Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кеше Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының акт залында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктерді шектеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы заңнамаларының ережелерін түсіндіруге арналған өңірлік кеңес өтті. Оған Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы Жеңіс Қасымбек, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаменті директорының орынбасары Динара Сағындықова және Өңірлік даму министрлігінің Жергілікті өзін-өзі басқару, ауылдық және шекаралық аумақтарды дамыту департаменті директорының орынбасары Нұрлан Мақсұтов қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов ашқан алқалы жиында өңірдің ауылдық округтерінің әкімдері, аудандық және аумақтық бөлімдердің басшылары болды.
Жиында қаралған мәселе бойынша Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы Жеңіс Қасымбек баяндама жасады. Ол Елбасының 2012 жылғы 28 қарашадағы №438 Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы бекітіліп, “Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізілгенін айтып, бұл жайында толық түсінік берді. Баяндамашы атап көрсеткеніндей, басқарудың 70-ке жуық функциясы ауылдық әкімдерге берілген. Мұның өзі олардың жергілікті маңыздағы барлық өзекті мәселелерді іс жүзінде өз беттерінше шешулеріне мүмкіндік береді. Төменгі деңгейдегі әкімдердің жергілікті маңыздағы мәселелерді шешудегі қаржылық және экономикалық басқару дербестігінің кеңейтілуі оларға зор жауапкершілік жүктейді. Енді әкімдерден өздерінің кіріс көздерін қалыптастыру талап етіледі. Сондықтан қазір жергілікті өзін-өзі басқару бойынша заңнаманы сауатты және дұрыс түсіндіруге ерекше маңыз беріледі.
Кездесуде ауылдық округтер әкімдері заң жобасын жасаушыларға бюджетті қалыптастыратын өз басқаруларындағы мүліктерді жалға беруден түсетін кірістер мен жеке және заңды тұлғалардан жиылатын ерікті түрдегі жиымдар жөнінде көптеген сұрақтар қойып, тиісті жауаптар алды.