«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАБЫС КӨЗІН ТАПТЫ, тәуекелге бел буып

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тайынша ауданында “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы бойынша алғашқы болып несие алуға бел буғандардың бірі – Виктор Мушкет. Ол 14 миллион теңге көлемінде несие алып, көліктерге техникалық бақылау жүргізетін жылжымалы станса ашты.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бұл стансаның бір басымдығы, ол жылжымалы қызмет көрсетеді. Яғни, жылжымалы техникалық бақылау стансасы белгілі бір ауылға немесе ауданға өздері барып, жергілікті жерде қызмет көрсетеді. Жылжымалы техникалық бақылау стансасы Тайынша қаласында тіркелген. Олар Тайынша ауданына қарасты елді мекендерден басқа, Ақжар, Уәлиханов, Аққайың, Мағжан Жұмабаев аудандарында техникалық бақылау жүргізуге құқылы. Техникалық бақылау автокөліктердің қандай меншік түріне жататынына қарамай өткізіледі.

– Біздің қай ауылға немесе ауданға қашан шығатынымыз Солтүстік Қазақстан облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының келісімі бойынша жүзеге асады. Демек, біздің жұмыс кестеміз аталмыш орган арқылы реттеліп отырады, біз сол бойынша қызмет көрсетеміз. Автокөлік техникалық бақылаудан өткен кезде белгілі көрсеткіштер (рөлі, негізгі тежегіш жүйелерінің, басқа да тетіктерінің ақаусыз болуын тестілеу) бойынша тексеріледі. Ол көрсеткіштер Ресейден сатып алынған бағдарламалық қамтамасыз етуге қосылған тестілеуді өткізетін қондырғылар арқылы анықталады. Барлық қондырғылардың мәліметтері автоматты түрде бағдарламалық жүйеге беріліп, диагностикалық картаға енгізіледі. Онда көрсеткіштердің барлығы орналастырылған. Сол бойынша автокөліктің техникалық бақылаудан өткен-өтпегені анықталады. Бізден техникалық бақылаудан өткен автокөлік иелерінің аты-жөндері күн сайын онлайн режімінде электрондық базаға енгізіледі. Бұл базаны кейін мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері өз жұмыстарында пайдалануларына болады, – дейді техникалық бақылау стансасының басшысы Виктор Мушкет.

Виктор Александровичтің айтуынша, қандай да бір көрсеткіштер бойынша автокөліктері техникалық бақылаудан өтпей қалғандар 10 күннің ішінде оның ақауын жөндетіп, қайтадан келеді. Екінші рет келгенде біз оның ақауы бар тетігін ғана тегін тексереміз. Егер оған берілген 10 күн мерзімі асып кетсе, онда заңнамаға сәйкес белгіленген тарифтер бойынша қайтадан ақы төлейді. Техникалық бақылау көрсету құны әртүрлі, яғни автокөліктің маркаларына қарай белгіленеді. Мәселен: жеңіл автокөліктер – 3 мың, жүк машиналары мен автобустар – 5 мың, тіркемелер 1,5 мың теңгеден басталады.

– Жеке кәсіпкер ретінде өткен жылдың сәуір айында тіркелдік. Қондырғыларды желтоқсан айында алдық. Біз маусым айында ғана толық жұмыс істедік, жұмысшылар қолдарына 35 мың теңге еңбекақы алды. Алғашқы айлардағыдай емес, ісіміз бір ізге түскен сияқты. Біздің аумақта техникалық бақылау жүргізетін орындар жеткілікті болғандықтан, қосымша стансалар ашу тиімсіз. Сондықтан бұл бағыттағы кәсібімді одан әрі кеңейтем деп айта алмаймын. Дегенмен, алға жоспарлаған істер көп. Қыста ашық алаңда жұмыс істеу қиын, сондықтан бірінші кезекте гараж салу ойымызда бар, – дейді жеке кәсіпкер.

“Мушкет” ЖК-да 4 адам жұмыс істейді. 2 оператор тікелей техникалық бақылау жүргізілетін автокөліктерді тестілеуден өткізсе, тағы біреуі компьютерде бағдарламалық қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізеді. Төртінші жұмысшы – жылжымалы кранның жүргізушісі. Виктор Александрович техникалық бақылау жүргізетін аумақты жалға алып отыр.

– Меніңше, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы жемісін беретін игілікті іс. Мен 14 миллион теңге көлеміндегі несиені 5 жылға 14 пайыздық үстемемен алдым, оның 7%-ын мен төлесем, қалған 7%-ы “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ арқылы өтелмек. Бұл мен сияқты кәсібін жаңа ашқан адам үшін өте үлкен жеңілдік. Қазір қарызымды төлей бастадым, – дейді жеке кәсіпкер.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp