«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАМҚОРЛЫҚПЕН ҚАМТЫЛҒАН ЖАНДАР қанаттанып қалады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыста Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылығымен сегіз медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді. Оның құрамына қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі екі интернат-үй, тірек-қимыл мүшелері зақымданған балаларды оңалту мекемесі, Бескөл ауылындағы мүгедектерді сауықтыру орталығы, психоневрологиялық ауруларға шалдыққан балаларға арналған бір мекеме, ересектерге арналған үш интернат-үй кіреді. Бұл медициналық-әлеуметтік мекемелердің негізгі міндеттері: қамқорындағы адамдарға қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасау, оларға көрсетілетін әлеуметтік қызметтерді мемлекеттік стандарттарға сәйкес жүргізіп, оңалту іс-шараларын өткізу, қарттар мен мүгедектерді күту және тұрмыстық және медициналық қызметтер көрсету, мәдени-көпшілік жұмыстар өткізу болып табылады. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін бұл мекемелерге мемлекет қорынан биыл 1 миллиард 735 миллион теңге бөлінген. Ал ол мекемелердің жөндеу жұмыстары мен қажетті құрал-жабдықтарына тағы да 143 миллион теңге бағытталған.
Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы осы орайда мүгедектердің уақытша немесе тұрақты тұруына арналған мамандандырылған әлеуметтік қорғау мекемелерінде қандай жұмыстардың атқарылып жатқандығын, ондағы қамқорлықтағылардың ахуалы қандай екендігін таныстыру мақсатында БАҚ қызметкерлерімен баспасөз турын өткізді.

 

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

МҰНДА АРМАН АЙНАЛАДЫ ШЫНДЫҚҚА…

Мүгедек жанның ішкі жан дүниесін жақсы түсініп өткен Тауфық Шақшақбаев 1999 жылы Петропавл қаласында тірек-қимыл мүшелері зақымданған мүгедек балаларға арналған интернат-үйдің қабырғасын қалаған кезде өзін талай жас жеткіншектің болашағына үлкен ықпал ететін орталықты ашқан қайраткер ретінде сезінді ме екен?! Бүгінде марқұмның бұл бастамасы талайдың арманын шындыққа жалғастырып келеді. Арада өткен 14 жыл ішінде қаншама ата-ана ризашылық көңілін білдіріп, онда тәрбиеленген талай жас жеткіншектің кішкентай ғана жүрегінің түкпірінде үміт оты жанып, жаңа өмірге жолдама алды. Осы жылдары интернат-үйден түлеп ұшқан 38 бала ересектер ортасында жұрт қатарлы өмір сүруде. Интернат-үйдің табалдырығын аттаған кезде мүгедек арбасына таңылып келген балалардың басым бөлігі бүгінде ешкімнің көмегінсіз өздері жүріп-тұру мүмкіндігіне ие болды. “Бірінші жылы қабылданған 20 баланың ішіндегі бір қыз бала ғана арбадан тұра алмай кетті. Қалғандары өз беттерімен жүре алады. Олардың кейбірі көлік жүргізеді. Қайсібірі өз кәсіпкерлігін қолға алған”, – дейді аталмыш интернат-үйдің директоры Татьяна Лузакова.

Бұл мекеменің ең басты ерекшелігі – оның тәрбиеленушілері жалпы білім беретін оқыту орнында, яғни Заречный кентіндегі №13-ші инклюзивтік мектебінде оқиды. Олардың ұстаздары мен ата-аналарының айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балалардың өз замандастарының ортасында білім алуының олардың денсаулығының түзелуіне, сондай-ақ қоғамдық ортаға бейімделуіне зор көмегі бар. Парасаттылығы мен талабы ерекше, жүректері кең, мейірімді болып жаралатын мүгедек балалар жақсы қасиеттерімен жүрген ортасында үлгі бола алады. Мәселен, мектептегі денсаулығы жақсы балалар мүгедек сыныптасына ерекше көзқараспен қарап, қамқорлық жасап, өз мінездеріне оң өзгеріс жасайды екен. Иә, бұл тәсіл – балалардың қоғамдық ортада өздерін замандастарымен тең ұстауға үйретуді көздеген интернат-үйдің тәрбие-оқыту бағдарламалық жүйесінің бағыты. Аталмыш орталық мемлекеттің қамқорлығындағы әлеуметтік-медициналық мекеме саналады. Бүгінгі таңда онда 6 жастан 15 жасқа дейінгі жиырма жеткіншек сауықтырылып, өмірге бейімделуде. Ол балалардың 10-ы қалалық болса, қалғандары – аудандардан келгендер. Осы балаларды аяқтарына тұрғызу, өмір сүруге деген оң көзқарастарын қалыптастыру үшін 40 маман еңбек етеді. Ал 2009 жылы халықты әлеуметтік қорғау бойынша қабылданған жаңа мемлекеттік стандарттарға сай аталмыш мекеменің жұмысы одан әрі жанданып, жұмыс сапасы айқындала түскен. Мұнда баланың денсаулығын жақсарту үшін қажетті мамандар жеткілікті. Арнайы комиссия шешімімен қабылданған әр мүгедек баланың жағдайын жасау үшін мемлекет жылына бір балаға 2,5 миллион теңге бөледі. Ең қуаныштысы – осы қыруар қаржының елеулі нәтижесі барлығы.

Қай ата-ана болсын әл-жуаз туған баласына ерекше қамқорлық жасайды. Сондықтан болар, бұл балалар интернатқа тәрбиеленуші болып қабылданған кезде, көп нәрсеге ептері келе бермейді екен. Мұндағы маман-тәрбиешілер олардың қоғамдық ортаға еркін бейімделіп кетуі үшін үлкен еңбек сіңіреді. Мекеменің қабырғасын алғаш аттаған кезде мүгедек балалардың көбінің сөйлеу қабілеті төмен болады. Ал уақыт оза олар мамандардың жасаған сауықтыру жаттығулары мен емдомдарының көмегімен денсаулықтарының түзеле бастағанын өздері байқап, қуанады. Ал соңғы жылдары мемлекеттің қоғамның әлжуаз тобына көрсетіп отырған әлеуметтік қолдауының арқасында, сондай-ақ жаңа стандарттар нәтижесінде жарымжан балалардың денсаулығындағы алға жылжушылық тіпті қуантады.

– Балалардың денсаулығын жақсарту мақсатында барлық мүмкіндік пайдаланылады. Тірек-қимыл мүшелері зақымдалған мүгедек балалар үшін емдік сылап-сипаудың, түрлі жаттығулардың маңызы зор. Иппотерапия, яғни адамды салт атқа отырғызып, серуендету арқылы емнің шипасын көру ғылыми дәлелденген. Балаға ем-дом басталған алғашқы аптадан-ақ оның бұлшық еттері қатайып, емге көндігіп келе жатқанын біздің сау-сақтарымыз сезе бастайды. Арбада отырып қана жылжуға дағдыланған жарымжан бала бастапқыда жылжымалы тірегішпен, кейін балдақпен еркін қозғалатын күйге жетеді. Біздің мақсатымыз – оларды аяғынан тік тұрғызу. Осы міндетіміз орындалған кезде бала да, ата-ана да, біз де қуанамыз, – дейді массаж нұсқаушысы Юлия Оленская.

Сондай-ақ қолөнер мен сурет салу арқылы қолдарын жаттықтырудың, еңбекке баулудың, технологиялық жаңалықтарды үйретудің, спорттық жаттығуларды жиі қайталаудың да маңызы зор. Ең бастысы – мұндағы тәрбиеленушілердің қоғамдық ортаға деген көзқарастары өзгеріп, өздерін басқа замандастарының алдында кем сезіну түсінігінен арылады. Осы мекеменің түлегі Леонид Якобченко мекеме ашылған жылы интернатқа қабылданып, оны бітірген соң М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-де білім алып, бүгінде №13 мектепте информатика пәнінен сабақ береді. Ол биыл “Бәрімізде бірдейміз – кемсітуді білмейміз!” байқауының облыстық кезеңіне қатысып, ондағы “Үздік маман” аталымы бойынша үшінші орынды жеңіп алды. “Мен бүгінде отбасын құрған адаммын, бір қыздың әкесімін. Мамандығым бар. Жұрт қатарлы өмір сүріп жатырмын. Әрине, тағдырдың жазуымен кемтар болып тусам да, осы интернат-үйі қызметкерлерінің көмегімен денсаулығым әлдеқайда түзеліп, өмірден өз орнымды таптым. Ал ең бастысы – мемлекеттің бізге деген қамқорлығына разымын. Біз өзімізді басқалармен терезесі тең сезінеміз”, – дейді Леонид Николаевич.

БҰЛ ОРЫННАН ҮЙІНЕ ОРАЛАТЫНДАР СИРЕК

Адамның үлкен аяушылығын тудыратын жандардың бірі – жүйке ауруына шалдыққандар. Бұл адамдардың мінездерінің өзгермелілігі отбасы тұрмақ, қоршаған ортаға қауіп төндіреді. Әрине, мұндай науқастар ерекше қадағалауды талап ететіндіктен, оларды бағып-қағуға жанашыр туған-туыстарының шамасы жете бермейді. Сондықтан ондай науқастан туған-туыстары бас тартуға мәжбүр болады. Әрине, ондай адамның далада қалмасы да анық, оларды мемлекет өз қамқорлығына алады. Психоневрологиялық аурудың емделмейтін формасына шалдыққан адам сот шешімімен ойлау қабілетінен айырылған деген медициналық сараптама бойынша арнайы мекеменің төрт қабырғасына таңылады. Өмір бойына. Бұл мекемеден айығып шығатындар жоқтың қасы десе де болады. Тек биыл ғана Петропавлдағы психоневрологиялық ауруларға арналған интернат-үйден төрт науқастың ауруы бері қарап, олардың қоршаған ортаға қаупі жоқтығы мен қамқорлық жасайтын туған-туыстарының бар екендігі ескеріліп, отбасыларына қайтарылған. Бұл – мекеменің 33 жылғы тарихында бірінші рет қабылданған оң шешім.

Сонымен мыңнан аса солтүстікқазақстандық психоневрологиялық ауруларға арналған интернат-үйлердің тұрғылықты тұрғындары, яғни олардың ауруының асқынуына жол бермеу үшін ем-дом жасау, тамақтары мен киім-кешектері толығымен мемлекеттің мойнында. Облысымызда ондай мекемелер үш жерде, дәлірек айтсақ, Петропавл қаласында,Тайынша мен Айыртау аудандарында орналасқан. Мемлекеттің қамқорлығына алынған бұл жандардың еш мұқтаждық көрмейтінін біз өз көзімізбен көріп қайттық.

Солардың бірі – 300 адамның ортақ мекеніне айналған Петропавл психоневрологиялық ауруларға арналған интернат-үйі. Оның 65-сі – жүйке ауруының салдарынан жүріп-тұру дене мүшелері зақымданғандар. Сондай-ақ былтырдан бастап күнделікті ем қабылдайтын 10 адамға стационарлық бөлім ашылған. Мұндағы ауруларға түрлі қызметтер көрсету үшін 154 адам еңбек етеді. Соңғы жылдары мекемедегі қызмет көрсететін мамандардың қатары кеңейтіліп, мемлекеттік бюджеттен жеткілікті қаржы бөлінгеннен бері бұл интернаттың тұрмыстық ахуалына үлкен баға беруге болады. Ондағы тұрғындар мекеменің қоршауынан шықпайтындығы болмаса, тұрмыстары жаман емес. Тұрғындар бос уақыттарында өздерін қызықтыратын, ауруларын бәсеңдетуге септігі бар жұмыстармен айналысады. Олардың жасаған қолөнер бұйымдарында, мекеме ауласындағы тас мүсіндер мен гүлзарларда үлкен сүйіспеншілік байқалады. Спорт алаңында доп қуып жүрген бірнеше науқастың жүзінде балаға тән қуаныш сезіледі. Ал кітапхана бөлмесінде отырғандардың көңілінде тіпті алаңдаушылық байқалмайды. Алайда олар өз істеріне қашанда есеп бере алмайтындықтан, қоғамнан оқшаулатылған. “Мұндай адамдар ақжарқын келеді. Ал қайсыбірінің талабы тіпті таңғалдырады. Сондықтан біз оларды қызығушылығы, дертінің деңгейіне қарап топтастырамыз. Естері барлар мемлекеттің жасап отырған қамқорлығына ризашылығын айтып та қояды”, – дейді аталмыш интернат-үйдің директоры Руслан Камалиев.

Өкінішке қарай, қоғамымызда бұл ауруға шалдыққандардың қатары жыл сайын артпаса, азаймай отыр. Біз оны 20 жыл жұмыс істеп келе жатқан Тайынша ауданындағы психоневрологиялық ауруларға арналған интернат-үйден байқадық. Оның тұрақты тұрғындарының саны 495 адамға жеткен. Оның 299-ы ерлер болса, 196-сы – әйелдер. Бұл мекемеде 83 жастағы науқас та бар. Алайда, аталмыш мекеменің директоры Василий Шайкиннің айтуынша, соңғы жылдары психоневрологиялық дертке шалдығушылардың қатары жасарып келеді екен, яғни мұнда жастар көп. Олардың жартысынан көбіне ауру туа біткеннен жабысса, кейбір соқталдай жігіттер сап-сау жүріп, ауырған. Көшедегі төбелестен немесе әскери борышын өтеп жүрген кезде басына қатты соққы алғаннан олар жазылмас дертке шалдығып, жас өмірлерін қор қылған. Олар бұл мекемеде ғұмырының соңына дейін болады. Психоневрологиялық дерттің түрлері көп. Олардың қайсыбірінің ақыл-ойы мәңгілікке қара түнекте болса, кейбірінің ауруы жыл мезгілдерінде ұстап қалады. Бірақ, өз қылығы үшін қай кезде болсын жауап бере алмайтын адамдар қоғамнан алшақтатылуы заңды. Сондықтан да бұл аурулардың күлімдеген көздері мен жылы лебіздері аяушылық тудырса да, олардың көбінің өмірі осы интернат-үйінде өтеді.

ҮМІТ ОТЫН

ЖАНДЫРАТЫН МЕКЕМЕ

Психоневрологиялық ауруға шалдыққан бала ата-ана үшін ғана үлкен қасірет емес, қоғамымыз үшін де өкінішті жағдай. Алайда қоғамымызда ондай балалардың қатары түрлі себептермен азаймай отыр. Көздері мөлтілдеген бүлдіршіндер мен жеткіншектердің осындай дертке шалдығып, кемтар болып қалғандығы кімнің болсын жүрегін ауыртады. Дерттері оңайлықпен емге берілмейтін бұл балалар ұдайы қамқорлықты қажет етеді. Әрине, ондай баласын көптеген ата-ана қауқары мен өмірі жеткенше қасында ұстайды. Бірақ, одан балаға да отбасыға да үлкен ауыртпалық түсері сөзсіз. Ал егер ондай балалар арнайы мекемеде тәрбиеленіп, емделсе, ауруынан толық айықпаса да, дертінің беті бері қараған жағдайлар көп. Сондықтан да халықты әлеуметтік қорғау мақсатында мемлекетіміз бірнеше мекеме ашып, оларда қоғамның әлжуаз мүшелеріне қамқолық көрсетіп отыр.

Петропавл қаласындағы балаларға арналған психоневрологиялық аурулар интернат-үйі 1976 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жүйке ауруына шалдығып 1 және 2-ші топтағы мүгедек болып танылған 80 бала аталмыш мекемеге қабылданған. Сондай-ақ күндізгі бөлімге қатынайтын 35 балаға ем-дом шаралары белгіленіп, танымдық сабақтар жүргізіледі. Олар жасына, аурудың деңгейіне қарай топтастырылып, мамандар әр баламен жеке жұмыстар жүргізеді. Бұл әлеуметтік-медициналық орталықта да 2009 жылдан бастап халықтың әлеуетін қорғауға арналған мемлекеттік стандарттар бойынша жұмыстар атқарылуда. Мұндағы балалардың жас көрсеткіштері – 3-18 жас аралығы. Әлжуаз танылған балалармен психолог, невропатолог, логопед, денешынықтыру мамандары мен медицина қызметкерлері жүйелі бағдарламалары бойынша жұмыс істеп, көптеген балалардың ауруларының беті бері қараған кезде ұжымға баланың ата-анасы мен туған-туыстарының ризашылығы шексіз. Бұл мүгедектердің басым бөлігіне ауру туа біткендіктен, олар дертінен толық айығып кетуі екіталай. Алайда ата-ананың үміті ешқашан сөнбесі анық. Олар тым болмаса балаларының қоршаған ортаға бейімделуін, өз беттерінше бірдеңе істей алуға үйренуін қалайды.

Мамандардың айтуынша, жүйке ауруына шалдыққан балалармен жұмыс істеудің қиындығы – олардың көпшілігінің сөйлеу, жүру, көру қабілеттерінің де тежелетіндігінде. Осының барлығын аз да болса қалпына келтіру мамандарға жүктеледі. Еңбекке баулу арқылы ойлау мен қозғалысын қалпына келтіру шаралары – жақсы нәтиже беретін тәсіл. Қағаздан, сазбалшықтан, шүберектен, моншақтан түрлі пішіндер жасау баланың қарысып қалған саусақтарын дамытады. Балалардың ойлау қабілетін жақсартып, сөйлеуге үйретуде өлең оқып, ән айту және түрлі денешынықтыру жаттығуларының маңызы зор. Бұл тәсілдердің барлығы балалардың көңіл күйлерін көтереді. Осының барлығы жүйелі бағдарламамен бекітіліп, мамандар әр баламен жеке-дара жұмыс жүргізеді. Мұндай балалардан көп жағдайда ата-аналары бас тартпайды, дегенмен олардың осы мекемеде болғаны балаға да, оларға да көмек. Үйде отырып, бұйығып қалған бала қоғамдық ортаға шыққан кезде жасқаншақ болатынын талай көріп жүрміз. Ал арнайы мекемеде өзі қатарлы балалармен тәрбиеленгендер ортаға да тез бейімделіп кете алады. Бала арнайы мекемеге ата-ананың шешімімен келеді. Ал осындай шешім қабылдай білген ата-ана өзіне ғана емес, ең бастысы – баласының дертімен күресе білуді үйренуге үлкен жағдай жасағанын көп кешікпей түсінеді.

– Баламды күндізгі стационарға әкеліп жүргеніме бір жарым жыл. Станислав – ерекше қамқорлықты талап ететін бала. Оның дамуына тәрбиеші-ұстаздар үлкен еңбек сіңіріп жүр. Оған мен қарындашты қалай ұстауды үйрете алмаған едім. Бүгінде ол өзі отырып, сурет салады. Қимылдары мен ойы да дұрысталып қалған. Сондықтан осы ұжымға айтар алғысым шексіз. Ең бастысы – мемлекетіміздің қамқорлығына разымын. Менің ауру баламды күндіз осында әкеліп тастап, енді екінші баламның тәрбиесімен айналысуға, оның сабағына қарауға уақытым жеткілікті. Жұмыс істеуге де мүмкіндік туды, – дейді Оксана Фомина.

ЖАНДЫ ДА

САУЫҚТЫРАТЫН ОРТАЛЫҚ

“Мүгедектерді сауықтыру орталығы” КМК-де 2005 жылдан бері 3600 адам емделген. Мұнда тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедектер мен көру мүмкіндіктері нашарлаған адамдарға ем-дом жасап, оларды ауыр науқастан кейін өмірге бейімдейді. Ауыр дертке шалдыққан адамның өз тіршілігіне деген психологиялық күйзелісі болары сөзсіз. Әрине, ондай кезде бірінші көмек туған-туыстарынан болады. Дегенмен әр адамның мінезі әр түрлі болғандықтан, аурудың қасіретін жеңуге де әркім әртүрлі көндігеді. Оның үстіне мүгедек жанның өз отбасысына ауыртпалық тудырары да сөзсіз. Осындай кезде олар сауықтыру орталығында екі апталық емдік курстан өтсе, өздерін жеңіл сезініп қалады.

Бұл орталық та халықты әлеуметтік қорғау стандарттарын жүйеге толық енгізген. Сондай-ақ олардың әкімшілігі өз жұмыстарын тиімді ету үшін, тың тәсілдер де қолданады. Физиотерапия, емдік массаж, емдік дене шынықтыру мұнда дәстүрлі. Мұндағы емделушілердің басым бөлігі жүрек ауруынан кейін мүгедек болып қалғандар екен. “Біздің қызметіміз шипалы болу үшін ем-домға жан-жақты келуді жөн көреміз. Инсульттан кейін көп науқастардың сөйлеу қабілеті мен еске сақтау мүмкіндігі төмендейді. Сондықтан осы жағын қалпына келтіру үшін медициналық шаралардан басқа да тәсілдерді қолданған тиімді деп ойлаймын. Осыдан екі ай бұрын емдеу-қалпына келтіру терапиясына “Денсаулық сүрлеуі” тәсілін енгіздік. Орталықтың ауласына жасалған шағын демалыс орны көпшілікке ұнады. Биылғы тоғыз айда біздің мекемеде 311 адам сауықтырудан өтсе, оның 81 пайызы өздерін өте жақсы сезініп, рахметтерін айтып кетті”, – дейді сауықтыру орталығының директоры Анна Иванова.

Сондай-ақ бұл орталыққа келген мүгедектерге ойын түрінде де, кітап оқып, тілдерін жаттықтыру арқылы да емдеу шаралары жүргізіледі. Олардың “Күлкі терапиясын” енгізгені де былтырдан. Бұл тәсіл де өте жақсы нәтиже берген. Арттерапия – өнер арқылы емдеу тәсілінің де шипасы дәлелді. Ән айтып, сурет салған кезде аурудың тонусы жоғарылайды. Эрготерапия – еңбек арқылы адамның мүмкіндігін қалпына келтіру тәсілінің жетістігі де қуантарлық. Бір сөзбен айтқанда, мүгедектерді сауықтыру орталығының жүйелі бағдарламасы емделушіге шипасын тигізуде.

Ауыр науқастан кейін тілі күрмеліп қалған мүгедек кейде түңіліп те кетеді. Сондықтан науқас жандар бұл жерде ем қабылдап қана қоймайды, сондай-ақ олардың өмір суруге құлшынысы пайда болып, отбасысына аттанады. Бұл мекеменің қолдауына мұқтаж жандар әлдеқайда көбірек. Бірақ бұл орталықтың науқас қабылдау мүмкіндігі шектеулі. Онда 10 адам жатып емделсе, 6 адам келіп-кетіп ем қабылдайды. Алайда мекеме директорының алдағы жылдары бұл орталықтың науқас қабылдау мүмкіндіктері жаңа ғимарат есебінен кеңейеді деген сенімі бар. Сондай-ақ былтыр орталыққа жаңа көлік берілсе, жақында олар жаңа медициналық құрал-жабдықтарға қол жеткізбек.

 

ҚАРТТАРЫМ,

АМАН-САУМЫСЫҢ?!..

Тайынша ауданындағы “Надежда” қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үй біздің баспасөз турымыздың соңғы нысаны болды. Қоршауға алынған кең ауладан гүлдердің жұпар иісі аңқиды. Пісіп тұрған көкөністер мен жемістердің айналысындағы жып-жинақы алаңнан баубақшаның мәнін білетін адамның еңбегі аңғарылады. Субұрқақ пен түрлі мүсіндер айналаны тіпті тамаша ете түскен. Нағыз демалыс орны.

Бұл қарттар мен мүгедектерге арналған мемлекеттік мекемені 120 адам өз шаңырағы санайды. Онда 103 жасқа келген кейуана да өмірін еш алаңсыз жалғастыру үстінде. Күніне алты рет тамақтанып, сырқаттанып қалса, медбикені шақырып, әлеуметтік қызметкерлерге кәрі адамға тән наздарын білдіріп, күнделікті жүргізілетін іс-шараларды күтіп, өмір сүруде. Бұл интернат-үйдің тұрғындары – қартайған шақтарында тұрмыстың тауқыметін көргендер, күнкөрістің қамын жасайын десе, кәрілік пен аурудан қауқарлары таусылғандар, яғни тағдырдың жазуымен бас сауғалағандар. Аталмыш мекеменің директоры Нина Попованың айтуынша, мұндағы қарттардың басым бөлігінің бұл дүниеде жанашыры қалмаған, көбінің баласы жоқ екен. Мәселен, Нина Онфросева – бала кезінде Ленинград құрсауынан тірі қалған, талай жыл ауыр өндірісте еңбек етіп, тұрмысында еш мұқтаждық көрмеген жан. Алайда 73-ке келген қарияның қолдарынан күш кетіп, ақыл-ойы мен еске сақтау қабілеті төмендеген кезде Қарттар үйінен басқа барар жері қалмаған. Сол сияқты Райхан Ақсанованы да тағдыры осы мекемеге әкелген. Балалалары бүлдіршін кезінде шетінеп, жұбайы қайтқаннан кейін өз бетінше 20 жыл жалғыз күй кешкен кейуана осыдан үш жыл бұрын аталмыш мекеменің табалдырығын аттауға мәжбүр болған.

Олардың арасында мемлекеттің күтімін ұнатпай, кейін кеткісі келетіндер жоқтың қасы. Өйткені, олар қоғамдық ортада жалғыздықтан, ешкімге керексіздіктен, тұрмыстарын күйттей алмағандықтан осы жерде. Сондықтан бұрынғы тіршілігіне қайсысы болсын оралғысы келмейді. Тек интернаттың тәртібіне қарама-қайшы әрекеттерге жол бергендер ғана әкімшіліктің шешімімен мекемеде тұру құқығынан айрылады. Ондай жағдайлар көбіне спирттік ішімдікке байланысты туындайды екен. Интернат-үйдің тұрғындары толық мемлекеттің есебінен күнелтеді. Ал олар зейнетақыларын өз қажеттеріне жұмсайды. Бір кереғарлығы – бұл адамдарды бағып-қағуға келген кезде олардың туған-туыстары болмайды да, ал зейнетақыларын алуға келгенде жекжаттары табыла қалады. Владимир Павлович осында 2007 жылдан бері тұрады. Оның әскери қызметте жүрген екі ұлы да қаза тауып, оларды ерте жер қойнауына берген. Балаларының қазасынан зағип болып, төсек тартып қалған зайыбын 5 жыл бағып, оның өлімінен кейін өзі де инсульт алыпты. Басынан өткен оқиғаларды еске алған кезде көзінен жас ағады. Дегенмен, қарт мемлекеттің қамқорлығына разы. Ал зейнетақысын немерелері алады. “Мен бұл жерден шықсам, бір күн де өмір сүре алмаймын. Өйткені, кәрілік пен ауру күннен-күнге өршіп барады. Медбикенің көмегінсіз жүре алмаймын. Оның үстіне мұнда менімен әңгімелесетін адамдар да бар. Ал немерелеріме ауыртпалық жасағым келмейді. Пәтерімді оларға құжаттап бердім”, – дейді қарт. Алайда немерелерінің жолын тосатындығы, оларды жиі көруді аңсайтынын әңгіме кезінде түсіп кеткен көңіл күйі аңғартты.

Қарттар үйіндегі тағы бір назар аударатын жайт – мұндағы қарт-қариялар қалған өміріне серік табуға әрекет жасайтындығы. Мұндағы алты жұп заңды түрде некеге отырып, өздеріне тиесілі бір бөлме алып, қарттық жастарында жұптасып өмір сүруде. Бұл, әрине, оларға кәріліктің ауыртпалығын бірге бөлісіп, сырласып, бір-біріне мейірімдерін танытуға мүмкіндік тудырады. Ерлізайыптылар Раиса Медведенко мен Лев Иванов некелерін қиғанына 4 жыл болыпты. Қол ұстасып, жұптарын жазбай жүрген оларға қарап, тіршіліктің әр сәтін жіберіп алмауға тырысу – кәрілікке тән мінез екенін аңғарғандайсың…

– Жылдан-жылға мекемеміздің ахуалы жақсарып келеді. Қарттарымызға барлық жағдай жасалған. Тағдырдың жазуымен келген бұл адамдар тұрмыстың еш қиындығын көрмейді. Қарттарға құрмет пен сыйластық қашанда болуы керек, сондықтан мұндағы қызметкерлер өз жұмыстарын үлкен сүйіспеншілікпен атқарады, – дейді Қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйдің директоры Нина Попова.

Петропавл – Бескөл –
Тайынша – Петропавл.
 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp