«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МЕКТЕПКЕ ЖОЛ” АКЦИЯСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша оқушылардың білімге қолжетімділігін толықтай қамтамасыз ету мақсатында республикалық “Мектепке жол” акциясы жүріп жатыр. Осыған орай тамыздың 26-сы күні “Нұр Отан” ХДП-ның облыстық филиалының, СҚО Ішкі саясат басқармасының және СҚО “Іскер әйелдер” қауымдастығының өкілдері бірлесіп, автошеру ұйымдастырды. 

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Мектепке жол” акциясы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мүгедек балалары бар отбасылары балаларының жаңа оқу жылында түрлі әлеуметтік себептерге байланысты мектепке бара алмай қалуының алдын алуға бағытталған. Осынау игілікті шараға қатысушыларды “Нұр Отан” ХДП-ның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов құттықтады.  

– Бірнеше күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Кеңбайтақ елімізде миллиондаған оқушылар мектепке барады. Бұл күн әрбір оқушының өміріндегі ең бір есте қалатын оқиға болғандықтан, одан біз де шет қала алмаймыз. “Мектепке жол” акциясы аясында облыстық “Іскер әйелдер” қауымдастығының бастамасымен автошеру өткізіп отырмыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек”, – деген болатын. Сондықтан өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы, алдыңғы аға буын өкілдерінің лайықты ізбасарлары болуы үшін біз оларға бүгін жағдай жасауымыз керек. “Мектепке жол” акциясы аясында ұйымдастырылып отырған автошеру біздің ең басты мемлекеттік мерекеміз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнінің қарсаңында өтуімен және “Қазақстан – 2050” Стратегиясын дамытудағы “Нұр Отан” ХДП-ның рөлін айқын көрсететін жаңа Саяси доктринаның бастау алған күнімен тұспа-тұс келуімен ерекше, – деді ол.

СҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Салауат Мұқсимов облысымыздың іскер әйелдеріне, автошеруді ұйымдастырушыларға, балаларды мектепке дайындауға сыйлықтар алуға атсалысқан жандарға алғысын білдіріп, бүгінгі таңда нәзік жандардың қоғамда алып отырған орнына тоқталды.  

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ұзақмерзімді “Қазақстан – 2050” Стратегиясында атап көрсеткеніндей, әйел – отбасы тірегі, демек, мемлекет тірегі. Ана мен баланы қорғау жаңа әлеуметтік саясаттың басым бағыты болып табылады. Автошеру барысында республикалық “Мектепке жол” акциясына облыстың “Іскер әйелдер” қауымдастығы мүшелерінің атсалысуы олардың азаматтық белсенділігін, ана мен бала мәселелеріне көзқарастарын тағы бір мәрте айқындап берді, – дей келе, Салауат Мұқсимов жиналғандарды алдағы келе жатқан Конституция мерекесімен құттықтады.

Облыстық “Іскер әйелдер” қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева да жиналған қауымға өздерінің бастамаларына қолдау білдіргендері үшін алғысын білдірді. Шара барысында Петропавл қаласындағы көпбалалы 10 отбасының балалары үшін мектепке қажетті құрал-жабдықтар “Қызылжар аналары” көпбалалы аналар қоғамы” ҚБ төрайымы Галина Сапкоға табыс етілді.

Конституция күніне орайластырылып өткізілген автошеру Есіл, Шал ақын және Тимирязев аудандарында жалғасты. Білім күні қарсаңында балалар мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қатар, спорттық және сырт киімге де ие болды. Бір баланы мектепке дайындауға орта есеппен алғанда 60 мың теңге қажет екенін ескерсек, жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының басшылары, аудандардағы іскер әйелдердің аз қамтылған және көпбалалы отбасы балалары үшін көмегінің маңызы зор. “Мектепке жол” акциясы аясында өткізілген автошеру барысында 70-тен астам балаға қайырымдылық көмек көрсетілді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp