«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒА ҰМТЫЛҒАН АЗАМАТ төрт ауылдасын жұмыспен қамтамасыз етті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылының тұрғыны Азамат Сейтуаров шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттің қайтарымсыз қаржысына қол жеткізіп, осыдан үш ай бұрын кірпіш және жолаяқ төсеніштерін шығаратын цех ашты. Өткен жылдың қазан айында облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына өзінің бизнес-жобасын ұсынған кәсіпкерге жыл басында республикалық бюджеттен 2 646 500 теңге грант бөлінді. Бұл мемлекеттің қолдау қаржысына 1 миллион теңге өз қаржысын қосып, ресейлік “Кондор-90-ТБ” өндіріс құрал-жабдығын сатып алған ол мамырда жабдықты іске қосып, төрт ауылдасын жұмысқа қабылдады.

Кәсіпкер өндірісті әртүрлі пішіндегі тас төсегіштерден бастаған. Бүгінде тауардың алғашқы легі сатылып, тұтынушылардың да қатары қалыңдай түскен. Ал бір айдан кейін өндіріс құрылғысының кірпіш шығаратын желісін пайдаланып, қызыл кірпіш шығаруды қолға алыпты.

– Тәулігіне 3500 кірпіш шығарамыз. Аудан нарығының сұранысын саралай отырып, осындай шешімге келдік. Аудан тұрғындары құрылыстарына қажетті кірпішті қаладан тасып, әлектеніп жүргенін көріп жүрміз. Сондықтан осы бағытты кеңірек дамытуды көздейміз. Біз өндірген кірпіштің бағасы сырттан әкелінген тауардан арзан. Кәсібіміз жаңадан басталып жатқандықтан, тауарды өткізуде қиындық бар, бірақ бұл – уақыт еншісіндегі мәселе. Бұл жобаның инновациялылығы сонда – шикізаттың құрамында су мөлшері аз, яғни кірпіш бір тәуліктің ішінде кебеді. Одан уақыт үнемделеді, сапа және өнімділік артады. Діттеген мақсатымыз ойдағыдай болса, аудан тұтынушыларының талабын орындай алатын кәсіпорын құрмақпыз, – дейді кәсіпкер.

Сондай-ақ ресейлік “Кондор” құрылғысының өзіндік артықшылығы – онда сапа көрсеткішін анықтайтын бағдарлама бар екен. Өндірілетін тауар мемлекеттік стандартқа сәйкес болу үшін өнімнің қоспасы тиісті мөлшерде сақталуы талап етіледі. Қоспаға шикізаттың біреуі сәл артық немесе кем салынса, “ақылды” станок жұмыс істемей қояды. Сондықтан одан шыққан өнім сапа жағынан еш күмән келтірмейді.

Өндірісті бір қалыпқа келтіру оңай емес, әрине. Мәселен, өнімнің қалай жасалатынына теориялық жағынан ғана құлағдар жігіттер бастапқыда шикізатты ысырап та қылған. Бүгінде қолдары үйреніп, машықтары жетіліп, кірпіш құюда алдарына жан салмайды.

СУРЕТТЕ: А. Сейтуаров.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp