«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДИІРМЕНІ БАР ЕДІ, енді наубайхана ашты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өндірісті жаңаша ұйымдастыруды тиянақты қолға алған Шадид Сельмурзаевтың басшылығымен 1998 жылы негізі қаланған “Сельмурзаев” ЖК диірмені астық тұқымын сатып алады және өңдейді. Бүгінде аталмыш кәсіпорында жаңадан ашылған наубайхана да халықты дәмі тіл үйірер өнімдерімен қуантпақ. 

Гүл НҰРАЛИНА,  

журналист.

Бүгінде “Сельмурзаев” ЖК-і және “Беркат” ЖШС-і құрамына диірмен зауыты мен наубайхана және қазақтың ақ бас сиырын өсіретін шаруашылық кіреді.  

Көптеген жылдар бойы аталмыш кәсіпорын аудандағы ауылшаруашылық құрылымдарымен тығыз қарым-қатынаста. Диірменге қажет шикізатты жеткізушілер қатарында “Габдуллин”, “Тайынша-Агроном” ШҚ, “Южное” ФҚ және “Қаратомар” ЖШС-і бар.

Шадид Шахидұлының айтуынша, кәсіпорынның табысты жұмысы ең алдымен ұжымдағы адамдарға тікелей байланысты. Олардың арасында үлкендермен қатар, кейінгі толқын жастар да баршылық. Кәсіпорында еңбек ететіндердің басым бөлігі – нәзік жандар. 2 ауысымда 6 адам жұмыс істейді.

Наубайхана құрылысы “Сельмурзаев” ЖК диірмен зауытының аумағында осыдан үш жыл бұрын басталған болатын. Әрине, өндірістік техниканы заман талабына сәйкестендіру – бүгінгі күннің талабы. Сондықтан кәсіпорын биыл наурыз айында наубайхана жұмысына қажет құрал-жабдықтармен жабдықталу мақсатында қостанайлық “Атико агро” фирмасымен келісімшарт жасасқан екен. Нәтижесінде ресейлік “Восход” және италиялық “Вителла” фирмаларының заманауи техникалары сатып алынған. Наубайхананың жобалық қуаттылығы тәулігіне 5000 өнім бірлігіне есептелінген. Әзірше кәсіпорында 1500 дана көлемінде 5-6 түрлі нан өнімдері пісіріледі. Күнделікті шығарылатын өнім сұраныс мөлшеріне сәйкес дайындалады. Бұл – тауардың ысырап болуына жол бермеудің тәсілі. Алдағы уақытта аталмыш кәсіпорында дайындалатын нан өнімдерінің ассортиментін кеңейте отырып, сапаны сақтап қалу мақсаты көзделіп отыр.  

Бүгінгі нарық заман ағымына сай өнім өндіруді талап етеді. Қазір өндіріс көлемі шағын болғанымен, сапаның сақталуы әрдайым бақылауда.

Шадид Сельмурзаев әлжуаз жандарға көмек көрсетуді өзінің азаматтық борышы деп санайды. Егде адамдарға және ардагерлерге қамқорлық көрсету – кәсіпорын жұмысындағы басты басымдықтардың бірі болып табылады.

Тайынша қаласы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp