«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ӨМІР САПАСЫНА ЖЕТКІЗЕТІН ЖОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл менің жасым жетпіс беске толды. Бұрынғылардан қалған “Алпысқа келгеннен ақыл сұра” деген ұлағатқа жүгінсем, менің де жас ұрпаққа айтарым бар екен. Әсіресе, еңбекті құрметтеуді, еңбек адамының беделін көтеруді қоғамымыздың жастарына өнеге тұтар едім. Осы ретте маған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” деген бағдарламалық мақаласы қозғау салып отыр.

Қырғыз МҰСАБАЕВ,
еңбек ардагері.

Анығында да, Елбасымыз қоғамда масылдықтың, өзгенің еңбегіне иек артып отырудың терістігінен сақтандырады. Ол әлеуметтік саясат бәсекеге қабілеттілікті арттырудың тура жолы екенін алға тартады. Бұл орайда ол бағдарламаны “Шындықты мойындайық: болашақта ХХІ ғасырда тек еңбек қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады” деп қорытындылады.

Мен осы жасымда өмірдің біраз өткелдерін бастан кешірдім деп айта аламын.

1937 жылы Октябрь аталған ауданның Ленин ауылында мұғалімнің отбасында дүниеге келіппін. Әкем Күзембай Мұсабаев қазіргі Шал ақын ауданының Жаңажол ауылында туған. Кейін Қызылжардың педагогикалық техникумын қызыл дипломмен тауысып, әуелі бүгінгі Есіл ауданының Мектеп ауылында ұстаздық еңбекті бастап, артынан мен туған ауылда мұғалімдік қызмет атқарыпты. Ел басына күн туып, ер етегімен қар, етігімен су кешкен шақта соғысқа алынып, Смоленск майданында қаза тапты. Анам Нұрғиза қиын күндерде бел жазбай еңбек еткен еді. Ол 1963 жылы алпыс жасында қайтыс болып, мен жиырма алты жасқа келген кезімде тұл жетім атандым.

Ол кезде майдангердің балалары интернатқа орналастырылатын. Осы бұйрық бойынша мен де бастауышты Жаңажолда оқысам да, артынан Лениндегі интернаттан орын берілді. Жастайымнан журналистикаға үйір едім. 1950 жылы жетінші сыныпта оқып жүргенімде-ақ Жаңажол ұжымшарының басқарма төрағасының тапа тал түсте буаз биені пышаққа ілектіріп, талапайға салғанын “Ленин туы” газетінде шығарған едім. Содан кейін де бірнеше мақалаларым осы басылымда жарияланып тұрды. Сондықтан 1956 жылы орта білім алған соң журналист болу арманымен Алматыға аттанғанмын. Алайда, сонда ауруға шалдығып, туған жерге оралуға тура келді.

Бірақ күнкөрістің қамы қол қусырып отыруға мұрша бермеді де, Совет аудандық комсомол ұйымына келіп, нұсқаушылық қызметке кірдім. Оны місе тұтпай, осындағы кешкі мектепте де ұстаздық еттім. Жоғары білім алмағаным қинай берді де, 1957 жылы қазіргі академик М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жаратылыстану-жағырапия факультетіне оқуға түстім. Ол кездегі қиындықтарды айтпаңыз, нәпақа, күн көру үшін қыста да, жазда да еңбек етіп, қаражат табуға тура келді. Сөйтіп жүріп, 1962 жылы биология-жағырапия мамандығы бойынша жоғары білім алдым.

Содан 1999 жылы зейнет демалысына шыққанша, Есіл ауданының Николаевка орта мектебінде ұстаздық еттім. Зайыбым Роза Шәкенова да – ұстаз. Қайын атам Шәкен Жолтаев “Ленин” орденді мұғалім еді.

Менің ұстаздық еңбекті таңдауыма өнеге көрсеткен аяулы азаматтар ықпал етті десем, артық айтқаным емес. Балгерлері мен бақсылары көп, алайда дәрігері жоқ ауылда өстім. Ауылдың ол кездегі зиялылары ұстаздар еді ғой. Біздің Ленин мектебіне кілең ғибратты ұстаздарды әдейі іріктегендей көрінетін. Алайда, солардың ішінде менің былайғы өміріме елеулі шамшырақ болған мұғалімім Мисалым Садықова болды. Ол кісінің нағыз анаға тән аяушылығын өмір бойы есімнен шығара алмаймын. Өйткені, 5-6-сыныптарда оқып жүргенімде көз ауруына шалдықтым да, жанарымды аша алмай, жазу-сызудан қалдым. Ауыл қазақтары “Білгір” деп атап кеткен ұлты неміс, атақты жазушымыз Герольд Бельгердің әкесі Карл Федорович дәрілерін беріп емдесе де, асқынған ауру жазыла қоймай, әлекке түсірді. Осыны байқаған және бойым шағын болғандықтан, үлкен партаға жайғаса алмайтынымды аңғарған Мисалым тәтей өзінің үйінен жастығын әкеліп, астыма төсеп отырғызды және маған грамматиканы тереңдетіп оқыту үшін мектепке әдеттегіден бір сағат ерте келетін. Қайсыбірін айтарсың, нағыз ұстаздық еңбектің өнегесін осы мейілінше парасатты, әрі білімді жаннан үйрендім.

Ал есейіп, ұстаздар қауымына қосылғанда шынайы еңбек етудің өнегесін атақты Асқар Игібаевтан алдым. Ол қырық жылдан аса уақыт бойы Николаевка орыс-қазақ мектебін мінсіз басқарды. Мен 2008 жылы шыққан “Өмір-өзен” деген кітабымда Асекең жайлы: “… ұрпақ тәрбиесімен өмір бойы айналысқан, айналасындағыларға шындықты жайып салатын, үлкенге де, кішіге де мейіріммен қарайтын, тіршіліктің мағынасы тек халыққа қызмет етуде деп білетін, қолдан келгенше жұртқа жақсылық жасауға дайын тұратын ұстаз Асқар Игібайұлы шынайылықты жаны сүйетін ұстаз” , – деп жазған едім.

Білімдарлығы, таным-пайымы өте жоғары. “Ленин” орденді Асқар аға “қыз мінезді”, тұлғасы қандай көркем болса, жаны да мөлдір еді. Осы мектепті үздік тамамдаған оқушылардың арасында есімдері Қазақстанға ғана емес, КСРО-ға белгілі ғалымдар, қолбасы ( Абай Тасболатов) бар.

Ол менің өзімнің сабағыма даярлығыма ғана емес, облыстық “Ленин туы”, “Ленинское знамя” газеттеріне жазған үлкенді-кішілі мақалаларыма риза болып, әсіресе, табиғатты қорғауға, экология мәселелеріне арналған эсселерімді үнемі сүйсіне оқып, еңбекқорлығымды құрметтеп отыратын. Осы ретте кейбір марапаттарымды айта кетсем, артық болмас деп ойлаймын. Мысалы, 1958 жылы республика еңбекшілеріне егін жинасуға және мемлекетке астық тапсыруға қосқан үлесім үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталсам, 1972 жылғы сәуір айында социалистік міндеттемелерді орындаудағы табыстарым және қоғамдық өмірге белсене қатысқаным үшін есімім облыстың Құрмет кітабына жазылды. Ал ұстаздық істегі марапаттарымды тізіп шығуды артық санап отырмын. Осының бәрі – адал еңбектің жемісі.

Айта берсем, талай ізгі адамдар маған зор өнеге көрсетті. Солардың ішінде Петропавлдың К. Ушинский атындағы педагогика институтын ұзақ жылдар басқарған әрі ғалым, әрі қаламгер марқұм Қанаш Шәкенов, осы институтта қызмет еткен профессор, ботаник Кирилл Малютин, ұстаз Александр Зенченко қандай ғибратты жандар еді десеңізші?!

Мақаламды ұлы Абайдың еңбекті ардақтауды үйреткен мәнді қарасөзімен аяқтауға ниет қойып отырмын. Бұл – отыз сегізінші, және де осы ғақлияларының ішіндегі ең ұзағы. Осы ғибратында кемеңгер былай деп толғанады: “Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің…

…Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp