«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

7 АЙДА 25 АДАМ жол-көлік оқиғаларында қаза тапты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық Жол полициясы басқармасында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен үстіміздегі жылдың өткен 7 айының қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты болып өтті. Оны басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі Сайлаубек Мусин жүргізіп, облыс аумағында жол-көлік оқиғаларына қатысты қалыптасқан жағдай жайлы егжей-тегжейлі баяндап берді.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Атап айтқанда, 7 айда 192 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Мұндай жағдайлардың салдары неге әкеліп соқтыратыны белгілі жайт. 25 адам қаза тапқан, жарақат алғандардың саны да аз емес – 248 адам. Дегенмен, бұл цифрларды өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырар болсақ, айырмашылық бары байқалады. 2012 жылы 210 жол-көлік оқиғасына жол берілген. 32 адамның өмірі қиылып, 251 адам әртүрлі дәрежеде дене жарақаттарын алған. Бұл жол-көлік оқиғаларының – 8,6 пайызға, адамдардың қазаға ұшырауының – 21,9 пайызға, ал дене жарақатын алғандардың саны 1,2 пайызға төмендегенін көрсетеді.

Облыс жолдарындағы апатты тұрақтандыру мақсатында Жол полициясы қызметкерлері ережені өрескел бұзатындарды ұстау және алдын алу жұмыстарын барынша тегеурінді жүргізуде. Жыл басынан бері облыс аумағында өткізілген “Қауіпсіз жол”, “Ауылдық жолдар”, “Қала сырты жолдары”, “Автобус”  жедел-алдын алу шаралары және “Жол үстінде қабылдау”, “Қауіпсіздік апталығы” акциялары соның айғағы.

Қолға алынған шаралардың арқасында көлік руліне мас күйде отыратындар тарапынан жол апатын жасау 26,3 пайызға, жаяу жүргіншілердікі – 14,9 пайызға, соның ішінде жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын оқиғалар 2,6 пайызға төмендеген.

Жол қозғалысын бақылау кезінде жол қозғалысы ережесін бұзудың 45037 фактісі анықталған. 15012 жүргізуші белгіленген жылдамдықты бұзса, 1549 адам көлік руліне спиртті ішімдік ішіп отырған. Сот органдарына әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде 2334 іс жіберілсе, 1280 құқық бұзушы көлік құралын басқарудан айыру сияқты әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ 458 жүргізуші әкімшілік қамауға алынып, 436 жүргізушіге ақшалай айыппұл салынған.

20-31 тамыз аралығы – “Абайлаңдар, балалар!” жедел-алдын алу шарасының бірінші кезеңі. Ал 2-5 қыркүйек аралығында – осынау шараның екінші кезеңі. Бұл жұмыс балалар арасында жол-көлік жарақатының алдын алуға бағытталған. Жыл басынан бері балалардың қатысуымен 32 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Өкінішке қарай, екі бүлдіршін қаза болған, 35 бала жарақаттанған. Жолаушылар көлігіне қатысты тіркелген оқиғалар саны – 7. Соның салдарынан 8 адам жарақат алған. Екі велосипедші де жол ережесін бұзып, жапа шеккен. Скутер жүргізушілер тарапынан 7 факті тіркелген болса, жарақат алғандар саны – 8 адам.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp