«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТА ЗАҢДЫ АРДАҚТАДЫҚ АЙРЫҚША

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Таң атса, күн бататын мынадай қарбалас заманда осыдан он сегіз жыл бұрынғы оңайлықпен ойыңа оралмайды екен: жаңа Конституция туралы референдумның айы-күні есте жоқ, оның есесіне қалың елдің “Жоқ” деп емес, “Иә” деп дауыс бергенін білеміз. Үйіміз де, күйіміз де келеңсіздеу еді: жарыққа да, жылуға да жарымадық, газ да аз болды, ең жаманы – ақша да қолымызға тие қоймады. Соған қарамастан, тәуелсіздіктің тұғыры орнына түскеніне қуанғанымыз әлі есте. Конституцияның бірінші сөйлеміндегі: “Байырғы қазақ жерінде” деген тіркеске көзіміз түскенде төбеміз көкке жеткендей болғанын қалай ұмытайық?!

Қызылжардың бас көшесін қазақшалаудың қисыны келмегені де еріксіз еске түсіп отыр: оны “Конституция” деп атау жөніндегі ұсыныс қана қолдау тапқанына шүкіршілік еткенбіз.

Конституция күніне орай, міне, осы көшеде өткізілген мерекелік шараларды тамашалауға келе жатқанымызда осының бәрі ойымызды қозғамай қоймады. Бұл мереке биыл да стадиондағы секілді орындықтар қойылған Орталық алаңда ашылды. Қолдарын жүрек тұсына қойып, Гимнімізге бір желпінген жұртшылық өкілдерін облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады.

– Біз Негізгі Заңның ережелеріне сүйене отырып, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуға, жеке тұлғаның шығармашылық, зияткерлік және кәсіби әлеуетін жүзеге асыруына қажетті жағдай жасауға, әр адамның әл-ауқатын қамтамасыз етуге ұмтыламыз, – деді өңір басшысы. Самат Сапарбекұлы облысымыздың әлеуеті зор екендігін, соған орай батыл жобалар мен бастамаларды жүзеге асыру қолдан келетіндігін білдіріп, сөзінің соңында конституциялық міндеттерімізді қастер тұта орындауымыздың қажеттілігін атап көрсетті.

Кез келген мерекенің сәні марапат қой: бұл күні қошаметке бөленгендер аз болған жоқ. Солардың бірі – серіктестіктің жетекшісі Ғали Құсайынов облыс әкімінің Құрмет грамотасын өңір басшысының өз қолынан алуға тектен-тек бірінші болып шыққан жоқ: Троицкое ауылының бір тірегі болып отырған оның серіктестігіне де 18 жыл толып отыр. Тағы бір топ адамдарға облыс әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды. Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толған өрендердің бір тобы қуанышқа бөленді: оларға облыс әкімінің өзі жеке куәліктерді табыс етті.

Салтанаттың соңы қала өнерпаздарының концертіне ұласты.

Бұл күнгі шаралардың шоқтықтысы, әрине, “Салт-дәстүр” этнографиялық фестивалі еді. Қалалық Мәдениет және демалыс саябағының алдындағы алаңда өткізілген фестивальға қатысқан он үш ауданның өнерпаздарын Самат Ескендіров құттықтады. Өңір басшысы атап көрсеткеніндей, облысымызда 100-дей ұлттың өкілдері тұрады, 109 этномәдени бірлестік жұмыстарын жүргізуде. Самат Сапарбекұлы №17 ұлттық өркендеу мектебін бөле-жара атады: онда 9 бөлімде 230 оқушы туған тілдерінде білім алу бақытына бөленген.

Аудандардың өнерпаздары бұл алаңда бірнеше сағат бойы өнер көрсетті. Нәтижесінде Аққайың ауданының өкілдері Гран приге лайық деп танылды. Ал жекелеген дәстүр-салттар бойынша әзірбайжан халқының үйлену тойын көрсеткен тимирязевтіктер бірінші орынға ие болды. Қызылжар ауданы – екінші орында, үшінші орында – мағжандықтар.

Конституция көшесінің Орталық алаңнан саябақтың алдына дейінгі тұсы базарға айналғандай болды. Өз көрмелеріне “Шеберлер қаласы” деп ат қойып, айдар таққан қолданбалы өнерді қуған адамдардың соншама көп екендігін осы жолы анық көрдік. Интернеттің арқасында талай елдің шеберлерінің бұйымдарына қанық болған олар құлақ естіп, көз көрмеген дүниеліктерін де жайып салды.

Қазылар алқасы болса Уәлиханов ауданы ісмерлерінің бұйымдарын бірінші орынға лайық деп тапты. Екінші орында – мүсіреповтіктер, үшінші орында – шалақындықтар.

Жыл сайын ұйымдастырылатын “Күз сыйы” дәстүрлі көрмесі бұл жолы С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың алдындағы алаңды тегіс алып кетті. Балабақшалардың бүлдіршіндері, мектептердің оқушылары – небір ұжымдар қатысқан көрмеге көздің сұғын қадамау мүмкін емес еді. Әрине, үй тіреген желектерді жайқалтқан “Қызылжар оранжереясы” тағы да ешкімді теңдестірмеді: бірінші орынды жеңіп алды.

Соңғы жылдары дәстүр ретінде қалыптаса бастаған бал жәрмеңкесі де бұл мерекенің шырайын жандыра түсті. “Омарташылар қауымдастығының” мүшелері балдың түр-түрін жайып салды. Бұл күні бал өнімінен жасалған косметикалық бұйымдар жұртшылық назарына молынан ұсынылды.

Сондай-ақ “Даниал” дәмханасының тұсындағы асфальтқа суреттер салған балалардың байқауы да көп көрерменін тапты.

Бір көшенің өзінде бірнеше шаралар өткізілген бұл күні олардың әрқайсысын тамашалауға үлгерудің өзі оңай болған жоқ. Мәселен, “Спортпен шұғылдан және олимпиадалық қозғалысқа қатысушы бол” деген тақырыптағы жастар акциясы думанға айналды. Абай мен Пушкин ескерткішінің алдында отбасылық спорт жарысы да қызыққа толы болды. Ал кешкілік Мәдениет және демалыс саябағының алдында концертке құлақ түрдік.

Осыншама шаралады тамашалаған жұртшылық өкілдері, әрине, мерекеден мол ләззат алды. Ең бастысы – бұл мереке аясының кеңейе түскенін көрсетті. Жылдағы таптаурын болған көріністер қайталанған жоқ. Мәселен, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының алдында “Ата Заңның қайнар көзі” деген тақырыпта құжаттар көрмесі ұйымдастырылды. Ондағы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституцияның жобасына қатысты қолжазбалары назар аудартпай қоймайды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp