«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚ АНАЛАР БАСҚОСУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мұрындық болуымен өңірімізде тұңғыш рет “Біз сәбилі боламыз” деген тақырыпта болашақ аналар форумы өтті. Оған аудандар мен қалалардан келген жетпіс шақты ана қатысты. 

Бақытжан
ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.

“Түркістан” мейрамханасында өткен аталмыш іс-шара ауқымды бағдарламадан тұрды. Жүктілік, босану және ана болу бақыты туралы маңызды да қызықты ақпарат беруге арналған форумның басты мақсаты бала сүю мен ана болу бақытының отбасы үшін маңыздылығын тағы бір таныту болып табылды. Жиынды облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары Мариям Бапанова ашты. Жүктілік кезіндегі әйелдің тәні мен жанында болатын өзгерістер мен бала күтімі, ана сүтінің нәрестенің денсаулығына тигізер пайдасы мен отбасын жоспарлау тақырыптарын қозғаған отырыстың соңы жүкті әйелдерге арналған сәнді киімдердің көрсетілімімен аяқталды.

Форумда болашақ аналарға бала күтімі жайында барынша мағлұмат берілді. Ақ халаттылардың ойы бір жерден шықты. Дүниеге келер сәбидің дені сау болып туу үшін ең алдымен болашақ ата-аналар отбасын жоспарлауы тиіс, деді олар бірауыздан. Әке мен шеше міндетті түрде дәрігерге қаралып, дәрумендер қабылдауы қажет. Тектік құрылымды да тексерген жөн. Мұның барлығы – дүниеге дені сау нәрестенің келуінің кепілі.  

“Босану кезінде әйел өзін-өзі қалай ұстауы керек?” және “Жаңа туған сәбидің күтімі” сынды сұрақтарға жауап табамын дегендер шеберлік сыныптарына қатысты. Бұл сұрақтарға облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері жауап берді. Емізудің пайдасы жайында да сөз еткен ақ халаттылар нәрестені киіндіру, жуындыру, тамақтандыру кезеңдеріне тоқталды. Қазіргі заманғы “жаялықтардың” зияны мен пайдасы да қозғалды. Қолөнер сыныптары өткізілді. Онда жүкті әйелдер өз қолдарымен жұмсақ жастық тігіп үйренді. Дүниеге келген сәбидің құжатын дұрыс рәсімдеудің тәсілдері де талқыланды. Көрмеге ана мен балаға арналған дәрі-дәрмектер қойылды. Іс-шара соңында болашақ ата-аналар: “Мен жүктілік, босану және емізу жайында не білемін?” атты байқауға қатысып, үміткерлердің барлығы жеңімпаз деп танылып, барлығына сый-кәделер ұсынылды.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp