«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕСКӨЛДЕН ШЫҚҚАН ВУНДЕРКИНД ДАРХАН бүгінде елордада еңбек етіп жур

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дархан Нұрахметов – 14 жасында орта мектепті бітіріп, 18 жасында екінің бірі түсе бермейтін Мәскеу мемлекеттік университетін тамамдаған солтүстікқазақстандық өрен. Ол вундеркинд, яғни таңғажайып тұлға. Туабіткен талантымен талайды тамсандырған жерлес жігітпен сырласудың сәті түсіп, оның бүгіні мен ертеңі жайында сұрап білдік.

– Дархан, кезінде бір жылдың ішінде бастауыш сынып бағдарламасын меңгеріп, жұртты таңғалдырған едіңіз. Өзіңіз жайында қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– Алдымен менің зеректігімді, үйренуге талпынысымды кішкентайымнан байқаған ата-анам 2-3 жасымда әріптерді үйретуді қолға алған. Ал мен бәрін де бірден қағып алыппын. Үш жасымда “Әлем елдері” атты кітапты бүге-шігесіне дейін біліп, әлемнің астаналарын жатқа айтқан екенмін. Оны өзім білмеймін, кейін айтқан әңгімелерден естідім. Бес жасымда емін-еркін кітап оқып, математиканың негіздерін үйрендім.

1998 жылы ауыл мектебіне барар кезімде анам аттестаттау коммисиясын шақыртып, менің білімімді тексерткен. Сөйтіп, 6 жасымда бірінші сыныпты аттап өтіп, бірден екінші сыныпқа бардым. Алғашқы екі жылдың ішінде бастауыш сыныптардың бағдарламасын толықтай меңгеріп шыққан екенмін. Яғни, алғашқы оқу жылы – 1, 2, 3, ал келесі жылы 4 пен 5-сыныптарды бітірдім. Ал содан соң 8-сыныпқа дейін жұрт қатарлы оқыдым. Оқу еш қиындық туғызған жоқ. Бір жылдың ішінде бастауыш мектептің бағдарламасын еркін меңгеріп, қалған үш сыныпты кілең беске оқыдым. Әсіресе, нақты ғылымдарға бүйрегім бұрып тұрды. Кейін ата-анам жолдың қашықтығына қарамастан, мені облыс орталығындағы Бірінші қалалық жалпы білім лицейіне ауыстыруды жөн көрді. Оны 2006 жылы “Алтын белгімен” бітірдім.  

– Жасы өзіңізден үлкен балалармен оқу қиынға соққан болар.

– Әрине, өзіндік қиындықтары болды. Мәселен, сыныптастарымның оп-оңай білетін кейбір дүниелерін мен бастапқыда ұға алмаған кездерім жиі болғаны рас. Оның үстіне бәрінің де менен жасы үлкен, дене бітімі мықты. Ал бала болған соң алысып-жұлысып ойнамай қоймайсың. Бірақ, бәрібір, сол мектеп пен сыныптастарым маған әлі күнге дейін ыстық.

– Адам өмірінің ең қымбат кезеңі балалық шағы ғой. Ал сіздің балалық шағыңыз қалай өтті?

– Өзге балалар сияқты мен де далада доп қуып, аяқкиім тоздырдым. Үйдің ең кенжесі болғандықтан, ерекше көңіл аударылды. Дегенмен, сабағымды ұмыт қалдырмай, ата-анамның, ұстаздарымның сенімінен шығуға тырыстым.

– Мектепте жүрген кездері қаншалықты белсенді болдыңыз? Пән олимпиадалары мен ғылыми жоба сайыстарына қатысып отырдыңыз ба?

– Оқушы кезімде ең сүйікті ойындарымның бірі шахмат болды. Аталмыш ойын түрі бойынша аудан және облыс деңгейінде өткен додаларда мектеп намысын абыроймен қорғадым деуге болады. Сондай-ақ математикамен әуестеніп, мектеп, аудан және облыстық пән олимпиадаларына қатысып жүрдім.

– Айтқандай, отбасыңызға тоқталып өтсеңіз.

– Иә, ата-аналарым жоғары білімді жандар еді. Анам – қазір Бескөл орта мектебінің директоры. Қызмет өтілін бастауыш сыныбының мұғалімі болып бастаған анашым кейін бірнеше жыл аталмыш оқу ордасы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Әкем ғылым кандидаты болған. Тек тағдырдың жазуымен 2003 жылы өмірден өтті. Ал әпкем Англияда білім алған. Қазіргі уақытта Астана қаласында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жұмыс істейді.

– Мектепті қалай және қанша жасыңызда бітірдіңіз? Одан кейінгі өмір жолыңыз қалай қалыптасты?

– Мен Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейін 2006 жылы 14 жасымда бітірдім. Барлық пәндерді кілең беске аяқтадым. Одан кейін ойлана келе таңдауым Мәскеу мемлекеттік университетіне түсті. Себебі, аталмыш оқу орны – ТМД-дағы үздік университеттердің бірі. Сонымен бірге қосымша білім алуға тырыстым. Атап айтқанда, 2009 жылы Мәскеу қаласындағы “Capital invest” компаниясында “Валюта нарығының негізгі сараптамасы” курсын, Петропавл қаласында компьютерлік біліктілікті арттыру курсын тамамдап үлгердім. 2009 жылы Астана қаласында бағдарламалау бойынша 3 деңгейлі дипломға қол жеткізіп, студенттер, аспиранттар және жас мамандардың XVII “Ломоносов – 2010” халықаралық конференциясына қатыстым.

Мәскеуде төртінші курста таңдаған дипломдық жұмысымның тақырыбы “Адами капитал – микро және макроэкономикалық аспектілері” болды. Оны сәтті қорғап, 2010 жылы 18 жасымда экономика бакалавры атандым.

Алтын уақытым босқа кетпесін деп дәл сол жылы магистратураға құжатымды тапсырып, өткен жылы жиырма жасымда экономика магистрі атандым. Жоғары оқу орнында білім алған тұсымда біраз қиындық болды. Бірақ “Алынбайтын қамал жоқ” демекші, бәрін де еңсердім. Сол кездерді, сол ортаны қазір қатты сағынып, ерекше ықыласпен еске аламын.

Күнделікті оқудан бөлек күрес, үстел теннисімен әуестеніп, спорттық шаралардан қалыс қалмайтынмын. Қолым бір сәт босай қалған уақытта нейрохирургия, биология, анатомия сияқты медицина тақырыбындағы кітаптарды және психология мен социология бойынша оқулықтарды жиі оқығанды ұнатамын. Студенттік кезімде экономика мен қаржы мәселесі бойынша жазған материалдарым бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырды.

– Жас маман атанған соң айым оңынан туды деп айта аласыз ба?

– Әлбетте. Мәскеуден елге оралған соң еңбек жолымның алғашқы қадамын Астана қаласында бастадым. Бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектебінде және Астанадағы “Педагогикалық өлшемдер орталығында” экономикалық статистикамен айналысып, экономикалық ақпараттық статистика мен психометрикалық сараптама жасаймын. Одан бөлек, экономика, бизнес-жоспарлау мәселесі де менің мойнымда.

– Алла берген дарынымды толық аша алмай, үлкен атақ-мансапқа жете алмадым деп өкінген кезіңіз болды ма?

– Жоқ, ондай ой мүлдем болған емес. Экономика саласынан өз орнымды тапқаныма еш өкінбеймін. Осы салада әжептәуір табысқа жеткенім үшін әр уақытта жанымда болып, қолдау білдіріп жүрген ата-анам мен ұстаздарыма мың алғыс айтамын. Бірақ жеткен жетістікпен шектеліп қалмай, өзге салаларда да күшімді сынамақ ойым бар. Бірақ ол – алдағы уақыттың еншісінде.

– Алға қойған мақсаттарыңызбен бөліссеңіз?

– Алдағы уақытта өмірлік жарымды тауып, жеке отбасымды құру жоспарымда бар. Тағы бір мақсатым – шетелде экономика бойынша білімімді жетілдіріп, ғылым докторы атану.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp