«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІМІЗДІҢ ДАМУЫНЫҢ БЕРІК ІРГЕТАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күлнәр МӘСІМОВА,

Петропавл қаласының

мамандандырылған әкімшілік сотының кеңсе меңгерушісі.

Жыл сайын 30 тамызда біздің мемлекетімізде Тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңы – Конституция күні аталып өтіледі.  

Еліміздің негізгі құқықтық құжаты болып табылатын Конституция – өзін демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекет ретінде жариялаған Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі. Байырғы қазақ жеріне қоныстанған Қазақстан халқы арасындағы сыйластық пен достық, бір-бірінің мәдениетін шын көңілмен қабылдаулары, мемлекеттік органдардың үйлесімді жүйесі, демократиялық қоғамның жоғары мұраттарына ұмтылысы – осының бәрі Ата Заңда көрініс тапқан.

Қазақстанда Конституцияның дамуы көп кезеңді және күрделі үдеріс болды. 1993 жылғы 28 қаңтарда Жоғарғы Кеңес қабылдаған Конституция еліміздің егемендігін қалыптастыруды аяқтады. Бұл Конституция Қазақстанды әлемдік қоғамдастықта тәуелсіз мемлекет ретінде жария етті. Бірақ бұл Конституция толық қадам жасай алмады, өйткені оны дайындау Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы кезінде басталып, Одақ ыдырағаннан кейін, тәуелсіз республиканың мемлекеттігін қалыптастырудың алғашқы кезеңінде жетілдірілген болатын.

Онда мемлекеттіктің сипаты, тілдердің мәртебесі, азаматтық және жерге қатысты мәселелер ашық қалпында қалды. Тіпті, сол 1993 жылдың қазан айында-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияны жетілдіру қажеттігі кезек күттірмейтін шара екеніне баса назар аударды.  

1995 жылы жалпыхалықтық референдумда еліміздің Ата Заңының қабылдануы азаматтардың өз қалауын еркін білдіруіне негізделген, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және мемлекеттік-құқықтық дамуының демократиялық қағидаттарын одан әрі табысты дамытуды айқындап берді.

Қазақстан халқы 1995 жылғы 30 тамызда референдумда қабылдаған Конституция өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Биліктердің бөлінуі шындыққа айналды, сот билігі жылдар өткен сайын нығайтылып, азаматтық қоғам қалыптасуда. Қазақстанның жаңартылған Конституциясы еліміздің одан әрі дамуы үшін берік іргетас қалады және ол ең алдымен азаматтардың еркіндігі мен құқықтарына кепілдікті күшейтуге бағытталып отыр. Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабына сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық болып табылады. ҚР Конституциясы адамның құқықтарын, еркіндігін және міндеттерін бекітеді.

Ата Заңда адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының негізгі талаптарына сәйкес басқа да баптары тіркелген. Олар: адамның өмір сүруге құқығын, жеке басының бостандығын, адамдық қадір-қасиетін сыйлауын, әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауын, өзінің және отбасының құпиясы болуын, өзінің ар-намысы мен абыройының қорғалуын, т.б. қарастырады.

Отанды қорғау, салықты уақытымен төлеу, тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен қамқорлық жасау, табиғат байлықтарына ұқыпты қарау – осының барлығы олардың өзі сияқты қоғамда өмір сүруге табиғи құқықтарынан туындайтын конституциялық міндеттер, Қазақстан халқы қабылдаған Конституцияны сыйлау. Адам құқықтары заңнамалық тұрғыдан алғанда жоғары деңгейде бекітілген.

Сот жүйесін дамыту – мемлекеттік маңызды басымдықтардың бірі. Сотпен қорғау кепілдігі туралы конституциялық ережелерді жүзеге асыру соттар қызметтеріне қажетті жағдай жасаумен тығыз байланысты.

Судья Конституция мен заңдарға тәуелсіз бола алмайды. Судья Конституцияның баптары және заңдарына сәйкес шешім қабылдап, оларды дұрыс қолдануға міндетті. Судьялардың сайлану және тағайындалу тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген кадрларды іріктеудің демократиялық қағидаларына жауап береді және судьялардың шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Судьяларды сайлау және тағайындау мәселелерінде Конституцияның қолданыстағы нормаларын өзгертуге әрекет етуге болмайды. Әр адамның білікті заңгерлік көмек алуға конституциялық құқығы бар.

Бүгінгі күні мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты, Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік соты, Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты, СҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты құрылды. Аталмыш соттар қажетті ғимараттармен, жабдықтармен және материалдық-техникалық құндылықтармен, мемлекеттік нышандармен, сот отырыстарын өткізетін залдармен қамтамасыз етілген.

Ата Заңымыздың 13-бабының 2-тармағында кепілдендірілген әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы Конституцияға және Конституциялық заңға сәйкес құрылған сот арқылы сот төрелігін жүзеге асырады.

Мамандандырылған соттар Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы №132-II “Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы” Конституциялық заңының 3-бабының 3-тармағында қарастырылған, Қазақстан Республикасы бірыңғай сот жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.

Мамандандырылған соттар Конституция талаптарынан туындайтын келесі сипаттарға ие:

1) мамандандырылған соттар жергілікті соттар ретінде Қазақстан Республикасының бірыңғай сот жүйесіне енеді;

2) олардың сот жүйесіндегі орны (облыстық немесе басқа жергілікті соттарға теңестірілуі) Конституциялық заңмен белгіленеді;

3) мамандандырылған соттардағы сот төрелігі азаматтық, қылмыстық және басқа заңмен белгіленген сот жүргізу формалары арқылы жүзеге асады;

4) мамандандырылған соттардың сотта қаралатын ісі заңмен белгіленеді;

5) мамандандырылған соттарда сот шешімдерін қайта қарау мүмкіндігі толықтай қамтамасыз етілген. Апелляциялық және қадағалау сатысындағы соттар ретінде тиісінше мамандандырылған соттар сияқты басқа да соттар, соның ішінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты да бола алады;

6) мамандандырылған соттардағы ұйымдастыру-құқықтық құрылым және сот төрелігін жүргізу адамның және азаматтың өз бостандығы мен құқығының сотпен қорғалуына, сонымен қатар баршаның заң және сот алдындағы теңдігіне, конституциялық құқығына нұқсан келтіру мүмкіндігін болдырмайтын заң нормаларына негізделеді.

Мамандандырылған соттардағы сот төрелегі барлық басқа соттардағыдай азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген сот өндірісінің басқа формалары арқылы жүзеге асады (Конституцияның 75-бабының 2-тармағы).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp