«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЛ ӨЗ КЕЙІПКЕРЛЕРІНДЕЙ ӨМІР СҮРГІСІ КЕЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Маргарита Солнцева барлық суретшілер сияқты кенеп бетіне майлы бояумен сурет салуды армандады. Әсіресе, Леонардо да Винчи мен Василий Верещагинді, Моне мен Ван Гогты ұнатты. Өмірлік арманының орындалуы үшін барлық амалды жасайтындығына сенімді еді.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлемнің өнер тарихында ізін қалдырған, көптеген өнер майталмандары тәлім алған Мәскеудегі Н.Крупская атындағы халық шығармашылығы студиясына оқуға түскенде ол дәл сол танымал адамдардай өмірде бақытты әрі баянды өмір сүремін деп ойлады. Қазақ топырағынан шыққан талай дарынды суретшілердің ізін басып, дүниеге қайталанбас туындылар әкеліп, өнер көкжиегінде Маргарита Солнцева есімді тағы бір жұлдыз жанады деп ойлады, сенді. Бірақ сол арман таңертеңгі тұмандай түс ауа сейіліп кетті де, жоқ болды.  

Петропавл қаласының тумасы Маргарита Солнцеваның өзінен бұрын оның картиналарымен таныстым. Әйел бақыты, махаббат, ана мен бала қарым-қатынасы тақырыптарында қалам тербеген суретшімен жақынырақ танысуға ниет білдірген мен ғана емес, көрмеге жиналғандардың арасында да кездесті. Себебі, темір тордың арғы жағындағы өмірдің кейіпкерлерімен көзбе-көз кездесіп, олармен тілдесу кім-кімнің болсын қызығушылығын тудырары анық.

Маргарита Солнцева – облыс орталығының шеткі аумағында орналасқан ЕС-164/6 мекемесіндегі жазасын өтеуші әйелдердің бірі. Оның темір торға тоғытылғанына аз уақыт өткен. Сондықтан да өзге қыз-келіншектерге қарағанда Маргарита Михайловнаның көзінен әлі де терең мұң байқалады. Ашық аспанда қанатын кеңге жайып, ұшып жүрген құсты кенеттен торға қамап қойғанындай күй кешіп жүргені оның жүріс-тұрысынан, көрмеге қойған шығармаларының тақырыптарынан бірден байқалады. Сырттан келген бізге үрке қарауы да оның қазіргі жағдайына үйренісе алмай жүргендігін аңғартады.  

Өмірінің қилы кезеңдерін бүге-шігесіне дейін кесіп айтпаса да, үзік-үзік оқиғалар оның ала жіпті қалай аттағандығын айқын аңғартады. Ол әлемдегі көпшілік әйелдер сияқты бақытты өмірге қол жеткіземін деп ойлады. Өміріндегі арманы суретшілік кәсіпті де меңгерді. Талай жылдар қатарынан суретші болып қызмет етті. Күйеуге шықты. Дүниеге сәби әкелді. Жылдар өтті. Ауру мен қайғы айтқызбай келеді ғой. Ұлынан айрылды. Өмірдің қатал сынына ұшырады. 9 ай көтеріп, мәпелеп өсірген сәбиін қара жерге көму азабынан асқан азап бар ма деп ойлады ол сол кезде. Бірақ өмір оған тағы бір қатал сынын дайындап қойғанын аңдамады да…

Жан жарымен танысқанда, барлығы ертегідей жақсы болды. Махаббаттың тәтті уына уланып, оның ішімдікке әуестігіне көз жұмды. Жылдар өте жұбайының әуестігі “ кеселге” ұласты. Шаңырақтан береке қашты. Кезінде сүйген жұбайы күн көрсетпеді. Нәзік жаратылған әйел жаны мұндайға шыдас бермейтіні анық. Бір күні Маргаританың да шыдамына шек келді де…

Маргарита Михайловна темір тордың арғы жағына неге тоғытылғандығы жайында өзі айтпаса да, қараушы әйел: “Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел. Өмір бақи күйеуінен көрмегенді көрді. Байғұс әйел қатты қиналды. Абайсызда ашуға салынып, күйеуін өлтіріп алған”, – деп оның көзіндегі мұңның себебін түсіндірді. Маргарита Солнцева жасаған қылмысына 6 жылға бас бостандығынан айрылды. Мұны да сынақ деп білген ол уақытын тиімді пайдалану үшін сүйікті ісіне қайта оралған. Қазіргі таңда ол сурет салумен айналысуда. Ол осылайша жүрегін жегідей жеген уайым мен қайғыдан арылып, балалық арманын іске асыруды қалайды.

Маргарита Солнцева әртүрлі тақырыптарға қалам тербейді. Әсіресе, ол адамдар мен табиғатты салуды ұнатамын, дейді. Ұнатса ұнатқандай. “Үміт”, “Көрші”, “Сен маған ұнайсың”, “Махаббат”, “Қыз қуу” тақырыптарына салған суреттері ашық реңкті, бір қарағаннан көңілді көрінеді. Бірақ үңіліп қараған адам Маргарита Михайловнаның суреттеріндегі кейіпкерлердің көзінен сол мұңды байқайды. Сағынышын осылайша басатын Маргарита Михайловна бостандыққа шыққанда да сүйікті ісін жалғастыруды көздейді.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp