«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ӘКЕ КӨРІП, ОҚ ЖОНҒАН” деген сөз Юрий Шольға арналып айтылғандай!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өндірістің жоғары өнімділігінің арқасында серіктестік өз жұмысшыларын лайықты еңбекақымен қамтамасыз етіп отыр. Өткен жылы орташа айлық еңбекақы көлемі 79 мың теңгені құраған. Бұл қуатты өндірістік кәсіпорындары бар Петропавл қаласы бойынша көрсеткіштен де жоғары. Ал ауыл шаруашылығы кәсіпорындары арасында оның алдына түсері жоқ деуге болады. Жұмысшылардың күрделі буындағы жекелеген санаттарына 125 мың теңгеге дейін еңбекақы төленеді.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Заградовка ауылындағы “Прометей-Агро” ЖШС-і – Есіл ауданындағы ғана емес, облысымыздағы ауыл шаруашылығы өндірісін жоғары технологиялық жолға қойған іргелі кәсіпорындардың бірі. Серіктестік тауарлы астық өндірісімен қатар, дәнді және майлы дақылдардың жоғары сұрыпты тұқым шаруашылығы ісіне бағдар ұстанған. Басында шаруа қожалығы болып құрылып, 2002 жылдан бастап қайта құрылымдаудан өткен кәсіпорын былтыр өзінің он бес жылдығын атап өтті.

Оның бастауында өңірімізге әйгілі шаруашылық басшысы Иван Карлович Шоль тұрған. Бірақ ол өзінің үзбей 25 жыл басқарған “Заградовский” кеңшарының қолда барын өзіне тартып, қонышынан басып қалмай, шаруашылық тараған кезде жеке шаруа қожалығын құруды жөн санаған. Ортақ мүліктен еншіге тиген екі ескі комбайнды, екі “К-700”-ді және екі “МТЗ-80” тракторы мен аздаған егіс құралдарын қанағат тұтқан қожалық өз тірлігіне кірісіп, қаз басып кетті. Алайда, өмірден ерте кеткен әкенің бұл ісін ұлы Юрий Шольдің жалғастыруына тура келді.

– Сол 1999 жылдан бастап қожалық та даму жолына түсті. Дәнді дақылдардан 25 центнерден өнім алып, бір серпіліп қалдық. Оның үстіне мемлекеттің салық саясатына да өзгеріс енгізіліп, бұрынғы төлеп келген салықтың 20 пайызын ғана төлейтін болдық. Егістік жер көлемі ұлғайып, техникалық қуатымыздың артуына байланысты 2002 жылы қайта құрылымдаудан өтіп, қазіргі “Прометей-Агро” ЖШС-іне айналдық. Осы жылы өз қаржымызға “Клаас” комбайнын алдық. Жыл сайын жоғары өнімділікке қол жеткізуіміздің арқасында осызаманғы жоғары өнімді техникалармен жарақтана түсуімізге мүмкіндік туды. Екі жылдан кейін алғашқы егіс кешеніне де қолымыз жетті. Сөйтіп, инвесторларға қол созбай-ақ, лизингке “ҚазАгроФинанс” АҚ арқылы тікелей жаңа техникалар ала бастадық. Осы қаржы институтымен күні бүгінге дейін ынтымақтаса жұмыс жүргізіп келеміз. Сондай-ақ тыңайтқыштармен және өсімдік қорғау дәрі-дәрмектерімен жүйелі жұмыс жүргізудің нәтижесінде астық шығымдылығы арта түсуде. Өткен 15 жылда орта есеппен гектар басынан 18,3 центнерден өнім алдық, – дейді Юрий Иванович.

Ауылдың өзгелермен салыстырғанда қаймағы бұзылмай, біршама бүтін отыруының себебі, ондағы “Прометей-Агро” мен бұрынғы кеңшардың негізінде құрылған “Заградовское” ЖШС-лерінің қатарласа жұмыс істеп отырғанынан болса керек. Орталық қоныстағы 300-ден аса отбасының, ал жалпы ауылдық округ бойынша 1800-ден астам тұрғындардың тұрмыстіршілігі осы шаруашылық құрылымдарына байланысты. Кеңшардың басты мұрагері саналатын Иван Фисенко басқаратын “Заградовское” ЖШС-нің, әрине, ондағы үлесі де мол. Десе де, орталық қоныстағы көптеген әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің шешімін негізінен Юрий Ивановичтің серіктестігі орайластыруда. Оған өткен жылдың қорытындысы бойынша бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі “Барыс” байқауының дипломы тегін тапсырылмаса керек. Ауылдағы 50 отбасының немесе 200-дей үлескердің басын біріктіріп отырған бұл ұжымда оларды отынмен, жемшөппен қамтамасыз етуде ешқандай іркіліс жоқ. Биыл орталық қоныста үш үйдің құрылысы қолға алынса, оның біреуін “Прометей-Агро” тұрғызуда. Юрий Ивановичтің көрші базалық шаруашылықта әкесінен қалған негізгі капиталында 44 пайыз үлесі болғанымен, одан ештеме дәметіп көрген емес, өз қолымен құрған шаруашылығының жемісін қанағат тұтады. Мұндай өзара түсіністік олардың қатар дамып, ауылдың ортақ жүгін бірлесе көтерулеріне мүмкіндік береді.

Серіктестік басшысының бүгінде бар назары жылдағыдан кештеу басталған орақ жұмыстарына ауып отыр.

– Шаруашылығымызда барлығы 6,5 мың гектар жер бар. Оның 4,0 мың гектарына дәнді дақылдар, соның ішінде 3700 гектарына бидай және 300 гектарына арпа өсіріледі. Соңғы төрт жылдан бері 1000 гектардай алқапқа зығыр және рапс дақылдары себіліп жүр. Осы майлы дақылдар өсірудің тиімділігіне көзіміз жетіп отыр. Өткізу бағасы өте жақсы, өткен жылы тоннасын 80 мың теңгеден саттық, яғни 520-530 доллардан айналды. Қазір шаруашылық механизаторлары астық дестелеумен айналысуда. Онда әзірге өздігінен жүретін бір “Макдон М-105” жаткасы және қостанайлық жаткалар тіркелген екі “МТЗ-82” тракторы жұмыс істеуде. Алымдылығы 10,6 метрлік “Макдон М-105” жаткасымен жұмыс істейтін Владимир Беккер күніне 100 гектар алқаптың астығын дестелейді. Ал 9 метрлік қостанайлық жаткалармен егін дестелеуші Валерий Шиллер мен Николай Зрожевскийлердің де еңбектері өнімді, 80-90 гектардан астық дестелеуде. Егініміз бітік әрі қалың өскендіктен, жылдағыдан орақты бірер апта кеш бастап отырмыз. Күн ашық болса, оны барынша қысқа мерзімде, ысырапсыз жинап алуға күшіміз жетеді, – дейді Юрий Иванович.

Шаруашылық басшысы өздері қолданып отырған жаңа технологиялар жайында да айтып берді. Айталық, серіктестік соңғы төрт жылдан бері барынша аз технологияны қолдануға көшіпті. Ол үшін тұқым себуде дәнді топыраққа батырып отыратын дискілі сеялкалар қолданылатын көрінеді. Ал егіс алдында механикалық емес, химиялық өңдеу ғана жүргізіледі. Яғни, осы топырақ қыртысын қопармайтын аз технологияда 50 пайыз танап ылғалы сақталады екен. Олардың қолданып отырған тағы бір технологиялық жаңалығы – көктеген егінді жапырағынан қоректендіру. Оның артықшылығы сол, жапырағы арқылы минералдық заттармен және дәрумендермен қоректенген өсімдік ылғал тапшылығына төзімділік танытып, өсіп-өнуін жалғастыра береді. Ол, әсіресе, биылғы шілдедегі құрғақшылық кезінде көп пайдасын тигізген. Оған серіктестіктің егін алқаптарын аралағанда көзіміз жетті. Осындай дер кезінде қоректендірілген супер-элита “Омбы-38” бидайы өсірілген алқапта гектар шығымдылығы кемінде 30 центнерден айналары анық. Оның іргесіндегі қоректендірілген “Домсинская-янтарьная” бидайы алқабының да бітік екендігін көрдік.

Осы егінді жапырағынан қоректендіретін өздігінен жүретін “Джон-Дир 49-30” қондырғысының алымдылығы 36 метрді құрайды, сағатына 30 шақырым жылдамдықпен жұмыс істейді, тәулігіне 800 гектардың егінін қоректендіре алады. Облыстағы небары 4 қондырғының бірінің осында жұмыс істеуі серіктестіктің озық техника мен технологияға оң көзқарасын аңғартса керек. Оның астық шығымдылығына тікелей әсері туралы шаруашылық басшысы нақты мысал келтірді. Көршілері былтыр парға шығымды “Астана-2” бидайын сеуіп, 10 центнерден ғана өнім алған, дәл осы тұқымды пардан кейін 4-ші жыл пайдаланылған алқапқа сепкен бұлар жапырағынан қоректендірудің арқасында 16 центнерден өнім жинаған.

Серіктестікті бүгінде тек осызаманғы техникалармен және жаңа технологиямен жұмыс істейтін үлгілі шаруашылыққа бекерге баламайды, мұнда аудандық және облыстық ауыл шаруашылығы семинарлары тегін өтіп жүрген жоқ. Бүгінде олардың қолында үш “Клаас”, екі “Вектор” комбайны, бір-бірден “Джон-Дир” және “Бюллер-Хорш” егіс кешендері бар, жуырда тағы бір “Джон-Дир” комбайнын алмақшы. Шаруашылық ескі үлгідегі “Енисей” комбайнымен, “К-700” тракторымен жұмыс істеуден бас тартқан. Есесіне жеңіл жұмыстарға қолайлы жаңа “МТЗ-82” тракторлары санын көбейтіпті. Олар түрлі шетелдік қондырғы-тіркемелермен сан алуан жұмыстар атқаруда.

Бәрін жаңадан қалағанның бір артықшылығы – онда бұрынғы ескі-құсқы техникалардың бірі жоқ. Мысалы, мұнда жаңа екі “СМС-20” механикалық қырманы жұмыс істейді, жанында 60 тонналық астық түсіру ұрасы бар. Жалпы көлемі 10 мың шаршы метр асфальт алаңы жарқырап тұр. Сол сияқты, тәулігіне 300 тоннаға дейін астық кептіретін “Веста-15” астықкептіргіші екі жылдан бері жұмыс істеуде. Оларда бұрнағы жылы 10 мың тонна астық кептіріліп көп пайдасы тиген. Ол астықты элеваторға апарып кептіргеннен гөрі екі есе арзанға түседі. Тазартылған астық сақтайтын 4 мың тонналық қойма да дайын, сондай-ақ астықты целлофан жеңге салып сақтайтын қондырғылар да әзірлікке келтірілген.

Серіктестіктің жаңа технологиядағы жетістіктерінің бірі – қайта орны толатын “жасыл энергия” қуатынан жылу алу жүйесіне көшкені. Қазір шаруашылық ауласы осы жүйемен жылытылады. Ол үшін арнайы жылыту қазандығын орнатып, оған отынға зығыр сабаны орамалары пайдаланылады. Бұрын бір қысқа ауладағы қонысжайларды, гараждарды жылытуға 70 тонна көмір жұмсалған болса, қазір 50 тонна немесе 500 дана сабан орамасы жеткілікті. Сабанды орап дайындауы болмаса, басқа шығын шықпайды, зығыр өздерінде өсіріледі, сабанды танапта күйдіруге тыйым салынатындықтан, ол тіпті де тиімді. Мұндай отын көзі қоршаған ортаны ластамайды.

Өндірістің жоғары өнімділігінің арқасында серіктестік өз жұмысшыларын лайықты еңбекақымен қамтамасыз етіп отыр. Өткен жылы орташа айлық еңбекақы көлемі 79 мың теңгені құраған. Бұл қуатты өндірістік кәсіпорындары бар Петропавл қаласы бойынша көрсеткіштен де жоғары. Ал ауыл шаруашылығы кәсіпорындары арасында оның алдына түсері жоқ деуге болады. Жұмысшылардың күрделі буындағы жекелеген санаттарына 125 мың теңгеге дейін еңбекақы төленеді.

Кәсіпорын басшысы өндірісте тірек болатын өзіне лайықты көмекшілер таба білген. Олар – директордың шаруашылық құрылған күннен бірге істейтін өндірістік мәселелер жөніндегі орынбасары Валерий Юркинсон, шаруашылық істері жөніндегі орынбасары Кенже Бейсенбаев, бас инженер Василий Быба және бас бухгалтер Гүлнәр Иманбайырова. Юрий Иванович бізге өндіріс озаттары қатарында ағайынды механизаторлар Жанат, Марат және Серік Бисинбаевтардың, комбайншылар Қанат Сасықбаев пен Александр Новикеевичтің, реттеуші-дәнекерлеуші Иван Олейниковтің есімдерін атады.

Алдында екі рет аудандық мәслихаттың, бүгінде облыстық мәслихаттың депутаттығына сайланған Юрий Шоль мемлекеттік-жекеменшік серіктестік әрекеттерімен де көзге түсуде. Жақында бұл жайында облыстық мәслихаттың сессиясында да айтып берді. Сол жолы айтылғанындай, серіктестік әртүрлі әлеуметтік-қоғамдық ұйымдарға 2009 жылы 3458 мың теңгенің, 2010 жылы – 761 мың теңгенің, 2011 жылы – 1292 мың теңгенің және 2012 жылы 4599 мың теңгенің демеушілік көмегін жасаған. Соның ішінде, әсіресе, Заградовка орта мектебіне көрсетіп отырған қайырымдылық көмегі мол. Мысалы, 2009 жылы 3 миллион теңгеге акт залын түгел жаңартып берді, өткен жылы мектеп оқушыларына 1,4 миллион теңгеге 2 жиынтық хоккей жарақтарын сатып әперді. Ал биыл 420 шаршы метр мектеп еденіне линолеум төсеуге қаржы бөлді. Сондай-ақ шаруашылықтың ауылда наубай-хана ашып, тұрғындарды 40 теңгенің арзан сапалы нанымен қамтамасыз етіп отырғанын да әлеуметтік серіктестік ісіне балаған жөн.

Шаруашылықтың бас кеңсесіндегі еңбеккерлердің демалысы үшін жасалған жағдайды директордың өзі аралатып көрсетті. Онда жаттығу залы, бассейн, сауна, душ, мәжіліс залы, бильярд ойнайтын орын және асхана бар. Қазіргідей қауырт науқан кезінде жұмысшыларға түскі және кешкі ас тегін беріледі. Арнайы термостағы тамақты танап басына тасып беруде жүргізуші Орынбай Омаров тындырымдылық танытуда.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бүгінде көзге түсерліктей атқарылып жатқан игі істердің бірі – ауылды асфальт жолға қосатын 5 шақырым грейдерге тас төсеу жұмысы. Оған Юрий Иванович өткен жылы 1,5 миллион теңге қаржы жұмсаған болатын. Қазір де бұл жұмыс қайта қолға алынып, астық тасымалына дейін жолды жақсартып алу қамы жасалуда.

Осылайша жаңа техникалар мен технологияларға сүйенген “Прометей-Агро” ЖШС-і өндірісін өрге бастыра отырып, өзінің әлеуметтік жауапкершілік жүгін де еңсере бермекші.

Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp