Туберкулез – өкпені және басқа ағзаларды (сүйек, бүйрек, лимфа түйіндері) зақымдайтын жұқпалы әрі созылмалы дерт.
Ғалия ЖАМАНКИНА,
№2 қалалық емхананың учаскелік терапевт дәрігері.
Нағима ХАСЕНОВА,
учаскелік терапевт дәрігер.
Аталмыш ауру қоздырғышын 1882 жылы белгілі неміс ғалымы Роберт Кох ашқан. Содан бері арада қанша уақыт өтсе де, әлеуметтік сипат алған туберкулез ауруымен күрес жүргізу дүниежүзі бойынша өз маңыздылығын еш жойған емес.
Бұл ауру бактерия төзімділігімен ерекшеленеді. Күннің көзі жоқ табиғи жағдайда оның өміршеңдігі бірнеше ай бойына, ал көше шаңында екі аптаға дейін сақталады. Сонымен қатар кітап беттерінде үш ай, қарда бірнеше жылға дейін дамуға белсенділігін жоғалтпайды. Күн сәулесі тура түскен жағдайда туберкулез таяқшалары 5 минут ішінде залалсызданады.
Әлемде жыл сайын туберкулез ауруынан 2 миллион адам көз жұмса, 9-10 миллионы өкпе ауруының бацилларлық жұқпалы түрімен ауырады. Медициналық мәліметтерге сүйенер болсақ, әрбір 4 секунд сайын бір адам осы дертке шалдығады. Жұқпалы аурудың салдарынан өмірмен қоштасып жатқандар саны да көңіл көншітерлік емес. Қазақстанда жыл сайын жаңадан анықталған туберкулез ауруы 22-23 мың науқас арасында тіркеледі.
Аурудың алдын алу үшін ең алдымен оның қандай жолмен таралатынын білу керек. Туберкулез қоздырғышы науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауа арқылы, сондай-ақ жеке гигиена құралдары мен ыдыс арқылы жұғады. Өкпе ауруына шалдыққан мал да аурудың таралу көзі болып табылады. Бұл ауруды кез келген жастағы адам жұқтырып алуға болады. Әсіресе, ең қауіптісі әйелдердің жүктілік кезі мен нәресте туғаннан кейінгі уақыт аралығы. Сондықтан да қандай да бір белгі пайда болған кезде уақытты оздырып алмай, дәрігерге көріну керек.
Туберкулездің негізгі белгілері:
– 2 аптадан астам жөтелу.
– Тәбеттің болмауы.
– Жүдеу.
– Дене қызуының 37-37,5 С дейін көтерілуі.
– Түн мезгілінде қатты терлеу.
– Әлсіздік.
– Кеуденің шаншып ауруы.
– Қан түкіру.
Егер осы белгілердің біреуі ғана байқалса не істеу керек?
Мұндай жағдайда дәрігерге көрініп, қажетті медициналық тексерістен өту керек.