“Қазгидромет” РМК-нің солтүстікқазақстандық филиалында ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан мамандардың бірі – Надежда Анисимова. Ол осыдан екі жыл бұрын зейнеткерлік демалысқа шықса да, кәсіпорын әкімшілігі білікті кадрмен қоштасуға асығар емес. Күш-жігері нық Надежда Павловнаны кәсібилігі мен адамдық қасиеттері ерекшелеп тұрады.
Надежда Анисимова – 1976 жылы Петропавл педагогика институтының химия-биология факультетін тамамдаған соң мамандығын мектептегі ұстаздықтан бастап, бір жылдан кейін өзінің еңбек жолын кәсіпорындармен тығыз байланыстырған жан. Оның 37 жыл еңбек өтілінің 19 жылын Петропавл ауыр машина жасау зауытындағы инженер-технолог қызметіне арнаса, қалған жылдары “Қазгидромет” кәсіпорнының зертханасында жалғасып келеді.
– “Қазгидрометте” нәзік жандар көп еңбек етеді. Сізге өтірік, маған шын, мен еңбектен қол үзуден қорқамын. Ал ұжымның ортасында жүру біз сияқты жасы ұлғайған адамға сөзсіз ұнайды. Тәңірім күш-қуат берсе, мен өзімнің сүйікті ісіммен айналысуға қашанда дайынмын, – дейді Надежда Павловна.
Атмосфералық ауадағы элементтердің құрамы мен сәйкестігін күнделікті анықтау адамзат үшін маңызды. Қоршаған ортаның ауасында, топырағында, суында қандайда бір ауытқу болса, гидрометеорология орталығы дабыл қағады. Табиғаттың ластануы мен ауа райының құбылмалы әрекеттерін ұдайы қадағалап отыратын кәсіпорынның жұмысы қызметкерлерден үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал күнделікті болжамның тоқетері осы зертханалық нәтижеден алынады. Соңғы жылдары гидрометеорологтардың жасаған ауа райы болжамы дәлме-дәл келеді десек, асыра айтқандық емес. Бұл – ғылыми-техникалық үдерістің жетістігі.
– Мен еңбек жолымды бастаған кезеңнен бері көп нәрсе өзгерді. Әсіресе, жұмыс бабында қолданылатын құрал-жабдықтар жылма-жыл жаңартылуда. Нәтижесінде жасалатын сараптамалар дәл көрсетіліп, сапалы жұмыс жүргізіледі. Компьютермен жұмыс істейміз. Еңбек орным маған күннен-күнге қызықты бола түсуде, – дейді ол.
Надежда Анисимова – кәсіпорынның кадр мәселесіне көп еңбек сіңірген қызметкер. Оның қол астынан талай маман қалыптасып шықты. Бүгінде оның біліктілігі жастарға ұлағат болса, жас әріптестері оған компьютердің тетіктерін қалай қолдануды үйретіп, екіжақты тіл табыса білуде. Бүгінде 60 жастағы ардагер сужаңа ноутбук сатып алып, үйінде жаттығып, техниканың жаңалығынан қалыспай келеді. Аталмыш ұжымда ауызбірлік болған соң, онда еңбек ету де жеңіл. Оның үстіне кәсіпорынның материалдық базасы бүгінде көз қызықтырады. Онда еңбеккерлердің абыройлы жұмыс істеуіне жақсы жағдай жасалған.
Надежда Павловна осыдан бірнеше жыл бұрынғы еңбек жолын еске алған кезде өзінің де біреуге шәкірт болғанын айтады. “Иә, бүгінде ортамызда жоқ Тамара Здореева, Татьяна Шахтарина, Наталья Краснобаева сияқты замандастарым осы кәсіпорынның қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді. Ол жылдары зертханада 4 адам еңбек ететін. Бүгінде біз сегізбіз. Бұл зертхана жұмысының жандана түскендігін білдіреді. Көптеген сараптамалық жұмыстар жүргізілетін болдық”, – дейді. Надежда Анисимованың атмосфералық ауа мониторингі бойынша сараптама жасауда алдына жан салмайтынын әріптестері біледі. Ол химиялық сараптама жасау мен ішкі зертханалық бақылау тәсілдерін де үздік меңгерген.
– Оның әріптестерімен жылы қарым-қатынас орната білуі біз үшін үлгі тұтарлық. Тәжірибелі маман айналасындағылардың туған күндерін жатқа біліп, оларды бірінші болып құттықтап жатады. Түскі үзілісте өзі дайындаған жылы-жұмсақ тағамдарды әкеліп, баршаға дәм татырады. Мұның бәрі оның үлкен орта үшін жаралған адам екендігін аңғартады. Мінезі жайсаң, ақкөңіл жанды қалай құрметтемеске?! – дейді кәсіпорын зертханасының басшысы Оксана Гордиенко.
Надежда Анисимова Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Құрмет грамотасымен, “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл” медалімен марапатталған.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.