«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР ЕМХАНАЛАРДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫ ЗЕРТТЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“СҚО белсенді жастары” қоғамдық бірлестігі Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен “Петропавл қаласындағы амбулаторлық-емханалық көмек түрлерін көрсететін ұйымдар жұмысына баға беру” тақырыбында “дөңгелек үстел” өткізді. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.

“Жастардың күшімен мемлекеттік жастар саясатының тиімділігін арттыру” жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шараның негізгі мақсаты бастапқы медициналық көмек түрлерін көрсететін емханалардың жұмысына баға беру болып табылады. Аталмыш іс-шара барысында қалалық 4 емханада шілде-тамыз айларында сауалнама жүргізілді. Сауалнама “Емхананың медициналық көмек түрлеріне ризасыз ба?”, “Емхананың тіркеу орнының қызметіне көңіліңіз тола ма?”, “Учаскелік терапевтің, маман дәрігерлердің қызметіне, ақ халаттылардың әдебіне ризасыз ба?” және “Емдеу мекемесінде өткізілетін диагностикалық қызмет түрлеріне көңіліңіз тола ма?” деген сұрақтардан тұрған.  

Нәтижесінде сауалнамаға 600-ге жақын адам қатысқан. Әрбір емханадан 150 адам сұраққа жауап берген. Кезек мәселесі өзекті болып келетін №1 емхананың тіркеу орнының, қызметіне 88 адамның көңілі толмаса, №3-інші қалалық емхананың тіркеу орнындағы қызметкерлердің жұмысына 108 адам ризашылық білдірген. Бірақ 42 қызылжарлық әлі тіркеу орны жұмысын бір жүйеге келтіру тиіс деп санайды. Учаскелік терапевтердің қабылдау мәнеріне әрі дәрігерлердің әдебіне көңіл толмаушылық барлық бастапқы медициналық көмек түрлерін көрсететін мекемелерге ортақ кемшілік болып шықты. Көбіне көп науқастар ақ халаттылардың өздері кезек тудырып, өз таныстарын, туыстары мен жақындарын кезексіз өткізеді деген пікірге келген. Зерттеудің басықасында жүрген “Жас Отан” жастар қанатының белсенді мүшесі Гүлжан Жетпісова мұның барлығы науқастар арасында кикілжің тудырып, кезек мәселесін одан сайын үдетіп жібереді деген сенімде. Сондай-ақ тегін берілетін дәрі-дәрмектердің де жарты жыл өтпей бітіп қалатындығы да сөз болды. Бұған жауап берген №3 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Самира Даирова дәрі-дәрмек уақтылы жеткізіліп тұратындығын айтты.

Сауалнама нәтижесінде “СҚО белсенді жастары” қоғамдық бірлестігінің мүшелері респонденттердің берген жауаптарына сәйкес емханалардағы тіркеу орны, учаскелік дәрігерлер мен мамандардың жұмысын кезек болдырмайтындай етіп ұйымдастыру, медициналық қызметкерлердің қызмет әдебін сақтауын қадағалау, диагностикалық тексерістерді әлдеқайда жеделдетіп, тегін дәрі-дәрмектердің жетіспеу мәселелерін шешу қажет деген пікір білдірді. Осындай ұсыныстар мен ескертпелерді қаперге алған “дөңгелек үстелге” қатысқан медициналық қызметкерлер алдағы уақытта бірлесе қызмет ету қажет деген тоқтамға келді.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp