«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАУҚАНДЫ 15-20 КҮНДЕ АЯҚТАУ ҚАЖЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Самат Ескендіров жұмыс сапарымен Шал ақын, Тимирязев және Есіл аудандарында болды. Диқандармен кездескен өңір басшысы күзгі жиын-терімді 15-20 күнде аяқтау міндетін қойды.

Самат ЕСМАҒИ,  

журналист.

Облыс әкімі алдымен Шал ақын ауданының Жаңажол ауылдық округінде орналасқан “Азко-Жаңажол” серіктестігінің танап басына ат басын тіреді. Ондағы жер телімі – 4,5 мың гектар. Диқандар жалпы алқаптың 30 пайызын тура соғып алса, 48 пайызын дестеге түсірген. Танап басында қазір 4 комбайн мен 5 тіркемелі лафеттік шалғы жұмыс істеп жатыр. Гектар берекелігі 13 центнерден айналуда. Бұдан соң Самат Ескендіров “Пармен Агро” серіктестігінің дала жұмыстары барысымен танысты. Олар биыл 1700 гектар алқапқа ырыс дәнін сіңірген. Оның 27 пайызын жинап алса, 50 пайызы дестеде жатыр. Өнімділік – орташа есеппен 13 центнер.

Аталмыш аудандағы “Стимул” шаруа қожалығында да күзгі орақ науқанының қызған шағы. Олардың меншігіндегі жер телімі – 2700 гектар. Оның 450 гектары парға қалдырылса, 1600-іне бидай, қалғанына рапс пен зығыр өсірілген.

ШҚ басшысы Владимир Пафовтың айтуынша, “Стимул” майлы дақыл өсірумен 10 жыл айналысып келеді. “Биыл 760 гектарға орналастырылды. Қазір рапсты орып жатырмыз, шығымдылығы жақсы. 18-20 центнерден өнім беруде. Соңғы түскен ылғал да тік тұрған алқаптарға жақсы болды. Ондағы гектар берекелігі 20 центнерден асады деп жоспарлап отырмыз”, – деді ол.

“Гермес Агро” серіктестігінің алқабында өңір басшысын агроқұрылым жетекшісі Виктор Окунев атқарылып жатқан жұмыстан құлағдар етті. 5200 гектарды құрайтын алқаптың бүгінгі таңда 32 пайызы толығымен жиналынып алынса, 51 пайызы дестеге құлатылыпты. Қуаттылығы жоғары 5 комбайн қазір астықты тура соғып жатыр. Өнімділік 16-17 центнерден айналуда.

Жалпы, шалақындық диқандар үстіміздегі жылы 201 мың гектар жерді игерген. Оның 14100 гектарын майлы, қалғанын дәнді дақылдар құрайды. Астықтың 44 пайызы дестеге түсірілсе, 23 пайызы қамбаға құйылған. Гектар берекелігі орта есеппен 11,4 центнерді құрайды.

Бұдан соң облыс әкімі Тимирязев ауданындағы күзгі дала жұмыстары барысымен танысты. Мұнда биыл 207 мың гектар жерге ырыс дәні сіңірілген. Қазіргі күні оның 49,9 пайызын дестеге түсірсе, 37 пайызын жинап алыпты. Гектар берекелігі – 9,9 центнер. Құртай ауылдық округі шаруалары биыл 11 мың гектар алқапқа дән сепкен. Бүгінде танаптардың 30 пайызы жиналып алынса, 40 пайызы дестеде жатыр. Диқандар ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіруде десті.

Ақжан ауылдық округіндегі “Солтүстік Байлық” серіктестігіндегі дала жұмыстары да облыс әкімінің назарынан тыс қалған жоқ. Агроқұрылымның жалпы жер телімі 26000 гектар болса, оның 12300-і – аталмыш округте. Олар ырыс дәнін ысырапсыз жинап алу үшін қолда бар мүмкіндікті пайдалануда. Танап басында қазір өнімділігі жоғары 25 комбайн жүр. “Ақсуат Зерно” серіктестігінің жер телімі – 1899 гектар. Олар да егін орағына ел қатарлы кіріскен. Алайда, жұмыстары мардымсыз. Техникалар тоқтап тұр. Серіктестік жетекшісі Ирина Солдатенко: “Бидайдың ылғалдылығы 16 пайыз, сондықтан оны жинау мүмкін болмай отыр”, – дейді.

Өңір басшысының Тимирязев ауданында аялдаған соңғы агроқұрылымы – “Мичуринское” ЖШС. Облыс әкімімен әңгіме барысында серіктестік жетекшісі Александр Барамидзе күзгі дала жұмыстары жоспарға сай атқарылып жатқандығын атап көрсетті. Қазіргі күні егіннің 40 пайызы жиналып алынған. Гектар берекелігі 17-18 центнерден айналуда. “1300 гектар арпа дестеде жатыр. Одан 25-27 центнерден өнім аламыз деп отырмыз. Ауа райының қолайсыздығынан бидайды тура соғудамыз. Оған 12 комбайн жұмылдырылды. Танап басынан астық бірден қырманға жөнелтілуде. Бүгінге дейін 3 мың тонна бидайды элеваторға өткіздік. Сонымен қатар қазіргі күні 1 мың тонна тұқымдық бидайды сақтауға салдық”, – деді Александр Барамидзе.

Аталмыш серіктестік егіншілікпен қатар, мал шаруашылығын дамытуды да қолға алған. Өткен жылдың соңында Америкадан “Ангус” тұқымдас 247 бас құнажын әкелініпті. “Теріскейдің қысына бейімделіп кетті. Мал шығыны болған жоқ”, дейді агроқұрылым басшысы. Ірі қараға биылғы қысқа қажетті жемазық толығымен әзірленген. “Қазір 1200 тонна сүрлем бастырып, 1,5 мың тонна сапалы суданка шөбін маялап қойдық. Ол шаруашылықтағы ірі қараға толығымен жеткілікті. Ауыл тұрғындарын да жемшөпсіз қалдырмаймыз”, – дейді серіктестік басшысы.

Бұдан соң облыс әкімі Есіл ауданындағы “Агрохимснаб” серіктестігінің қырманы басына келеді. Қазір онда биылғы жылдың астығы қабылданып жатыр. Танап басынан жеткізілген бидайдың ылғалдылығы жоғары. Агроқұрылым биыл астық сақтайтын екі қойма тұрғызыпты. Әрқайсысының сыйымдылығы – 3 мың тонна. Қазір онда асфальт төсеу жұмыстары аяқталып қалыпты. Самат Ескендіров серіктестіктің танап басындағы орақ науқаны барысымен де танысып шықты. Ауа райы бұларға да кедергі келтірген. Бірақ оған қарап жатқан шаруалар жоқ. Техникалары толық қуатында жұмыс істеп жүр.

Облыс әкімі жұмыс сапары соңында агроқұрылым басшыларына жер ана төсіндегі ел ырзығын 15-20 күн ішінде шашау шығармай, жинап алу керек деген міндет қойды.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

 
 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp