«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЯУДАҒЫ МЕЖЕ – 100 млн. ДАНА ЖҰМЫРТҚА “Алекри фирмасы” осындай бағыт ұстанып отыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар ауданының Якорь ауылында құс шаруашылығымен айналысатын “Алекри фирмасы” ЖШС 20 жылдық мерейтойын өткен жылы өндіріс орнында жаңа желінің іске қосылуымен атап өткендігінен газет оқырмандары хабардар. Сол күні ҚР Құс өсірушілер одағының мүшесі, “Аровит” фирмасының президенті Владимир Асташов серіктестік директоры Александр Прядкоға “Қазақстан Республикасы құс өсіру саласының Құрметті қызметкері” төсбелгісін табыс етсе, шаруашылық басшысы біздің таяудағы межеміз 100 млн. дана жұмыртқа дегенді сеніммен айтқан. Бұл мақсатқа да жақындап қалғанын соңғы бір жылдағы көрсеткіштері байқатқандай… 

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Александр мен Кристина есімді ұл-қызының қысқарған есімдерін болашақ фирмасына атау еткен Александр Прядко өзі қалап алған инженер-гидротехник мамандығы бойынша бір жыл ғана жұмыс істепті. Жастайынан іскерлігімен және белсенділігімен көзге түсіп жүрген Александр Федоровичті өзі туып-өскен Преснов ауданының комсомол комитеті қызметке шақырады да, бұл салаға қайтып оралмайды. Кейін облыстық комсомол комитетіне ауысып, соның қарамағында қызметтес жолдастарымен шаруашылық есепте жұмыс істейтін “Союз” учаскесін құрады. Кеңес өкіметі тарап, партия мен комсомол қызметкерлері жұмыссыз қалған кезде өз күндерін өздері көруге көшеді. Жастық жалыны тарқамаған жігерлі жастар бизнестің “әліппесін” осы кезде таниды, сауда-саттыққа ден қояды. Бұл нағыз кәсіпкерлік емес, былайша айтқанда, алып-сатарлық қана еді. Саудамен және делдалдықпен ғана қыруар қаржы жинап алуға болатын. Бірақ алып-сатудың ұзаққа бармайтындығын түсінген Александр Прядко кез келген экономикалық өзерістерге төтеп бере алатын өндірістік бизнеспен айналысуды алдына мақсат етіп қояды. Оның сәті ойламаған жерден түсті.

– Ол кезде ақшамен есеп айырысу деген аз болатын. Көбіне қайтарымға өздерінде өндірілетін тауарларды, қызмет түрлерін ұсынатын. Талғап жататын кез емес. Бергенін алуға тура келетін. Сондай жолмен айнаша жарқырайтын төсем шығаратын цехты иелендім. Кейін оны сауда орындарының жабдықтарын шығаратын өндіріс орнына айналдырдым. Бұл цехым күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұр. Құс шаруашылығымен айналысуға да осындай жағдай себеп болды, – дейді “Алекри фирмасы” ЖШС-нің директоры Александр Прядко.

Кезінде Александр Федорович Якорь ауылындағы “Северный” құс фабрикасына 500 тонна арпа берген көрінеді. Олар қолдарында бар тауықтың балапандарымен есеп айырысыпты. “Оның қажеті қанша?” – деген делдалға: “Бізден құс қорасын жалға ал да, балапандарды өсір”, – деп ұсыныс жасапты шаруашылығы шатқаяқтап тұрған құс фабрикасының басшылары. Александр Прядко құс шаруашылығымен айналысуға осылай кірісіпті. Оның пайдалы әрі болашағы зор іс екеніне бизнестің қыр-сырын түсініп үлгерген кәсіпкер аз уақытта көз жеткізеді. Өйткені, 2000 жылдың басында өңір өзіндік жұмыртқамен 30 пайыздай ғана қамтамасыз етілетін. Бұл кезде Бескөл құс фабрикасы ғана өз дәрежесінде жұмыс істеп тұрды. Тайынша ауданындағы “Баско” ЖШС-нің құс фабрикасы әлі салынбаған. “Северный” ҚФ тоқырауға ұшыраған. Атақты Петропавл бройлер құс фабрикасы құрдымға кеткен. Сондықтан тұтынушыларға қажетті өнім Қазақстанның басқа облыстарынан, тіпті, жақын шетелдерден делдалдар, алыпсатарлар арқылы ғана әкелінетін.

– Құс шаруашылығын қолға алғалы өндіріс орнын жаңғыртумен айналысып келеміз. Оған мемлекеттің қолдау көрсетуін оңтайлы пайдаланып отырмыз. Осы жылдар ішінде “Северный” құс фабрикасынан біртіндеп сатып алған 6 құс қорасын күрделі жөндеуден өткізіп, оларға мекиендер күтіміне арналған жаңа заманауи қондырғылар орнаттық. Жас құстарға арналған 2 қораны жаңадан салдық. Оларда қазір 500 мың бас асылтұқымды “Родонит” және “Хайсеко Браум” кросы өсіріледі. Жемазық цехының өндірістік қуатын екі есе арттырдық. Бұл күні онда бір сағатта 9 тонна жемазық өндіріледі. Құс сою цехы жұмыс істейді. Бір сағатта 500 бас құс союға мүмкіндігіміз бар, – дейді Александр Федорович.

Тауық қоралардан жұмыртқаларды автоматты тасымалдау және сұрыптау үшін германиялық “Lubing” фирмасының “Анаконда” жабдығын сатып алып, облыста бірінші болып орнатқан да осы серіктестік. Оны германдықтармен бірге украиналық “Техно” компаниясының мамандары құрастырып шығыпты. Енді қол күшімен атқарылып келген жұмыстар автоматты түрде іске асады.

– Құс кешенін қайта жарақтандыруға шаруашылық пен мемлекеттік жәрдемқаржыны қоса есептегенде барлығы 2,5 млн. АҚШ долларындай қаржы жұмсалды. Құс шаруашылығын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіп отырған Үкіметке айтар алғысымыз шексіз. Мемлекет тарапынан көмек болмаса, осыншама қыруар жұмысты атқара алмаған болар едік. Бүгінгі күні сатылатын әрбір жұмыртқаға 2,6 теңге көлемінде жәрдемқаржы беріледі. Осының бәрі еңбекті еселей түсуге жағдай жасап отыр, – дейді серіктестік директоры. Александр Федоровичтің айтуына қарағанда, өткен жылы 92 млн. дана жұмыртқа өндірілген, биыл бұл көрсеткішті 94-96 млн. данаға жеткізу көзделіп отыр.

Людмила Мухамедова басқаратын құс кешенінде Якорь, Ольшанка, Вознесеновка ауылдарының 56 тұрғыны тұрақты еңбек етеді. Жаз күндері олардың саны 70-ке жететін көрінеді.

– Мамандарымыздың бәрі білікті. Бас ветеринарлық дәрігер Любовь Марчук, зертхана меңгерушісі Екатерина Яцунова, жем-азық цехының операторлары Сергей Филиппов, Денис Егоров, құс өсірушілер Татьяна Черных, Татьяна Ольшанская, шеберлер Жеңіс Көңілдесов, Сергей Кулапин, Дмитрий Киричок, жұмыртқа қоймасының меңгерушісі Вера Ленц өз ісінің нағыз шеберлері саналады. Фабрикадағы орташа айлық жалақы 60 мың теңгені құрайды. 32 орындық асханамыз бар. Дина Байсейітова әзірлейтін кешенді дәмді түскі ас 100 теңгеден аспайды. Жұмыртқа мен құс еті өзімізде еңбек ететіндерге жеңілдетілген бағамен беріледі, – дейді құс кешенінің меңгерушісі Людмила Мухамедова.

“Алекри” фирмасы Ресейдегі Свердлов облысының құс фабрикасымен тығыз байланыс жасайды. Құс кешені соңғы жылы аталмыш кәсіпорыннан әкелінген асылтұқымды “Хайцексуайт” кросына басымдық беріп отыр. Оның қоңыр түсті жұмыртқалары сапалылығымен ерекшеленеді.

Фабрика өткен жылдан бері құстың туралған етін өндірумен де айналысады. Алдағы уақытта сертификатталған өнімді 2,3,5 килолық орамада шығаруды қолға алмақ.

– Құс кешенін қайта жабдықтауды аяқтап келеміз. Алдағы уақытта құс саңғырығын ұқсату арқылы электр қуатын алсақ па деген ойымыз бар. Жұмыртқа ұнтағын шығару да күн тәртібінде тұрған мәселе. Онымен Қызылжар өңірінде бірде-бір құс фабрикасы айналыспайды. Жұмыртқа ұнтағы облысымызға Қарағанды және Қостанай облыстарынан әкелінеді. Бұл жұмыспен жеке кәсіпкерлер, нақтырақ айтқанда, алыпсатарлар айналысады. “Бескөл құс фабрикасы” мен “Атай-СК” ЖШС-лерінің басшыларымен жұмыртқа ұнтағын шығаратын бірлескен кәсіпорын ашу жайлы ауызша келісіміміз бар. Арқаны кеңге сала бермей, соны енді нақты жүзеге асыруымыз керек. Өйткені, ол – тамақ өндірісіне, кондитерлік бұйымдар жасауға қажетті өнім. Сол мүмкіншілікті пайдаланғанымыз орынды, – дейді Александр Прядко.

Фабриканың өнімдері Қызылжар өңірінен басқа Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Степногорск сияқты қалаларға шығарылады. Сапалы өнімге сұраныс мол.

Кезінде “Северный” құс фабрикасына тиесілі 700 гектар егістік алқабы болыпты. Соған орай бизнестің жаңа түрін меңгере бастаған кәсіпкерге тілектес мамандар мыңдаған құсты азықтандыру үшін егіншілікпен айналысуға кеңес берген екен. Бұл саламен мүлдем айналысып көрмеген “Алекри” әкімшілігі жермен жұмыс істеуге алғашында жүрексіне кіріскен көрінеді. Қарызға алған ескі-құсқы техникаларды жамап-жасқап егін еккен, астық жинаған.

Жылдар өте егістік алқабын кеңейтіп, бүгінгі күні оны 7 мың гектарға жеткізіп отыр. Канадалық 3 себу кешені, 6 заманауи комбайны, шетелдік кең алымды жаткалары, топырақ өңдейтін құрал-саймандары жоғары өнімділікпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

– Біз негізінен бидайдың “Астана”, “Шортанды” және “Омбы-36”, арпаның “Кедр” сұрыптарын себеміз. Өткен жылғы қуаңшылықтың өзінде 20 центнерден өнім алдық. Астық негізінен құс кешенінің жемазығына жұмсалады. Оның өзі құс шаруашылығы мұқтаждығының 70 пайыздайын ғана қамтамасыз етеді. Фирмамызға әлі де кемінде 2 мың гектардай егістік алқабы қажет. Бұл мәселені Қызылжар ауданы әкімдігінің алдына қойып жүрміз. Осынау өзекті мәселе шешімін тапса, құс фабрикасын өзімізде өндіріліп, цехымызда ұқсатылған жемазықпен толық қамтамасыз еткен болар едік. Әзірше қосымша астық сатып алуға мәжбүр болып жүрміз. Соншама жерді игеруге фирманың күші толығымен жетеді. Техникаларымыздың бәрі жаңа. Егіншілікте ғана 35 адам еңбек етеді. Маман тапшылығы жоқ, – дейді директордың орынбасары Мәди Ыбыраев.

“Алекри фирмасы” ЖШС-нің облыс орталығындағы Жұмысшы кентінде бір тәулікте 3000 бөлке нан пісіре алатын наубайханасы да бар.

– Денсаулық сақтау, білім беру нысандарының тендерін жеңіп алғамыз. Өнімдерімізді негізінен сонда жөнелтеміз. “Алекри”, “Мечта” атауымен аталатын екі азық-түлік дүкеніміз бар. Фирмамызда барлығы 150 адам еңбек етеді. Олар орта есеппен кемінде 60 мың теңгеден айлық алады, – дейді серіктестік басшысы.

Серіктестік соңғы жылдары өңірлік, республикалық байқаулар мен жәрмеңкелерге үзбей қатысып келеді. Оған “Алтын сапа”, “Қазақстанның үздік тауарлары” байқауларынан алған дипломдар, Алғыс хаттар, сертификаттар дәлел. Олардың өзі фирма кеңсесінің екі қабырғасын алып тұр.

Осы жылдардағы жемісті еңбегі үшін серіктестік басшысы Александр Прядко “Ерен еңбегі үшін” медалімен, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің, ҚР Президенті әкімшілігі Басшысының Алғыс хаттарымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталған. Ол – Қазақстан Республикасы құс өсіру саласының Құрметті қызметкері.

Александр Федорович фирмада бас есепші болып еңбек ететін зайыбы Ольга Васильевна екеуі ЖШС-ге есімдері қысқартылып алынған Александр мен Кристина сынды ұл-қыз өсіріп отыр. Александр Англияда заң және халықаралық құқық бойынша білім алып, мамандығы бойынша еңбек етіп жүрсе, Кристина да Англияда маркетинг және жарнама кәсібіне маманданып жатқан көрінеді.

Бір-екі жылда 100 млн. дана жұмыртқа өндіру межесіне шығуды мақсат етіп отырған ірі фирма басшысы Александр Прядконың алға қойған жоспары көп. Соларды біртіндеп, фирмада еңбек ететіндер мен тұтынушыларға қолайлы болатындай қылып, іске асырып келе жатқандығы қуантады.

 

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp