«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КУРСТАРДЫ ТАМАМДАҒАН ҰСТАЗДАР – ЖАҢАША ИДЕЯНЫ ҰСЫНУШЫЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бақыт НҰРЫШЕВА,

“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ  
“СҚО педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты” филиалы
деңгейлік бағдарламалар орталығының
жаттықтырушысы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында бүгінде Қазақстандағы білім саласы қарқынды дамып келеді, мектептерде білім сапасы артуда. Білім сапасын арттырудың негізгі тетігі – ұстаз, сондай-ақ оның теориялық білімі мен кәсіби шеберлігі, шығармашылық қызметі. Жас ұрпақты жан-жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейі жоғары етіп қалыптастырудың бірден-бір жолы – оқушыға білімді терең игертудің тиімді әдіс-тәсілдерін іздестіру, шығармашылыққа жетелеу. Бұл ретте мұғалімнің терең біліктілігі қажет. Бүгінде Қазақстанның білім саласы дамуындағы игі істердің бірі – біліктілікті арттыру курсының деңгейлік бағдарламасының енгізілуі. 2012 жылдан бергі аз уақыт ішінде облысымызда аталмыш бағдарламаны 670 мұғалім сәтті аяқтап, шәкірттеріне жаңаша сабақ беріп, жеке тұлғаның қалыптасуына әр мұғалім өз үлесін қосуда. Осы курсты тамамдаған ұстаздар қауымы сабақ берудің жаңаша идеяларын өз тәжірибесіне енгізе отыра қазақстандық білім жүйесін тағы да бір қадам алға көтеруге септігін тигізе алды деп айтсам, артық болмас. Атап айтсақ, ол оқушыға қалай оқу керектігін үйрету, яғни келешекте “тәуелсіз, өзін-өзі ынталандырған, сенімді, жауапкершілігі мол, сыни ойлай алатын және сандық технологияларда құзыреттілігі мол” тұлға қалыптастыруға бағытталған. Осы орайда мұғалімдер біліктілікті арттыру курсының деңгейлік бағдарламасы аясында кәсіби білімдерін арттырып, шыңдай алды және өз тәжірибелерінде зерттеп, нәтижелерін көруде.

Бірақ қандай да жаңаша бастама болсын, оның жақсы нәтижелерімен қатар түйінді тұстары да болады. Осы 1 жыл уақыт ішіндегі тәжірибе барысында оқу үдерісінде кездескен өзекті мәселелерге тоқтала кетсем: ең алдымен – кейбір мектептердің материалдық базасының төмендігі. Бұл мәселе келешекте шешімін табады деген сенімдеміз. Бірақ, өкінішке қарай, керісінше, материалдық-техникалық базасы жақсы деңгейдегі мектептерде оны өз тәжірибесіне қолдана алмайтын ұстаздар да бар.

Үшінші базалық деңгейлі сертификаттары бар кейбір мұғалімдер бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі сабақтарын қайта беріп, жаңаша сабақтарға дайындыққа уақыттың жетіспеушілігі деген себеп табуда. Бұл үш ай бойы оқыған, еңбектенген жұмысының зая кетуі деп білемін. Ескі сүрлеуге түсу өте оңай, ал жаңашылдыққа ұмтылу, ол үшін іздену, әрине, қиын. Басым ұстаздар қауымы бір таңдап алған сыныпта ғана жаңаша сабақтар беруде. Оған себеп, мысалы: парталарды қозғау, сыныптағы шу, әкімшілік тарапынан ескертулер, т.б. Осындай шешімі табылмаған мәселелерді шешу мұғалім үшін жетістік деп білемін. Аталмыш мәселелердің шешімін тауып жүрген ұстаздар, әрине, басым. Олар – өз ісінің шеберлері.

Жаңаша білім беру технологиялары ескі бағалау жүйесімен үйлесе алмайтыны белгілі. Сол себепті туындаған мәселе – бағалау жүйесінің ұтымды пайдаланылмауы. Оқушы өзін-өзі талдау, өзіне-өзі баға беру мен рефлексия жасау тәжірибесін үйренуі, оқу үдерісі ғана емес, бағалау үдерісінің де белсенді қатысушысы болуы керек. Бұл жағдайда өзін-өзі бағалауға баса назар аудару қажеттігі туындайды. Бала өз жұмысына сәйкес баға қоя алуы үшін ол жұмыс эталондарын білуі тиіс. Мұндай мүмкіндікті “табыс өлшемдері” арқылы бағалау жүйесі ғана береді. “Табыс өлшемдерін” мұғалімдер алдын ала дайындауы мүмкін және оқушылармен де бірлесіп құрастыруға болады. Осы жерде уақыт көп жұмсалады деген уәжіміз тағы да басым. Уақытты ұтымды пайдаланамыз деп, жұмысымызда оқушының жеке басы мен пікірін, білімін ескерусіз қалдырып жатырмыз. Егер “табыс өлшемдерін” жүйелі қолдансақ, ол арқылы білімді бағалаудың маңыздылығы арта түседі деп ойлаймын.

Аз уақыттағы тәжірибе барысында туындаған мәселелердің тағы біреуі – кейбір мектептердің әкімшілігі мен мұғалімдердің бағдарлама идеяларын жаппай ұштастыра алмауы, мектеп әкімшілігінің мұғалімнің жаңаша өзгерістер енгізілген сабақтарын талдауы барысында ескіше көзқарастың және түсінбеушіліктердің болуы. Осы мәселені шешу мақсатында бағдарлама идеяларын игеруде біліктілік курстары Астана қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығының базасында мектеп директорлары үшін ұйымдастырылуда. Курсты тамамдаған директорлар мұғалімге қолдау көрсете отыра, жаңаша сабақ берудегі бағдарлама идеясын енгізу арқылы мектептердегі білім сапасының артуына себепші болады деп ойлаймын.

Туындаған мәселелерге мойымай, оны шешудің жолдарын қарастырған мұғалімді ғана жаңа тұрпаттағы мұғалім деп айта аламыз. Осы орайда мәселелерді басқа әріптестерімізбен талдап, шешімін табуға дайынбыз. Ол үшін Желілік қауымдастықтар өз рөлін атқарулары қажет, олар – мұғалімдердің Педагогикалық шеберлік орталығындағы форум, аудандар мен облыс төңірегінде құрылған желілік қауымдастықтарда өз пікірлерімен бөлісулері. Бүгінде өз тәжірибесімен бөлісіп жүрген ұстаздар санаулы-ақ. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Яғни, әркім өз мәселесімен жеке қалып, өз жұмысына рефлексия жүргізбейді деген ой қорытуға болады. Алғашқы курстарды тамамдаған ұстаздар – өз мектептерінің алғашқы қарлығаштары, көшбасшылары. Сол себепті бұл мұғалімдер әрдайым жаңаша идеяны ұсынушылар деп білемін.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp