Кәрібай МҰСЫРМАН,
Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы
облыстық филиалының төрағасы.
Елімізде 15 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі тілдер фестивалі біздің Қызылжар өңірінде өткен заманда ұлтсыздандыру саясатының құрбанына айнала жаздаған қайран тіліміздің қайтадан қанатын жайып, мемлекеттік тіл мәртебесімен барша жұртты баурап, бауырына тарта түскендігін тағы бір мәрте паш еткелі отыр. Бұл – атақты Олжас ақынның сөзімен айтқанда, тауларды аласартпай, даланы асқақтата білген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясатының жемісі мен жеңісі екендігі күмәнсіз. Тұңғыш Президентіміздің “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!”, “Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!” деген ұранды сөздерін “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауынан да оқып, алдағы уақытта да айқын бағыттан таймай, ана тілін ардақ тұтқан Мәңгілік Ел атану мақсатын көздеп, зор құлшыныс жасап отырғанымыз сүйінтпей қоймайды. “Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады”, – деп қадай айтқан Мемлекет басшысының сөзіне қалай сенбеске, қалай қуанбасқа?!
Өйткені, 1990 жылы Петропавл қаласы қазақтарының 15 баласын қазақша оқытуға әрең көндіріп, алғашқы қазақ сыныбын зорға аштырған Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының жергілікті белсенділері таяу жылдар ішінде облыс орталығындағы қазақ мектептерінің саны алтыға жетеді деп армандай да алмаған болар сол кезде. Міне, өзгермелі өмір шындығы осындай. Қазір қазақтар ғана емес, өзге этностар өкілдері де өз балаларын қазақ тілінде оқытуға айрықша ықылас танытып отыр. Олардың қатары жылдан-жылға қалыңдап, бүгінгі таңда 344-ке жетіпті. Бұл сан, бейнелеп айтқанда, басқа этностар өкілдері Қызылжар өңірінде тұтас бір қазақ орта мектебін ашып отыр дегенді білдірмей ме?!
Биылғы жылдың басында Петропавлда екінші қазақ балабақшасы – “Алтын бесік” ашылғаны мәлім. Ал ондағы 320 бүлдіршіннің 75-і – мемлекеттік тілді өз сәбилеріне кішкентай күнінен үйретуді жөн санаған басқа этностар өкілдерінің балалары екендігін ерекше айтқан абзал. Мемлекеттің тіліміздің халықты біріктіруші фактор ретіндегі сипаты біздің қаламызда, міне, осылайша жарқын көрініс беріп отыр. Осынау игі бастама алдағы кезде лайықты жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді.
Тіл жанашырлары өткен жылы Новоишим ауылы мен Тайынша қаласындағы бұрынғы ауатком мен аупарткомның ғимараттарында ашылған, бүгінде үш ауысыммен оқытатын қазақ мектептерінің күрделі жағдайы туралы орынды дабыл қаққан болатын. Жергілікті билік тарапынан жылдар бойы жете назар аударылмай, өңіріміздің білім беру саласындағы өзекті проблемаға айналған осы өткір мәселеге облыс әкімі Самат Ескендіров биыл өз қызметіне кірісе салысымен бірден көңіл бөліп, оны Үкімет деңгейінде шешуге күш салып отырғанынан хабардармыз. Сәті түссе, алдағы жылдары осы көкейкесті мәселе оңынан шешіліп, Новоишим мен Тайыншада жаңа қазақ орта мектептері салынады деп сенеміз. Мұның өзі, әрине, ана тілімізді өркендетудегі кезекті зор жетістік болмағы сөзсіз.
Биыл өңірімізде жыр пайғамбары атанған ұлы Мағжанның 120 жылдық мерейтойы жаңаша сипатпен аталып өтуде. Өңір басшысының қолдауымен өткен “Мағжан көктемі” республикалық өнер фестивалі облысымыз ғана емес, бүкіл еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиғаға айналды. Осы фестиваль аясында Мағжан өлеңдеріне шығарылған 5 ән – ұлттық өнеріміз үшін айтарлықтай олжа. Оған қоса, еліміздің Мағжанды пір тұтатын 5 дарынды ақынын кеңірек танып-біліп, олардың шығармашылығынан рухани нәр алдық. Мүмкіндік табылып жатса, осы “Мағжан көктемі” фестивалін екі жылда бір рет емес, жыл сайын өткізіп, Қызылжар өңірінің өзіндік брендіне айналдырсақ деген ой келеді. Биылғы Мағжан жылында Петропавлда ұлы ақын туралы фильмнің тұсауы кесіліп, үш жыл бойы облыстық бюджеттен қаражат бөлінбеуі себепті шықпай қалған “Мағжан” әдеби-көркем журналының қайтадан жарық көруі де өсер елдің азаматтарына тән өнегені аңғартқан, руханият әлеміндегі қуанышты оқиғалар болғаны кәміл. Қожаберген жырау бабамыздың 350 жылдық тойы да Қызылжар өңірінде жоғары деңгейде аталып өтіліп, мәдени өмірімізде өшпес айшықты ізін қалдырғанын да айта кеткен ләзім. Міне, осылардың бәрі де, түптеп келгенде, қасиетті ана тіліміздің Қызылжар топырағында салтанат құруы болып табылады.
Әлбетте, әлі де атқарар шаруа ұшан-теңіз. Елді мекендер атауларын өзгертуге қойылған мораторий алынып, ономастика жөніндегі жаңа заңнама күшіне кіргендіктен, бұл орайда қордаланып қалған мәселелерді байыппен, ойластырып шешуге кірісетін кез туды деп білеміз. Мәселен, Қызылжар ауданындағы республикалық маңызға ие жол бойындағы Чапаевское ауылының атын осыдан бірнеше жыл бұрын аталмыш елді мекен тұрғындары мен аудандық мәслихат депутаттары Болашақ ауылы деп өзгерту туралы шешім қабылдағаны белгілі. Әлдебір себептермен төртінші шақырылымдағы облыстық мәслихат кейінге қалдырған сол орынды шешімді қайтадан қарап, өткен-кеткен жолаушылардың езуін тартқызатын, күні өткен Чапаевское атауын өзгертетін уақыт жеткені анық.
… “Мағжан” журналының қайтадан жарық көруіне арналған тұсаукесер рәсімінде біз аталмыш басылымның таралу аумағын облыспен шектемей, оны республикалық журнал деңгейіне көтеру, тіпті, мүмкіндік болып жатса, халықаралық журналға айналдыруға ұмтылу жөнінде игі тілек білдірген едік. Бәлкім, сонда біз ұлы Мағжанның:
“Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен – тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім,
Таралған түрік балаларын бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың, сен, тілім!”
– деген асыл арман-өсиетін жүзеге асыру бағытында тағы бір игі қадам жасайтын болармыз.