«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ҚЫЗЫЛЖАРҒА САПАРЫ Президент облыс агроқұрылымдарына егіншілікті әртараптандыру және өнімді ұқсатумен айналысу міндетін жүктеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сейсенбі күні түс ауа Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орақ науқанының және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысу мақсатында облысымызда жұмыс сапарымен болып, ірі агроқұрылымдар басшыларымен кездесті, ауыл шаруашылығын әртараптандыру жайында келелі әңгіме қозғады.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Осынау кездесуге Қызылжар өңірінің табиғаты көркем жері – Айыртау ауданындағы “Златогорка” ЖШС-нің егін алқабы таңдап алыныпты.  

Айнымас достық пен бірліктің куәсіне айналған Қарасай мен Ағынтай батырлар кесенесінің қарсы жақ бетіндегі жота астыққа тұнып тұр. Серіктестіктің директоры, облыстық мәслихат депутаты Сейілбек Махметовтің айтуына қарағанда, 9,8 мың гектарға дәнді, оның ішінде 4 мыңына майлы дақылдар егіліпті. Оның алғашқы гектарларына шалғы салынып, салмақты дестелер бастырыла бастаған. Гектар берекелігі 30 центнерден айналу үстінде. Мол өнімді жинауға толассыз жауған жауын ғана кедергі келтіруде.

Бұл күн де жаңбырлы болды. Алайда, күздің аумалы-төкпелі ауа райы Елбасы мен ірі агроқұрылым басшыларының кездесуіне қолбайлау бола алмады.

Тікұшақтан түсе салысымен, ауыл шаруашылығы мамандарымен жылы шыраймен қауышқан Нұрсұлтан Назарбаев:

– Сіздермен жылдағы дәстүр бойынша орақ науқаны басталған сәтте кездесіп тұрмын. Солтүстік Қазақстан – республикамыздағы ең құнарлы, ең астықты өңір. Биыл да бітік астық өсіріп отырғандарыңызды жаңа ғана тікұшақ арқылы аспаннан байқадым. Бүгінгі басты міндет – өнімді ысырапсыз жинап алу керек, – деді.

Өңір басшысы Самат Ескендіров Елбасыға облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысы жайында баяндады. Самат Сапарбекұлының айтуынша, облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары биылғы жеті айдың ішінде қолданыстағы бағамен 80,4 млрд. теңгенің өнімін шығарды, ол өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 5,2 пайызға көп, оның 59,3 млрд. теңгесі ұқсату кәсіпорындарына тиесілі. Өңір диқандары орақ науқанында гектар берекелігін 15 центнерден айналдырып, 5 млн. тоннадай алтын астық жинауды жоспарлап отыр.

Биыл облыс аумағындағы жолдарды жөндеуге баса назар аударылуда. Жыл басынан бері 3,6 млрд. теңгеге республикалық маңыздағы жолдарға, 2,5 млрд. теңгеге жергілікті маңыздағы жолдарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша облыстың 1,4 мың тұрғыны бар екі елді мекеніне ауыз су беру, 20 мыңға жуық адам тұратын 6 ауылды сумен қамтамасыз ету жағдайын жақсарту жоспарлануда.“Саламатты Қазақстан” мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалпы өлім-жітім 1,9 пайызға, оның ішінде бала өлімі 3,5 пайызға азайды, ана өлімі тіркелген жоқ.

Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков еліміздің ең астықты өңірінің даму барысына сараптама жасады. Биылғы ауа райы өңірге игі әсерін тигізді, соған орай алқаптарда жақсы астық жайқалып тұр. Облыстағы барлық егістік алқаптың 75 пайызын бидай құрайды, биыл ол 250 мың гектарға қысқарып, майлы дақылдар аумағы 13 пайызға ұлғайтылған. Министрдің айтуынша, майлы және жемшөптік дақылдар егу, сүт өндіруді дамыту үшін Солтүстік Қазақстанның әлеуеті зор.

Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов, Есіл ауданындағы “Заградовское” ЖШС-нің директоры Иван Фисенко, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Ақселеу” ЖШС-нің директоры Серік Малаев егіншілік пен мал шаруашылығын дамыту, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту барысында атқарылып жатқан шаралар жайын, оған Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында айтылғандай, мемлекеттің жан-жақты көмек көрсетуі игі әсерін тигізіп отырғанын айтып, Президенттің агроқұрылымдарға көрсеткен қолдауына ризашылықтарын білдірді.

Елбасы кездесуде егіншілікті әртараптандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату және оның экспорттық әлеуетін арттыру мәселесіне агроқұрылым басшыларының назарын аударды.

– Мен жыл сайынғы Жолдауларымда ауыл шаруашылығын әртараптандыру мәселесін көтеріп келемін. Облыстың импорттық тауар айналымы 90 пайызды құрайды. Бұл – теріс сальдо. Жер – басты ресурс. Азық-түлікке сұраныс азаймайды, керісінше өсе түседі. Ұқсату – басты мақсат екенін ұмытпайық. Бізге одан басқа жол жоқ. Салыстыратын болсақ, өсімдік майының бағасы бидайдан 2-2,5 есе артық. Бидайдан макарон да қымбат. Өңір ұнды ғана молынан экспорттайды, сондықтан дайын өнімге басымдық беру керек. Оны республика көлеміне ғана емес, Ресей нарығына да шығару қажет. Ол үшін Кеден одағының мүмкіндігін барынша пайдаланған жөн, – дей келіп, бидай және майлы дақыл, картоп пен сарымсақ өсірумен бірге, сүт өнімдерін ұқсатумен айналысу арқылы жерді ұтымды пайдаланып жүрген “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченконы агроқұрылым басшыларына үлгі ретінде ұсынды. Президенттің айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігі дегенде өңірді ауыл шаруашылығы тауарларымен толық қамтамасыз етуге назар аударылуы тиіс. Басты мақсат – ауыл шаруашылығы өнімін 2 есе арттыру.

Келелі әңгіме барысында Нұрсұлтан Әбішұлы облыстағы құс шаруашылығының даму барысына да назар аударды. Өңір басшысы Самат Ескендіров облыстың құс шаруашылығы жылына кемінде 4 миллионнан астам жұмыртқа өндіретіндігін, оны республика тұтынушылары да пайдаланатындығын, ал 4 жылдан бері жұмыс істейтін бройлер фабрикасы құс етін өндірумен айналысатындығын айтып берді.

Елбасы өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің өсіп келе жатқандығын, кәсіпорындарға тапсырыс беріле бастағанын айта келіп, зауыт басшыларының өз өнімдерін қалай өткізуін өздері ойластыруы қажеттігін, былайша айтқанда, сұранысты қамтамасыз ететін өнімдер шығару керектігін алға тартты. Әңгіме барысында “Қолжетімді тұрғын үй – 2020”, “Ақ бұлақ” бағдарламаларының жергілікті тұрғындар үшін аса қажеттілігі де сөз болды.

Кездесу соңында Елбасы агроқұрылымдар басшыларымен бірге ескерткіш суретке түсіп, алдағы ел ырысы – алтын астықты ысырапсыз, шашып-төкпей жинап алуға тілектестігін білдірді.

Суреттерді түсіргендер

Виталий ВЛАСЕНКО,

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp