«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОС АКАДЕМИКПЕН ҚАУЫШУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,
журналист.

Жуырда облысымыздың Құрметті азаматтары атанған Ұлттық ғылым академиясының академиктері – Зейнолла Молдахметов пен Еренғайып Шайхутдинов Мағжан Жұмабаев ауданына арнайы келді. Оларды аудан әкімі Қайрат Пішенбаев бастаған мағжандықтар қарсы алып, құрмет көрсетті.

Чистов мектебінен түлеп ұшқан қос тарлан алдымен ауылға ат басын тіреді. Сыйлы қонақтарды жерлестері мектеп алдында қазақи дәстүрмен бауырсақ пен сары майдан дәм татқызып, қошеметпен қарсы алды. Сексеннің сеңгірінен асса да, ауыл тарихын, алғашқы ұстаздары мен сыныптастарының аты-жөндерін әлі де есінен шығармаған қос академик ауылдастарының хал-жағдайын сұрастырған соң жиналған жұртты әңгімеге тартты. Кездесу барысында олар өмірінің ең қызықты жылдары өткен өскен жерге арнайы келгендерін тілге тиек етті.  

Содан соң Зейнолла Молдахметұлы мен Еренғайып Мәлікұлы өздеріне үлкен өмірге жолдама берген мектепті аралап, оның жағдайымен танысты. Өзекті мәселелердің бар-жоғына қаныққан академиктер алдағы уақытта ұшқан ұяларына қолдан келгенше көмек беріп, қол ұшын созуға уәде берді. Ғалым ағалардың білім ордасы ұжымымен болған әңгіме арасында тоқсаныншы жылдары Чистов орта мектебіне жабылу қауіпі туғанда оның түлеп ұшқан алғашқы түлектері жиналып, бірлесе атсалысуларының арқасында аман қалғаны да сөз болды.  

Кездесуден кейін сыйлы ақсақалдар өздерімен бірге келген үрім-бұтақтарымен бірге ауыл сыртындағы зиратқа барып, аруақтарға Құран бағыштады.

Қонақтар түс ауа Булаево қаласындағы “Нұр Отан” ХДП-ның аудандық филиалы кеңсесінде өткен жиынға қатысты. Аудан әкімі Қайрат Пішенбаев Зейнолла Молдахметов пен Еренғайып Шайхутдиновқа салтанатты түрде “Мағжан Жұмабаев ауданының Құрметті азаматы” төсбелгілерін тапсырып, ленталарын тақты. Сондай-ақ иықтарына шапан жауып, естелік сыйлықтар табыс етті. Жерлестеріміз өз кезегінде Алаштың біртуар азаматы – Мағжан атымен аталатын ауданның ең жоғары марапатына ие болу өздеріне үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Қос академик көрсетілген зор қошемет үшін барша аудан тұрғындарына алғыстарын айтып, шынайы ризашылықтарын білдірді.

М.Жұмабаев ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp