Ақмола облысының Қабанбай батыр ауылындағы “Ақмола ТЭК” АҚ-ның оқу-жаттығу полигонында таратушы электр желілерін пайдалану бойынша жедел жөндеу қызметкерлерінің республикалық кәсіби жарысы болып өтті. Оған “СҚ ТЭК” АҚ-ның электр жөндеушілері де қатысып, үшінші жүлдемен оралды.
Жарысқа Қазақстанның барлық өңірінен 14 команда қатысты. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі турнирге өз ісінің хас шеберлері келетіндіктен, үздіктердің үздігін таңдау қазылар алқасына оңай болған жоқ. Сондықтан жарыс барысында оқу-жаттығу полигонында барынша нақты өмірге жақындатылған жағдайда еліміздің үздік электр жөндеушілерінің кәсіби біліктілік деңгейі мұқият тексеруден өтті.
– Турнирге қатысушылар үшін мұндай шара өз мамандығы аясында осы заманғы әдістер мен тәсілдерді көрсетудің, таратушы электр желілерінде жұмыс орындау арқылы алдыңғы қатарлы тәжірибе алмасудың бірден-бір мүмкіндігі болып табылады. Қызметкердің біліктілігі мен таратушы электр желілерін пайдалану деңгейін жарыс нәтижесі көрсетеді, – дейді команда басшысы, “СҚ ТЭК” АҚ бас инженерінің орынбасары Александр Елисеев.
Жарыс қорытындысы бойынша “СҚ ТЭК” АҚ бригадасы 3-ші орын алып, “Нива” автомобилімен марапатталды. Бірінші орын – павлодарлықтардың, екінші орын – алматылықтардың еншісінде. Бас жүлдені турнир иелері – Астана қаласындағы “Ақмола ТЭК” АҚ командасы жеңіп алды.
“СолҚазЭнерго” АҚ-ның жұртшылықпен байланыс жөніндегі бөлімі.