«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМ БІРЛІГІНІҢ ІРГЕТАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

30 тамызда қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясына 18 жыл толады. Бұл кәмелеттік жас. Еліміздің Ата Заңы – басты байлығы халықтың бірлігі болып табылатын құқықтық мемлекетіміздің мықты іргетасы.

Степан ЗАЙТЛЕР,
Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры.

Конституция қай мемлекеттің болса да Негізгі Заңы болып табылады. Барлық заңдар еліміздің Негізгі Заңына бағынады. Бүгінгі заман талаптары қазақстандық Конституцияның қазақстандық қоғам ерекшеліктеріне сәйкестігін көрсетті, ол біздің еліміздің мақсат-мүдделеріне жауап беріп отыр. Сонымен бірге қоғамның дамуына, онда болып жатқан өзгерістерге байланысты Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.  

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау Конституцияның негізгі қағидасы болып табылады және бірінші бапта “Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет”, “оның ең қымбат қазынасы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары” деп нақты анықтама берілген.

Біздің елімізде заңдылықты және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жүйесінде конституциялық орган – прокуратура жетекші орынға ие, оған мемлекеттік құқық қорғау жүйесінде үйлестіру институтының рөлі бөлінген.

Облыс прокурорлары өздеріне жүктелген міндеттерді орындай отыра, үстіміздегі жылы 576 тексеріс жүргізді, оның қорытындысы бойынша 13 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. 14 мың азаматтың конституциялық құқығы қорғалды. Сомасы 554 млн. теңге залал орнына келтірілді, оның 343 млн. теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді. Тексеру қорытындылары бойынша 1481 тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылды.  

Жыл басынан бері еңбек қатынастары саласында 29 тексеріс жүргізілді, прокурорлық қадағалау актілері бойынша 80 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, сомасы 200 млн. теңгеден астам еңбекақы өндіріліп алынды. 4 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқығы қорғалды.

Кәмелетке толмағандардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау саласында өткен уақыт аралығында облыс бойынша 67 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 1061 заңбұзушылық анықталды, 100-ден астам прокурорлық қадағалау актісі қаралды, олар бойынша 27 заңсыз акті бұзылды және өзгертілді, 250 тұлға жауапкершілікке тартылды, 1 қылмыстық іс қозғалды, 8 мыңнан астам кәмелетке толмағандардың конституциялық құқығы қорғалды.

Мысалы, облыстың қамқоршы және қорғаушы органдарында жүргізілген тексеріс барысында бірқатар заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде күтімге алған балаларға төлемақы төлеу үшін қажет емес құжаттарды заңсыз талап еткен, бөлінген қаражатты баланың қажеттілігіне жұмсамау фактілері де орын алған.

Жер заңнамасын қолдану саласында да енгізілген қадағалау актілері негізінде СҚО бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот жер учаскелерін алу туралы 8 талап арызды қарап, олар қанағаттандырылған, 2 талап арыз қаралу үстінде. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша жалпы аумағы 2850 гектар, жалпы кадастрлық бағасы 106 млн. теңгеден асатын ауылшаруашылық мақсаттағы 17 жер учаскесі тәркіленген.

Прокуратура қызметінің әлеуметтік маңыздылығы қылмыспен күрес саласын қадағалау өкілеттіктерімен де айқындалған. Прокурорлар қылмыстық қудалау органдардың сот сатысына дейін заңды процессуалдық шешімдер қабылдауын қамтамасыз етеді.

Үстіміздегі жылы қылмыс жасауда сезікті ретінде тұлғаларды ұстау бойынша қылмыстық заңнама талаптарын сақтау жөнінде 2448 тексеріс жүргізілді. Прокурорлар заңсыз ұсталған 21 азаматты босатты.

Сонымен бірге прокурорлардың сот процесіне тікелей қатысуымен азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары қорғалады. Қылмыстық істер бойынша мемлекеттік айыптаушы функциясын орындай отыра, прокуратура әділ және объективті сот шешімін шығаруға әсер етеді.

Конституциямыз қабылданғаннан бері 18 жыл өтті. Осы уақыт аралығында елімізде үлкен өзгерістер болды. Өмір жақсы жағына өзгерді. Қазақстандықтар ертеңгі күнге сеніммен қарауда, халықаралық деңгейде мемлекетіміздің беделі артты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың зор еңбегі арқасында бізді әлем таныды.

Конституция өзінің кемелділігін танытты. Ата Заң аясында алдымызда “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру міндеті тұр. Мен мемлекетіміздің әлемдегі үздік мемлекеттер қатарынан орын алатынына сенемін.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp