«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУ ҚОРЫ” АҚ облыстың 291 жобасына көмек көрсетті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“ҚазАгро” Ұлттық басқару холдингінің еншілес кәсіпорны – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ басқармасының төрағасы Нармұхан Сарыбаев Қызылжар өңірінде болып, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының екінші бағыты бойынша берілген микрокредиттерді игеру барысымен танысты.

Айдар ТӨЛЕЕВ,

“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ ОФ-нің бас кредит менеджері.

Аталмыш микрокредит жұмыссыздарға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, аз қамтылған отбасыларға, мектеп түлектеріне, еңбек ету қабілетін сақтаған мүгедектерге, Балалар үйінде тәрбиеленгендерге, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға бір қарызгерге 3 млн. теңге көлемінде 54 айға дейінгі мерзімге жылдық 6 пайыздық үстемақымен беріледі.  

– Солтүстік Қазақстан облысында “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша 291 жобаға 600 млн. теңгенің кредиті берілді. Ауылда тұратын кәсіпкерлер, негізінен, кредитті мал, өсімдік және құс шаруашылығын дамытуға, қызмет көрсету нысандарын ашуға және кеңейтуге, құрылыс салуға және цехтарды жаңғыртуға алады. Олардың ішінде құрылыс материалдарын, азық-түлік өндіру өндірісіне арналған жобалар да бар, – дейді “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ ОФ директоры Зейнеп Рахымбекова.

“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ басқармасының төрағасы Нармұхан Сарыбаев облысымыздағы жұмыс сапарын Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылынан бастады. Аталмыш елді мекеннің тұрғыны Евгений Борисевич ағаш өңдеу жөніндегі ісін кеңейту үшін биылғы мамыр айында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 1,9 млн. теңге көлемінде кредит алып, кепілдікке жеке автомобилін қойған көрінеді.  

Евгений Алексеевич отын дайындау жөніндегі бизнесін 2008 жылы бастапты. Уақыт өте келе тәжірибе жинақтаған кәсіпкер бизнесін кеңейте бастаған. “Борисевич Е.А.” ЖК-нің қазір жеке кәсіпорны бар. Кредит қаражатына беларустік ағаш өңдейтін станок, оған қажетті материалдар алған. Соның нәтижесінде жеке кәсіпкер қарамағындағы бес адаммен бір күнде 8 текше метр ағаштан сұранысты ақтайтын өнімдер шығарады.

– Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша берілетін кредит біз сияқты ауылдық кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Жылдық үстемеақысы көп емес, 6 пайыз ғана. Кредит алу үшін алтын уақытты босқа шығындамайсың. Оның үстіне кредитті жабу үшін 1,5 жылға дейін жеңілдік беріледі, – дейді ол.

Қызылжар ауданындағы қаржыландырылған тағы бір жоба – Бескөл ауылындағы ателье. Жеке кәсіпкер Бақыт Сейілова 15 жылдан астам уақыттан бері тігіншілікпен айналысып келеді. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан осымен екінші рет көмек көріп отыр. 2010 жылы Бақыт Серікқызы ателье ашу үшін 900 мың теңге кредит алған болатын. Үш жыл ішінде ол қарызынан құтылып үлгерді. Биылғы мамыр айында тұрғын үйін жер учаскесімен кепілдікке қойып алған 2,8 млн. теңге кредитті жеке кәсіпкер өз бизнесін кеңейтуге, атап айтқанда, еңбек жағдайын жақсартуға, тігу үшін қажетті материалдар алуға жұмсады. Бақыт Серікқызы ательеде тағы екі тігіншіні жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

– Үстіміздегі жылы “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ республика бойынша тұтастай алғанда ауылдық кәсіпкерлерге 13 млрд. теңгенің кредитін бергелі отыр. Күні бүгінге дейін сомасы 8,3 млрд. теңге 4 мыңнан астам қарыз берілді. Жыл соңына дейін тағы 2 мыңдай микрокредит беруді жоспарлап отырмыз. Берген қарызымыздың қалай іске асып жатқандығына Қызылжар ауданында болған кезімізде көз жеткіздік, – деді Нармұхан Сарыбаев.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp