«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛ ЖАНАШЫРЛАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше облыс әкімі Самат Ескендіровтің қатысуымен Қазақстан халқы тілдерінің XV облыстық фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында болған шарада мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтар марапатталды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Самат Ескендіров:

– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – бір халық, бір ел, бір тағдыр” деген тақырыпта Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясында ұлтты топтастыратын басты фактор қазақ тілі екендігін атап өткен болатын. Елбасы жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еліміздегі тіл саясаты мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Маңызды құжатта айқындалған міндеттерді жүзеге асыру барысында облысымызда ауқымды шаралар қолға алынып, айтарлықтай жұмыс атқарылып отыр. Тілдерді оқытудың сапасын арттыру үшін материалдық-техникалық база нығайтылуда. Сондай-ақ көптілді тұлға қалыптастыру тәуелсіз Қазақстанның тіл саясатындағы мақсаты. Президент елімізде тілдердің үштұғырлылығы жобасын ұсынды. Облысымыздағы бірқатар мектептер осы бағытта жұмыс істеуде, – деді.

Самат Сапарбекұлы мемлекеттік тілді дамытуға және басқа да тілдерді насихаттауға қосқан үлестері үшін бірқатар тұлғаларға, мекемелерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті. Қазақстан халқы тілдерінің XV облыстық фестивалі аясында 8 аталым бойынша үздіктер марапатталды. Мәселен, “Қазтест” жүйесі бойынша “Мемлекеттік тілді меңгерген үздік аудан” – Айыртау ауданы, “Білім саласында тілдерді насихаттауда үздік аудан” – Тайынша ауданы, “БАҚ-та тілдерді насихаттауда үздік аудан” – Ғ.Мүсірепов атындағы аудан, “Мемлекеттік тілде құжат жүргізуші үздік аудан” – Ақжар ауданы танылып, Аққайың ауданындағы “Дайындық” ЖШС-нің директоры Біржан Шаймерденов “Тіл меценаты” атанды. Сондай-ақ мемлекеттік тілді және Қазақстан халқы тілдерін насихаттау бағытында өткен облыстық байқаулардың жеңімпаздарына да қошемет көрсетілді.

– Көп жылғы еңбегімізді ескеріп, марапаттап жатқаныңызға алғысымыз шексіз. Елбасы атап өткеніндей, Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Ана тіліміздің мәртебесі асқақтап, татулықтың, ынтымақтың белгісіне айналсын, – деді облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған Есіл ауданындағы Бұлақ орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Күлтай Оспанова.

Фестиваль барысында тіл, әдебиет, өнер бойынша өткен республикалық байқаулар мен мүшәйралардың жеңімпаздары сахна төріне шақырылып, құрмет көрсетілді. Олар өз кезегінде қазақ тілін білу ел мен жерге көрсетілген құрметтің, отансүйгіштіктің белгісі екендігіне тоқталды. Осы жөніндегі ойларын Наталья Петрова, Екатерина Смирнова, Екатерина Жукова қазақ тілінде жеткізсе, “Тіл – барлық білімнің кілті” атты орыс тілі білгірлерінің республикалық байқауының жеңімпазы Әйгерім Ақылбайқызы “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” деген пікірін орыс тілінде білдірді.

Фестивальдың екінші бөлімінде жергілікті өнерпаздар өз өнерлерін көрсетті. Оның барысында Қызылжар өңірінде туып-өскен қазақтың біртуар ұлдарын сомдаған С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері ұлы бабалардың өсиеттерін жеткізсе, белгілі ақындар Қайырлы Ғафуров пен Нұргүл Оқашева қазақ тілінің мәртебесі жайлы айтысты.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp