«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЛІМДІ ЖЕҢГЕН ӨМІР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көршім Нұрлан Қабдолхалықов жұбайы Еркежан (шын аты Бибігүл, жақындары оны еркелетіп осылай деп атап кеткен) екеуі екі баласымен және Нұрланның анасымен тату-тәтті өмір сүріп жатқан бақытты шаңырақ еді. Келіні мен енесінің сыйластығына біз қызыға қараушы едік. 

Бүлдіршін сәбилер әкесі мен шешесіне, әжесіне өздерінің балалық тәтті қылықтарымен үнемі қуаныш-шаттық сыйлайтын. Кіп-кішкене Жанбота 3 жасынан “Қара жорға” биін үлкендерше билегенде таңғалмайтын жан болмайтын. Осындай қуанышты күндердің бірінде Нұрланның анасы қатты ауырып, көп жатпастан бақилық дүниеге аттанып кете барды. Алланың жазғанына не шара қыласың? 60-тан асқан шағында анасы немерелерінің қызығына тоя алмай, арманда кетті. Анасының соңынан туысқан апайы өмірімен қош айтысты.

Нұрланның жүрегі бұл соққыға шыдай алмады. Кенеттен қатты ауырып, сол жақ денесінен жан кетіп инсульт болып жатып қалды. Дәрігерлер Еркежанға: “Дайын болыңдар, мұндай аурумен көпке бармайды”, – деп турасын айтты. Еркежанға оңай болған жоқ. Қайғы-қасірет дегенді білмей, жадырап-жарқырап, жан-жағына мейірім шашып жүрген адам 42 жасында мүлдем қартайып кетті. Ауруханада жатқан Нұрланы, үйдегі Жансаясы мен Жанботасы және жұмысы – бәріне үлгеру керек. Ол есін тез жинап, белін бекем буды. “Жоқ, мен Нұрланды аяғынан тік тұрғызамын, Алла маған көмек береді” – деп Тәңірге жалбарынды.  

Расында, Еркежан Аллаға сенетін еді. Балалары да сондай тәртіпті, анасының қабағына қарап, не айтарын көзінен танып, жаутаңдап жүгіріп жүреді. Оларға да оңай болған жоқ. Нұрлан үйге 1-ші топтағы мүгедек болып оралды. Өмір мен өлім арпалысты. Еркежан балаларымен бірге Нұрланның өмір сүруі үшін күресті.

Бірде Жанботаның әкесіне: “Әке, сен тұрып кетіп, бізді қашан қуантасың? Сол күндерді сағындық қой” деген сөздері Нұрланға қуат берді. Еркежанның аялы алақанының, мейірімді жүрегінің және балаларының тілектерінің арқасында Нұрлан ақырын орнынан тұрды. Ұлындай болып кеткен туысқанының баласы Әділхан мен Жансая, Жанбота сүйемелдеп, әкесін жүргізіп жүреді. Еркежаны Аллаға мың шүкіршілігін айтып, тәубе деп отырады. Нұрлан қазір нық тұрып, жүріп жүр. Отбасының арманы орындалды. Қазіргі таңда Әділхан, Жансая мен Жанбота Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте білім алып келеді. Үйдің отағасы аяғын басысымен бұл үйге күннің нұры кіргендей шуақты. Бұрындары да күлкісі езуінен жиылмайтын Еркежанның көңілі одан да шат.

Дәмет БЕКТАСОВА.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp