жылдар бойы қалыптасқан сыйластықтың арқасында еңбек етудің өзі көңілді.

4-ші разрядты жүргізуші Асылхан Едіресұлы облыстық телекоммуникациялар дирекциясының көлік цехында еңбек етеді. Үлкен кәсіпорынның ширек ғасырдағы қалыптасу кезеңі, қиыншылықтары мен қол жеткен табыстары оның көз алдында. Ол еліміз егемендік тұғырына көтерілген жылдардағы кәсіпорынның күйзелістерін де ұмытқан жоқ. Әрине, ондай кезеңдерде бірінші ауыртпалық еңбеккерлерге түсері сөзсіз.

– Ол жылдары еңбек атқарылып жатқанымен, жалақы төленбеді. Сондықтан кейбір жора-жолдастарым, әріптестерім коммерцияның жолына түсіп, мені де соған шақырды. Бірақ басқа салаға бет бұруға құлқым болған жоқ. Қиындыққа төтеп бере алмай, жұмыс орнын ауыстыру мен үшін ұят көрінді. Сондықтан болар, қиын-қыстау кезеңде де осы кәсіпорыннан қол үзбедім, – дейді.

Жиырмасыншы ғасырдың соңғы жылдары акционерлік қоғамның жағдайы түзеліп, тасы өрге домалаған сайын жұмысшылардың да ахуалы жақсарып, еңбекақылары өсіп, көңіл күйлері орныға бастады. Асылхан Едіресұлына екі бөлмелі пәтердің кілтін де аталмыш кәсіпорын әкімшілігі табыс еткен.

Компанияның қызметкерлері облыс аумағында байланыс зертханасын жүргізіп, монтаждау мен сандық стансалар орнату үшін жиі іссапарларға шығады. Солардың қатарында Асылхан Жақсыбаев та бар.

– Біз ұзақ жолды артқа тастап, белгіленген нысанға барамыз да, онда күн демей, түн демей еңбек етеміз. Боран мен жауын-шашынға қарамаймыз. Халықты байланыс желісімен уақтылы қамтамасыз ету үшін оның барлық жолдарын қарастырып, жұмысты сапалы атқаруға тырысамыз, – дейді Асылхан Едіресұлы.

Компания жүргізушілерінің көбі – бұрыннан еңбек етіп келе жатқан майталмандар. Мұндағы әріптестер бір-бірін танып қана қоймайды, сондай-ақ өз отбасыларымен де араласады. Оның үстіне компания әкімшілігі ұжымның басын жиі қосып, түрлі іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Сондықтан Асылхан Едіресұлының “Қазақтелекомды” өзінің екінші үйі санауы орынды.

СУРЕТТЕ: А. Жақсыбаев.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp