Қыркүйек айының басындағы жұма, сенбі және жексенбі күндері спортты сүйетін отбасылар бір жасап қалды. Отбасы күніне орай жарыстар өткізіліп, спортсүйерлер шеберлік салыстырды.
“Әкем, шешем, мендағы – спортшылар шаңырағы!” деп аталатын осындай шеберлік сынағына жұма күні олимпиадалық резервтің “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде сегіз отбасы шықты.
Оны өңірлік Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ұйымдастырды.
Сегіз отбасының үшеуі қаланың балалар мен жасөспірімдер мектептерінен, қалған бесеуі Қылмыстық-атқару жүйесі дератаментінен жарысқа келді.
Шеберлік салыстырғандар бес кезең бойынша сынға түсті. Бұл кезеңдер “Кім шапшаң?”, “Шығырды көзде!”, “Шарды алып жүр!”, “Жас қарғушы” және “Құрама эстафета” деп аталды.
Бас жүлдені Жақыповтар отбасы жеңіп алды. Екінші орын Тоқбаевтар шаңырағына бұйырды. Ал үшінші жүлде иесі – Байғожиндер үйелмені.