«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАДАН ҰЛ ТУМАС ПА, ата жолын қумас па?!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ауылдық жерде жұрттың бәрі екі қолға бір жұмыс таба алмай отырып қалған өтпелі кезде Сергей Совва отбасын асырау үшін түрлі кәсіппен шұғылданады. Сауда-саттықпен де айналысып көріпті. Бірақ олардан тұрақты табыс болмаған соң егіншілікпен айналысуды қолға алады. Бұл ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан шаруа сияқты. Сергей Людвиковичтің атасы да, әкесі де өз кездерінде колхоз төрағалары болған екен. Соған қарап, ол да атасы мен әкесінің істерін жалғастырмақ болады. Осылайша Тайынша ауданындағы Донецк ауылдық округіне қарасты Краснокиевка елді мекенінде шаруа қожалығын құрады.

– Бастапқыда егіншілікпен айналыстым. Егін бір жылы шықса, келесі жылы шықпай қалады. Егін мен мал шаруашылығы бір-бірімен тығыз байланысты. Малды жақсылап асыраса, одан пайда болып тұрады. Егінді көктемде себесің, күзде жинап аласың. Ал жұмысшыларға жыл бойы еңбекақы төлеу керек. Осылайша екеуін қатар алып жүруге өмірдің өзі мәжбүрледі. Мемлекеттік “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 2011 жылы 7,5 миллион, өткен жылы 3 миллион теңге несие алдым. Қазір төлеп жатырмын. Меніңше, етті және сүтті ірі қараны қатар өсірген пайдалы. Биылғы несиеге етті ірі қара мал өсіруді дамыту үшін екі герефорд тұқымды бұқа сатып алдым. Бүгінгі таңда 95 бас сүтті ірі қара, 20 бас шошқа өсіріп отырмын, – дейді қожалық басшысы Сергей Совва.

Оның айтуынша, өткен жылы сиырларды қыста қоятын жылы қора мен шашпаның құрылысын жүргізгендіктен, 16 адамды жұмыспен қамтыған. Биыл ондай үлкен құрылыс жоқ. Қазір қарамағында 6 адам жұмыс істейді. Олардың бар шаруаны өз күштерімен бөліп атқаруға мүмкіндіктері бар. Бригадир мен мал дәрігерлік қызметті бір кісі атқарады. Қалғандары әртүрлі жұмыстарда. Қажет болғанда машина да, трактор да жүргізеді. Олар жұмыс таңдамайды, қолдарынан не келеді, ештеңеден тартынбай еңбек етуге дайын. Еңбекақыларын ай сайынғы істеген жұмыс көлеміне қарай шамамен 40-50 мың теңге аралығында үзбей төлейді.  

– 30 бас сауын сиырлар бөлек бағылады. Оларды бір сауыншы арнайы сауу аппаратымен сауады. Су, жарық тартылған. Сауыншының еңбекақысы бүгінгі күні – 53 мың теңге. Әзірше күніне 200 литр сүтті әр литрін 50 теңгеден “Тайынша сүті” сүт зауытына өткіземіз. Екі сүт суытатын тоңазытқышымыз бар. Сиырлар күніне үш мезгіл сауылады. Жұмысшылардың еңбекақысын сүттен түскен қаражат есебінен төлеуге тырысамын. Екінші жыл шаруашылығымызды кеңейту мақсатында қыруар шаруа тындырдық. Тоқтап қалмас үшін қай жерде бұзып, қайта салуға жарайтын ғимарат бар, соларды алып, бұқалар мен бұзауларға арналған қысқы қора-қопсы салып жатырмыз, – дейді Сергей Совва.

Шаруа қожалығында екі трактор, бір комбайн, екі “ГАЗ-53” автомашинасы бар. Оның біреуімен Тайынша қаласына сүт тасиды. Екіншісі – жүк машинасы. Осы техникаларымен малға және қарамағындағы еңбеккерлерге шөп пен жемазықты да өздері дайындайды. Қазір ауа райы қол-байлау болып тұр екен. Келесі жылға да малға арналған қора салуға жер дайындап қойыпты, онда толығымен етті мал өсіруді жоспарлап отырған көрінеді. 420 гектар жерге егін егіледі. Соңғы жылдары егін нашар шыққандықтан, оны көбіне малға жем-азық ретінде пайдаланыпты.

– Биылғы жылы әзірше 4 гектар жерге сәбіз, орамжапырақ, қияр ектік. Келесі жылы оның аумағын 20 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Ұңғыма құдық қазып қойдық, оның суын малдарды, бау-бақшаны суаруға пайдаланамыз. Наубайхана ашуға дайындап қойдық, егін жақсы шықса, қысқа қарай ашамыз. Мал бағытын да қолға алған соң өзімізден жартылай дайын тағамдар әзірлейтін цех ашсақ, оған қосымша кемінде 2000 үйрек пен 500-дей тауық асырасақ деген де жоспарымыз бар. Болашаққа жоспар көп, оны өмір көрсетеді. Бастысы жұмысың жемісті болу үшін күн-түн демей тынымсыз еңбектену керек, – дейді кәсіпкер.

Қожалық басшысы ауылдың өмірінен де сырт қалмайды. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына, мүгедектерге қол ұшын беріп тұрады. Ауылдық округ әкімі тарапынан, мектеп басшылығынан түскен өтініштер бойынша қашан да көмек беруге әзір.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp