Хайырбек ҚОЖАХМЕТОВ,
дәрігер-терапевт.
Бұрындары қан қысымының көтерілуі көбінесе жасы үлкен адамдарда кездесетін. Осынау аурудың соңғы кездері “жасарып” бара жатқанынын көріп, алаңдамасқа амалың жоқ. Ол жаңа басталып келе жатқан кезде дәрі-дәрмекке жүгінбей-ақ алдын алуға болатынын екінің бірі біле бермейді. Ол үшін мынадай сегіз шартты мықтап ұстансаңыз болғаны:
1. 3-4 кг. артық салмақтан арылмасаңыз, ол тек сымбатыңызға нұқсан келтіріп қана қоймай, дәрігерлердің айтуынша, қан қысымыңыздың арту қаупін 3-6 есе көбейтеді. Адамдардың шамамен 30%-ы аталмыш ауруға семіздік арқылы шалдығатынын ұмытпағаныңыз жөн. Демек, артық салмақтан арылу арқылы қан қысымынан да арылуға болады.
2. Күн сайын бір банан жеп тұрыңыз. Одан көп жемеңіз. Оның құрамындағы минералды заттар, бәрінен де бұрын калий қан тамырларын кеңейтіп, қан айналысын жақсартады. Банан болмаса, картопты аршымай қабығымен пісіріп, немесе қызанақ (помидор, күніне 1-2 дана), өрік, кептірілген өрік (күніне 4-5 дана) жеп жүрсеңіз де болады.
3. Жаттығулар жасаңыз. Денсаулығы әлсіз не жасы ұлғайған адамдардың апта сайын 20-30 минуттан 3-4 рет серуендеуді үрдіске айналдырғаны жөн. Жаттығу түрлерін әркім өз шамасына қарай таңдауы тиіс. Бұл да қан қысымының қалыпты жағдайын сақтауға көмектеседі.
4. Қажет кезде өзіңді-өзің ұстай біл. Қан қысымын болдырмау үшін ауыр жұмыстан қашудың қажеті жоқ. Ауруға жұмысыңыздың сипаты әсер етпейді, тек қалай атқарсаңыз және одан қаншалықты қанағат сезімін аласыз – әңгіме сонда.
5. Үй жануарларын ұстаңыз. Оларды, мысалы, мысықты еркелетіп, сипағанның өзі көтерілген қан қысымын едәуір түсіреді.
6. Қатты айқайлап сөйлеу де қан қысымын көтереді. Егер ашуланып айқаласаңыз, қан қысымыңыз одан бетер көтеріледі. Сондықтан мүмкіндігінше дауыс көтермей, жаймен сөйлеуге тырысыңыз.
7. Шын сөйлеңіз. Жалған ойлап, жалған айту да миға салмақ түсіреді. Ақыл-ойды шатастырады. Күйзеліске ұшыратады. Ал күйзеліс болса, қан қысымын көтереді. Сондықтан өтірік айтушы болмаңыз, шын серігіңіз шындық болсын.
8. Күле жүріңіз. Дәрінің ең жақсысы – күлкі. Күлген кезіңізде адреналин мен кортизонның (бұл екі гормон да қан қысымының артуына ықпал жасайды) бөлінуі азаяды.