«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАРЫНДЫ БАЛА – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күлжан ТӨКЕНОВА,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды
балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың
директоры, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің
Құрметті қызметкері, “Ыбырай Алтынсарин”
төсбелгісінің иегері.
Дарындылық – көпқырлы. Оны анықтау өте күрделі. Ол дәрігерлік-психологиялық және педагогикалық шаралар арқылы жеке тұлғаның болашақтағы табыстарын үздіксіз бақылау мақсатында жүргізіледі. Оқушы дарындылығының дамуы, қабілетінің ашылуы ұстаздың және мектеп басшыларының тұлғалық қасиеттеріне, кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Алдымызға қойған мақсатқа жету оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту, оқушының танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асырылады. 

Жас ұрпақты тәрбиелеуде, білім беруде мектептің өзіндік сара жолы бар. Мұғалім оқушының білімге құмарлығын оятатын басты тұлға болғандықтан, түбінде ғылымымызды көтеретін дарынды оқушыларды мектеп қабырғасында-ақ анықтап, бағыт-бағдар береміз. Ол үшін жыл басында облысымыздың әр жерінен келген оқушылардан дарындылықты анықтау тестін аламыз. Оларды жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарға бөлеміз. Мектеп дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеуде бәсекеге қабілетті, еркі, жігері, табандылығы, білімі мол, жаңашылдыққа бейім, жеке тұлғаны қалыптастыруды мақсат етеді. Білім ошағы “Деңгейлеп оқыту негізінде дарынды баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыру” проблемасымен жұмыс жүргізеді.

Үстіміздегі оқу жылында төрт бастауыш және 5-11-сыныпқа дейінгі 21 сынып-комплект болды. Оқу жылын 164 оқушы аяқтады. Білім сапасы – 82%-ды, үлгерімі – 100%-ды құрады. Барлығы – 52 мұғалім жұмыс істеді, 13 тәрбиеші, 21 сынып жетекшісі қызметін атқарды. Оның ішінде 28-і – жоғары санатты, 14-і – бірінші, 8-і – екінші санатты ұстаздар. “ҚР білім беру үздігі” – 2, “ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері” – 2, “Ы.Алтынсарин” белгісінің иегері – 1.  

Бүгінгі күні мектептің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, қазіргі заман талабына сай білім береді. Гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті, математика, физика, шет тілі пәндері тереңдетіліп оқытылады. Аудандардан келген оқушылар тұрып оқитын интернат бар. Онда балалардың сабаққа дайындалуларына, демалуларына барлық жағдай жасалған. Мультимедиалық, компьютерлік, информатика кабинеттеріне қоса 17 интерактивті тақтасы бар кабинеттер, қазақ тілі мен әдебиеті зертханасы, ғылыми-әдістемелік орталық жұмыс істейді. Бәрі де заманға сай оқу-құрал техникасымен, қажетті көрнекіліктермен, әдістемелік құралдармен жабдықталған.

Мұғалімдеріміз М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушыларымен бірлесе отырып жұмыс істейді. Нәтижесінде дарынды балаларға мектеп бағдарламасы тереңдетіле беріліп, балалармен жүйелі түрде жұмыс істеп, жақсы жетістіктерге қол жеткізудеміз. Бүгінгі күні дарынды балаларды іздеу, оларды оқыту мен тәрбиелеу қоғам үшін өте қажет. Әрбір талантты бала еңбекке бейім, шығармашылық тапқырлықпен жұмыс істейді. Дарынды оқушылардың көп болуы талапты, шығармашылықпен жұмыс істейтін ұстаздарға байланысты. Шығармашылықпен жұмыс істейтін ұстаз – теориялық жағынан білімді, әлемдік педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен дамытып жүрген үнемі кәсіби шеберлікке ұмтылатын, тәлім-тәрбие ісінен жалықпайтын, баланы өзіне тарта алатын, тәлімгер, шығармашылық ізденістегі адам. Білім ошағында осындай ұстаздар көптеп саналады. Мектеп ұстаздары жыл сайын облыстық әдістемелік нұсқаулар сайысының, “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізетін инновациялық педагогикалық идеялар фестивалінің және республикалық авторлық бағдарламалар сайысының жеңімпаздары.

Болашақ жеткіншектердің бойындағы қанына біткен қайталанбас дарынын аша білетін мектеп мұғалімдері де өз білімдерін “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалы СҚО педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтында Кембридж бағдарламасы бойынша жетілдіруде. Олар мұғалімдерді деңгейлеп оқыту және қайта даярлаудың жаңа жүйесі арқылы 3 айлық курста білімдерін тереңдетіп, көптеген технологиялардың қыр-сырын танып, заманауи сабақ үлгілерін өз тәжірибелерінде қолданып жүр. Әр мұғалімнің өзіндік авторлық бағдарламалары мен электрондық оқулықтары бар. Биылғы оқу жылында Астана қаласындағы “Дарын” ғылыми-практикалық орталығынан математика пәні мұғалімі А. Жәмалиева мен Ж. Байманованың “ҰБТ-ның жүз есебі” атты бірлескен оқу-әдістемелік құралы баспа бетінен жарық көрді. Құралға математика пәні бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуде кездесетін 2-ші және 3-ші деңгейдегі 100 есептің шығарылу жолы толық енгізілген. 25 жылдан артық еңбек өтілі бар тарих пәні мұғалімі А. Ахметтің “ҰБТ-ға дайындықтың интенсивті-аналитикалық жолы” атты еңбегін де айтпай кетуге болмайды. Бүгінгі күні ұстаздар ақпараттық-коммуникативтік, дамыта оқыту, ұжымдық оқыту, проблемалық оқыту, тірек сызбаларды қолдану арқылы перспективалық озып оқыту, В.Монаховтың, Ж.Караевтың модульдік, деңгейлеп оқыту технологияларын, оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту жобасын, интеллектуалдық дамуға мүмкіндік туғызатын басқа да интерактивті әдістемелерді кеңінен қолданады.

Оқу жылында мектепте тоғыз шеберхана жұмыс істеді. “ХЭБ – ел ырысы, ғасыр үні” (химия, биология, экология), “Ізгілік” (қазақ тілі), “Тарих және этнология” шеберханалары мен “Знаем русский” (орыс тілі) студиясына, тағы басқаларына 392 оқушы қатысып, білімдерін тереңдетті. Әр шеберхана өзінің жұмыс жоспарын жасап, әдістемелік бірлестікте талдап, сол бойынша жұмыс істеді.

Биылғы оқу жылы да мектеп үшін табысты аяқталды. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатын 59 түлек аяқтады. Халықаралық түрлі жарыстарға қатысып, өз білімдерін шетелдерде және өз елімізде көрсете білген 16 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылды. Оқушыларымыз халықаралық жарыстарда – 11, республикалықта – 25, облыстық жарыстарда 81 жүлделі орындарға ие болды. Жаңа оқу жылының басында гимназия-интернаттың 4 оқушысы, оның ішінде С.Есенғалиев, Б.Серіков, Т.Әлжан, А.Әбілқайыр Алматы қаласында өткен топтық астрономиялық турнирде екінші орын алды. Ақпан айында Москва түбіндегі Протвино қаласында Жоғарғы энергиялар физикасы институтының ұйымдастыруымен өткен сайыста А.Әбілқайыр бастаған топ “Жас физиктер” аталымы бойынша 25 команданың ішінде 1-орынды иеленді. Ө.Жолдасбеков атындағы механика және математика турниріне үш бала қатысып, жүлделі орындармен оралды. Тағы 6 оқушымыз: Б.Серіков, С.Есенғалиев, Б.Жаламан, Ә.Әбиева, С.Байғаскина, С.Көшкенов Байқоңыр қаласында өткен физика, биология, химия салалары бойынша халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары атанды. АҚШ-тың Хьюстон қаласында биология, экология пәндері бойынша ғылыми жарыстарға қатысқан А.Ахметова мен Х.Шәкірова, Швецияның Гетеборг қаласында өткен конференция қатысушылары Т.Серікбаев пен Д.Жақсылықова да құр алақан емес. Қазақстан мен шетелдердегі ғылыми жарыстарға қатысып жүрген ізденімпаз оқушыларымыздың ізін басып 2-3 жыл жоба жазып жүрген оқушыларымыз да бар. Олар 1-7-сынып оқушыларының “Зерде” зерттеушілік жұмыстары мен шығармашылық жобаларының республикалық кезеңінде жүлделі орынға ие болды. Біздің мектеп оқушыларынан құрылған облыс командасы республикалық “Бастау” математикалық турниріне бірнеше жылдардан бері қатысып, жүлделі орындар алып жүр.

Мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі отбасы тірегі, ел азаматы, ұлтының болашағы. “Болашақ” бағдарламасы бойынша АҚШ-та, Ресейде, Швецарияда, т.б елдерде 11 оқушымыз білім алып жатыр. Р.Нұрмағанбетов, Ж.Мейрам, К.Ташетов Ресейдегі Орел қаласында Үкімет байланысын қамтамасыз ететін академияда, М.Жақсылықов Украинаның Киев қаласында Жоғары әскери оқу орнында, Д.Көбегенов АҚШ-тағы Илиноис штаты ақпараттық технологиялар факультетінде білім алып жүрсе, М.Оспанов Ұлыбританияда, Лондон UCL магистранты.

Г.Шоқатова Астана қаласындағы Еуразия Ұлттық университетінің аймақтану факультетін тамамдап, Швецарияда білімін жетілдірді, қазіргі таңда Назарбаев Университетінде қызмет істейді. Д.Балтабаев ҚБТУ-ды аяқтап, Астана қаласында SC FOOD ТОО-да ірі қараны дамыту ісімен шұғылданады. Д.Мағзұм Еуразия Ұлттық университетінің экономика факультетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын тамамдап, Астана қаласында белді қызмет атқаруда, Ә.Байлин Жүргенов атындағы өнер академиясын аяқтап, бүгінгі таңда Алматы қаласында еңбек етуде. Міне, осындай түлектерімізді мақтан тұтамыз.

Білім беру саласының өзіндік жүйесі болады. Сол жүйені дұрыс қолданып, орнымен пайдалана білсек, алдымыздан талай дарынды шәкірттер шығатынына сенім мол.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp