«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ ТАРИХТЫ ЗЕРДЕЛЕУГЕ АРНАЛҒАН Қоғамдық кеңес құрылды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.

Кеше өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанынан құрылған Ұлттық тарихты зерделеу мәселелерін үйлестіру жөніндегі қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы болып өтті. Онда Қоғамдық кеңестің жұмыс жоспары, ұлттық тарихты жаңаша оқып-үйрену, тарихи-өлкетану қызметі мәселелерін үйлестіруге арналған жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Оған мемлекеттік ведомстволардың, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының, қоғамдық ұйымдардың басшылары, Петропавлдағы мұражайлар мен кітапханалардың директорлары қатысты.

Ішкі саясат басқармасының басшысы Салауат Мұқсимов Елбасының тапсырмасын орындауға орай облыстық әкімдіктің жанынан құрылған Ұлттық тарихты зерделеу мәселелерін үйлестіру жөніндегі қоғамдық кеңестің екінші жартыжылдыққа арналған жұмыс жоспарын жиналғандар назарына ұсынды.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, доцент Нұрболат Әбуов ұлттық тарихты бүгінгі заман талабы тұрғысынан зерделеу жайлы өз ойын ортаға салды.

Мәдениет, мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Елубаев тарихи-өлкетану қызметі мәселелерін үйлестіруге арналған жұмыстарды ұйымдастыру жайын сөз етті. Рүстем Мұқашұлының айтуынша, облыс аумағында 12 мемлекеттік, 9 қоғамдық тарихи-өлкетану мұражайы жұмыс істейді. Оларда 370 мыңнан астам экспонаттар сақталуда. Мектептерде 173 мұражай бар. 318 кітапханадағы кітап қоры 3 751 962 дананы құрайды, оның 799 197-сі – мемлекеттік тілде. Биыл 43655 дана жаңа кітап сатып алынды. С.Мұқанов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханада 2000 жылы ашылған “Өлкетанушы” клубы Қызылжар өңірінің тарихи тұлғаларын оқырмандарға таныстыруды мақсат етеді. Аталмыш клуб облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жанындағы “Асыл мұра” орталығымен тығыз жұмыс істейді. Осындай шаралар жайлы айта келіп, Рүстем Елубаев облыс орталығындағы мұражайлар мен тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастыруды, туған өлкені оқып-үйренуге арналған тақырыптық олимпиадалар өткізуді жандандыру жайлы ұсыныс жасады.

Қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов тәрбиелілігі мен сапалылығын арттыру мақсатында мектеп мұражайларының байқауын жүйелі түрде өткізу, “Асыл мұра” ғылыми-әдістемелік орталығының меңгерушісі Таңат Сүгірбаев тарихи-өлкетану мұражайында тұрақты түрде жұмыс істейтін этнография бөлімінің қажеттігін алға тартты.

“Абылай хан резиденциясы” мұражайының директоры Гүлнар Сыздықова, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің директоры Нағима Тәженова күн тәртібіндегі мәселеге орай өзекті мәселелерді сөз етті.

Отырыс барысында көтерілген мәселелерді қолдай келіп, Самат Ескендіров мектептердегі мұражайлар жұмысын жетілдіру, олардың тарихи құндылығын арттыру, ведомстволарда тарихи-өлкетану қызметін зерделеуді үйлестірумен айналысатын жұмыс органдарын құру, алдағы уақытта Қоғамдық кеңестің отырыстарын мемлекеттік тілде жүргізу қажеттігін атап айтты.

 

Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРТОВ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp