«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕНОРЛАР, ӘЛБЕТТЕ, ТЕҢДЕССІЗ ӘНШІЛЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өнерсүйер қауым әрбір операның сәні тенор дауысты әнші екендігін жақсы біледі. Жуырда облыс орталығының тұрғындары мен қала қонақтары 5 бірдей тенордың концерттік бағдарламасын тамашалау мүмкіндігіне ие болған еді. Спорт және Қала күніне орай шақырылған Ресейдің “ХХІ ғасыр тенорлары” арт-жобасының өнерпаздары құйқылжыта ән салып, қызылжарлықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Аталмыш концертті тамашалағаннан кейін өнер иелерімен жолығудың сәті түсті. Сұрақтарымызға аталмыш жобаның көркемдік жетекшісі әрі продюсері Дмитрий Сибирцев жауап берді.

– Дмитрий Александрович, әлемде сан түрлі өнер ұжымдары мен ән топтары, ансамбльдері бар. Дегенмен, Сіз басқаратын ұжымның халықтың ыстық ықыласына бөленуінің сыры неде?

– “ХХІ ғасыр тенорлары” арт-жобасы бүгінде ТМД-дағы ең танымал ұжымдардың бірі десек, артық айтқандық болмас. Себебі, өздерінің тамаша әндерімен тенорлар Ресейдің ғана емес, шетел, тыңдармандарының қошеметіне бөленіп жүр. Ең бастысы, арт-жобада академиялық дайындығы бар 9 жоғары білікті шебер тоғысқан. Ұжым өзіндігімен, қайталанбастығымен ерекше. Дәл осындай ұжым әлемнің басқа елдерінде жоқ деуге болады. Үздік солистердің басы қосылған жоба әртістерінің концерттері соңғы алты жылдың ішінде Мәскеуде, Ресейдің басқа да ірі қалаларында, АҚШ, Канада, Австрия, Италия мемлекеттерінде аншлагпен өтті.

– Неліктен дәл осындай жоба құруға бекіндіңіз?

– Біріншіден, мен әншілер отбасында тәрбиелендім. Әкем – тенор дауысты әнші, Ресейдің халық әртісі, Глинка атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, ал әкемнің інісі – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі. Сондықтан өзім де өмірімді өнермен байланыстырғым келді. Жастайымнан тенор дауысқа ие болуды армандаған едім. Ақыры арманым орындалып, Жаратушы тенор мен баритон аралығындағы тамаша дауыс сыйлады.

Екіншіден, кезінде атағы жер жарған әлемге әйгілі трио – Лучано Паваротти, Плачидо Доминго және Хосе Каррерастың концерттерінен ерекше әсер алдым. Тенорлардан құрылған ұжымды құруыма аталмыш трио түрткі болды деп санаймын. Ал болашақ әріптестеріммен Мәскеу қаласындағы тенорларға арналған арнайы бағдарламасы бар И.Архипова атындағы хорда таныстым. Дегенмен, опералық ариялар мен классикалық романстардан басқа эстрадалық әндерді де орындағымыз келген соң, хордан бөлек шығуымызға тура келді. Ал кейін концертмейстер және қазылар алқасының мүшесі болып жүрген халықаралық сайыстарда Максим Пастер және Саша Богданов сияқты тенорлармен танысып, әріптестік қарым-қатынас орнаттым.

Сөйтіп, 2006 жылы шығармашылық және достық қарым-қатынас орнатқан азаматтармен бірігіп, “ХХІ ғасыр тенорлары” арт-жобасын құрдық. Осы орайда бастапқыда дәл осындай ұжымды құру барысында қиындық болғандығын айта кеткен жөн. Бастапқыда тенорлар өздерін қызықтырған арияларға таласып қалған сәттер де болды. Өйткені, әрқайсысы мықты тенор, ерекше дауыс иелері, өнерде өз орындарын ойып алған дарындар үшін бір-бірімен санасу біршама қиындық туғызды. Ең алғашында ұжым қатарына қосылуға ниет білдіргендер көп болды. Бірақ болашақ әріптестерді таңдаған кезде тек қана дауысқа ғана емес, әншінің адами қасиеттеріне де мән бердік. Сол себепті өтінгендердің басым бөлігінің бетін қайтаруға тура келді. Соның арқасында ұжымдағы 9 тенор 27-45 жас аралықтарындағы азаматтар болғандықтарына қарамастан, тату-тәтті, сыйластық ауанында жұмыс істейді.

– Ал әріптестеріңіз жайында қысқаша тоқталып өтсеңіз?

– Ұжымымызда осал жан жоқ. Арт-жоба мүшелерінің әрқайсысы өзіндік атақ-дәрежесі, өнерде өзіндік орны бар әртістер. Атап айтқанда, ұжым мүшелері Александр Богданов, Максим Пастер, Александр Скварко, Михаил Урусов, Эдуард Семенов, Георгий Фараджев, Сергей Писарев және Александр Островский – Мәскеу қаласындағы Е.Колобов атындағы Жаңа опера театрының, К.Станиславский және В.Немирович-Данченко атындағы академиялық музыкалық театрының және Ресейдің Үлкен театрының басты орындаушылары. Тенорлар гастрольдік жоспарлары бойынша әлемнің үздік әрі танымал опера сахналары орналасқан Милан, Неаполь, Болонье, Лондон, Вена, Амстердам және Токио қалаларында өнер көрсетеді. Өнер иелері тыңдармандарына ұмытылмас әсер сыйлау үшін жылына жүз рет бас қосып отырады.

– Бірнеше сағатқа созылған концерттік бағдарламада әр тілде әндер орындалды. Ұжымның репертуары қалай қалыптасады?

– Бастапқыда репертуарымыздың басым бөлігі опералық классика болған еді. Әсіресе, итальян, орыс, француз операларына мән бердік. Кейін классикалық және эстрадалық әндерге қызығушылығымыз оянды. Шетелдік әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, ұнаған әндерді репертуарымызға алып отырдық. Сондай-ақ Кеңес Одағының атақты композиторы, пианиношы Арно Бабаджанянның 25 әнін орындай бастадық. Бұл әндер тенорларымыздың дарындарын басқа қырынан тануға көмектесті. Кейін ҰОС кезіндегі әндер репертуарымызды байыта түсті. Орындаған туындыларымыз жұртшылықтың көңілінен шығуда.

Дегенмен, опералық ариялар мен романстарды ұмыт қалдырған жоқпыз. Классикалық ұжым екенімізді ұмытпасын деген ниетпен жыл сайын Мәскеу қаласында бір-екі опералық концерттік бағдарлама қоямыз. Ең бастысы – біз ансамбль да, хор да емеспіз. Біз – тенорлармыз. Біздің концерттеріміздің 80 пайызы – жеке орындаудағы әндер. Әр тенор сахнаға шығып, 2-3 туынды орындаса, ал соңында барлық тенорлар ортаға шығып, бірге ән орындайды.

Ұжымымыздың аты “ХХІ ғасыр тенорлары” болғандықтан, жауапкершіліктің жүгі ауыр. Себебі, ұжым атына заты сай болуы қажет.

– Солтүстікқазақстандық көрермендер туралы не айтасыз? Негізінен тыңдармандар кімдер?

– Петропавл қаласына алғашқы рет келіп отырғандығымызға қарамастан, жергілікті көрермен жақсы қабылдады. Сәті түссе, алдағы уақытта гастрольдік жоспарымызда “терезе” тауып, қонаққа келіп-кетуіміз ғажап емес. Ал екінші сұраққа келер болсақ, біз тыңдармандарымызды жас ерекшеліктеріне қарап бөліп-жармаймыз. Әр жас тобына қызықты болсын деген ниетпен бағдарламамызды барынша бай әрі күрделі жасаудың амалын жасаймыз. Сондай-ақ әр тенорымыздың қайталанбас харизмасы мен өз тыңдарманы бар.

Жыл санап тыңдармандарымыздың қатары артып келеді. Себебі, халық фонограммадан, жан-тәнімен берілмей орындалған әндерден, дарынсыз әншілерден жалықты. Ал біз тыңдармандарға қалағанын ұсынып отырмыз. Яғни, жанды дауыспен ән айтып, бағдарламаларымызды әсерлі етіп өткізуге тырысамыз. Бұлай болмағанда, әрқайсымыз өз театрларымызда қалып, жылына 2-3 партия орындаумен ғана шектелер едік. Біліктілігімізді арттырып, ізденіске, өсуге деген талпыныс болмас еді.

– Бүгінгі концерттік бағдарлама барысында Сіз қызылжарлық көрерменге партиялар орындаудан бөлек басқа да қырыңыздан танылдыңыз.

– Иә, бағдарлама барысында жүргізуші, пианиношы және вокалист болдым. Концертімізде опералардың белгілі ариялары, неопалитандық, орыс және ХХ ғасырдың эстрадалық хиттерін орындадық. Атап айтқанда, “Caruso”, “Volare”, “Be My Love”, “Arrivederci, Roma”, “Luna tu”, “Sei il mio Sole”, “L’Ultima Aria” және Ренато Карозоненің әйгілі “Tu Vuo Fa L’Americano” әнімен концерттің шымылдығын жаптық.

Бүгінгі концерттік бағдарламамызда қызылжарлықтар Александр Захаров, Михаил Урусов, Александр Богданов және Георгий Фараджевтың өнерін тамашалады.

– Концерт барысында біраз әзіл болғандығын да байқадық…

– Дұрыс айтасыз, біздің концерттерімізді өткізген уақытта әзілге де көңіл бөлеміз. Ең сүйікті “фишкамызды” қызылжарлық тыңдармандарға да көрсеттік. Көрермендер байқаған болар, бағдарламаның орта тұсында Михаил Урусовты 5-10 минут бойы барлық атақ дәрежелерін, өнердегі қол жеткен жетістіктерін айтып, біраз тостырып қойдым. Осыншама атақ-дәрежелерді естіген көрермендер таңғажайып перфероманс күтті. Бірақ сахнаға бірінен соң бірі көтерілген өзге әріптестері туындыны бастан-аяқ өздері орындап, Михаилға ауыз аштырмады. Ал Михаил болса таңданыс, реніш және ашу сияқты сезімдерді көрсете білді. Әртістік өнеріне тәнті болып, сергіп қалған көрермендер гүлдерін өлеңді орындаған өзге тенорларға емес, ләммим деп тіс жармаған Михаилға сыйлады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp