Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының жедел деректері бойынша, кешегі күнге дейін облыс диқандары 1471,9 мың гектар алқаптың астығын дестеге жығып, 968,5 мың гектардың егінін бастырды. Бұл көрсеткіштер сәйкес түрде 41,2 және 27,1 пайызды құрайды. Орақ жұмыстарында дәнді дақылдардың жартысынан астамын шауып, үштен бірін жинап алған Есіл, М.Жұмабаев, Қызылжар, Мамлют және Тимирязев аудандары егіншілерінің қарқыны жоғары. Өткен аптаның соңында түскен мол ылғалға байланысты өңір аудандарының басым көпшілігі тікелей оруға ден қоюда. Қазір астық дестелеу жұмыстарымен 291 комбайн және 379 тіркемелі жаткалар айналысып жүрсе, астық бастыруға 724 комбайн қосылды.
Облыс қырмандарына 1305,7 мың тонна жаңа орақ астығы түсті. Әзірге танап шығымдылығы гектар басына орта есеппен 13,5 центнерден айналуда. Бұрнағы жылдардағыдай бітік егін өсірген Мағжан Жұмабаев ауданының диқандары бүгіндері танап берекелігін 15,5 центнерден айналдырып отыр. Сол сияқты 15,1 центнерден өнім алып жатқан Айыртау, 14,9-14,0 центнерлік ырысқа қол жеткізіп отырған Қызылжар және Есіл аудандарының егіншілері де елімізді мол астықпен қуантпақшы.