«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕМЕЛ ДЕ ӨМІРШЕҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні еліміздің маңызды қоғамдық-саяси оқиғаларының бірі болып табылады. Өйткені, Конституция – халықтың мүддесін көздейтін біртұтас мемлекеттік биліктің президенттік нысанын орнықтырған Қазақстан Республикасының Негізгі Заңы.

Нұрғазы ӘБДІҚАНОВ,

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы.

Қазақстандағы Конституциялық құрылыстың 18 жылдық тәжірибесін сараптай келе, Ата Заңымыз өзінің кемелділігін, өміршеңдігін және әлеуеті әлі де сарқылмағанын атап өтуіміз керек.  

Қазақстан Конституциясында белгіленгеніндей, адамның құқықтары мен бостандығы тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады. Негізгі Заң әрбір адамның құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауына кепілдік береді.

Сот жүйесі мемлекеттің басты құрамдас негіздерінің, әлеуметтік, экономикалық және саяси жаңғыру жолында елдің демократиялық дамуының тетіктерінің бірі болып табылады.

Соңғы жылдары сот құрылымы мен сот ісін жүргізу, судьялардың құқықтық және әлеуметтік мәртебесі, олардың тәуелсіздігіне кепілдікті нығайту мәселелерін регламенттейтін соттар қызметінің заңнамалық негіздерін қалыптастыруға қатысты бұл жүйеге көптеген реформалар мен жаңалықтар енгізілді.

Қазіргі уақытта сот билігі биліктің барлық қажетті атрибуттарына ие болып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамды әлеуметтік қақтығыстардан сақтауға қабілетті, елімізді тұрақтандырушы күшке айналып отыр. Сот билігі басқа органдар мен тұлғалардың іс-әрекеттері мен шешімдерінің заңға сәйкестілігін тексеру құқығын иеленіп қана қоймай, сонымен бірге нормативтік актілердің құқықтық мазмұнын бақылауды жүзеге асырады.

Сот билігінің органдары туындаған дау-дамайларды шындық тұрғысынан, жан-жақты және әділ қарастыруын, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуі үшін барлық жағдай жасалғанын сенімді түрде айта аламыз. Осылайша бүгіндері Қазақстанда көбіне-көп құқықтық мемлекеттің талаптарына жауап беретін және өзіне жүктелген міндеттерді орындауға қабілетті толыққанды сот жүйесі құрылған.

Конституцияны бұлжытпай басшылыққа алу – мемлекеттің ойдағыдай дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Конституция – құқықтар жүйесінің негізі. Ал тәртіп пен бостандықтың негізі – құқық. Құқық жүйесінің шеңберіндегі бостандық дегеніміз – мемлекет тарапынан азаматқа және оның мүмкіншіліктеріне сенім көрсету, оның ой-пікіріне құрмет таныту. Конституция қазақстандықтардың өз құқықтарын пайдалануына және сонымен бірге заңды құрметтеуіне мүмкіндік береді. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp