«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МYГЕДЕКТЕРГЕ ЖАНДАРЫ АШИТЫНДАР пандус орнатуды ұмытпайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“АРДОС – Жүрек” мүгедектер бірлестігі” заңды тұлғалар бірлестігі “СҚО белсенді жастары” қоғамдық бірлестігімен бірлесе отыра Сорос – Қазақстан қорының қолдауымен “2012-2018 жылдарға арналған мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және құқықтарын сақтау бойынша іс-шаралардың алғашқы кезеңінің жоспарына мониторинг жасау және нәтижесін талқылау” тақырыбында “дөңгелек үстел” өткізді. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Мүгедек жандардың мәселелері мен мұқтаждықтарын анықтау үшін қоғамдық бірлестік 12-35 жас аралығындағы тірек-қимыл аппараты зақымданған жастар арасында сауалнама жүргізген. Сауалнамаға 70 адам қатысқан. Олар “Қандай мекемелерге жиі барасыздар?”, “Барлығынан бұрын қандай мекемеге барғыларыңыз келеді?” және “Жоспарды орындағанға дейінгі қоғамдық көлік пен әлеуметтік- мәдени объектілердің қолжетімділігінің сапасына 10 балл бойынша баға беріңіз” деген сұрақтарға жауап берді. Айта кету керек, сұралғандардың 73 пайызы мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және құқықтарын қамсыздандыру бойынша жүргізіліп жатқан жоспар жайында бейхабар болып шықты.

Нәтижесінде сауалнамаға қатысқандар ішінде мемлекеттік әкімшілік мекемелеріне 21,4% мүмкіндігі шектеулі жан барса, 27 пайызы бұл мекемелерге баруға мүмкіндік болса екен деп тілейді. 22,8 пайызы білім беру мекемелеріне аяқ басса, 48,5 пайызы медициналық мекемелерге жиі баратындар қатарында. 10 пайызының ғана әлеуметтік-мәдени мекемелерге бару мүмкіндігі бар. Оған жастардың 60%-ы баруға мүмкіндік жасалса дейді. Жарымжан жандардың қоғамдық көліктерде жүру қиыншылығы да өзекті мәселе болып табылады. Көліктік инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін республика бойынша 2012-2018 жылға дейін жалғасын табатын аталмыш бағдарламаның бірінші кезеңіне сәйкес 2015 жылға дейін қоғамдық көліктердің 10 пайызын арнайы көтергіш немесе арбаға таңылғандарға қажет басқыштармен жабдықтау мақсаты қойылды. Сондай-ақ мүгедектердің “темір тұлпарды” өздігінен жүргізіп үйренуі үшін облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен әуесқой автомобильшілер кеңесімен бірлесе отыра көлікті қолмен жүргізуге бағытталған оқу-жаттығу курстарын ұйымдастыру қажет. “Әлеуметтік такси” қызметінің жұмысын да оңтайландыру қажет десті “дөңгелек үстелге” жиналғандар.  

Клиенттерді білім беру және әлеуметтік-мәдени мекемелерге де апару мәселелері де көтерілді. Ең бастысы, бұл мекемелердегі пандус құрылысын бір жолға қою керек десті олар. Себебі, мүмкіндігі шектеулі жандар мекемеге кіру үшін көптеген қиындықтарға тап болуда. Облыс орталығындағы біршама мекемелердің баспалдақтары мен өткелдері рельстермен жабдықталған. Әдетте олардың енін баспалдақтың енімен біркелкі етіп, тым тік жасайды. Бұдан көбіне – көп мүгедектер қоларбаларынан аударылып құлайды екен. Сондықтан да, пандус барынша қоларбамен көтерілуге ыңғайлы әрі пандус бойында тұтқаның да болғаны ләзім.

Медициналық мекемелердің түгелі дерлік пандустармен қамтамасыз етілген. Тек кейбіреуінде тұтқа болмаса, кейбірінің пандустары тіке орналасқан. Одан қоларбаға таңылған мүгедекті айтпағанда, сау адамның өтуі оңай емес. Мәселен, облыстық аурухана мен №2 қалалық ауруханада пандус болғанымен, қол арбадағы адам оған өздігінен көтерілуі мүмкін болмай шықты. Себебі, ұстанатын тұтқа жоқ. Сол сияқты Балалар емханасында кіреберіс баспалдаққа арнайы рельс орнатылып, одан көтерілу мүмкін болмайтыны анықталды. №3 қалалық емхана мен облыстық Балалар ауруханасындағы пандустар қолдануға әбден жарамды. Ал білім беру мекемелерінің ішінде сынақтан өтпей қалғандарының тізіміне өңіріміздің негізгі жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ілікті. Іс-шара барысында көрсетілген фотосуреттерден белгілі болғандай, бұл білім ордасында пандус атымен жоқ екен.

Осылайша зерттеу барысында анықталғандай, қолда бар пандустарды ең болмағанда көмек шақыру белгісімен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныс айтылды.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp