«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРҚЫНДЫ ҮДЕТЕР ШАҚ ТУДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сенбі күні Самат Ескендіров жұмыс сапарымен Аққайың және Тайынша аудандарында болып, егін орағының барысымен танысты. Бүгінгі таңда өңірдегі “сары алтынның” 30 пайызы соғылып, 50 пайызға жуығы дестеге түсірілген. Диқандар егін жинауды алдағы 15 күннің ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.

Назерке ТҰРСЫНОВА,

журналист.

“Астраханское” ЖШС-і егін оруды тамыз айының аяғында бастапты. Биыл 1200 гектар алқабын парға қалдырған ЖШС бидайдан басқа сұлы, арпа еккен. Арпа мен сұлы серіктестіктің иелігіндегі 450 бас ірі қараға азық болмақ.

Мемлекеттік несиелендіру бағдарламасы бойынша жаңа техникалар алғандықтан, ораққа дайындығымыз сақадай сай болды. 4 мың гектар алқапқа дән сіңірсек, қазір оның 50 пайызын жинап алдық, – деді “Астраханское” ЖШС-нің директоры Владимир Зимин.

Ал “Дайындық” ЖШС биыл 7 мыңнан астам гектарға – бидай, 1,5 мың гектарға зығыр сепкен. Қазір танап басындағы жұмысқа 80 адам, 70 техника жұмылдырылған. Егіннің 57 пайызы атжалға салынып, гектарынан 21 центнерден өнім алынуда.

Бұдан кейін өңір басшысы Тайынша ауданындағы “Ковыльное СК” ЖШС-нің алқабымен танысты. Шаруалардың айтуынша, орақ науқанына қызу кіріскендерімен, жауын-шашын аздап кедергі болған. Осының салдарынан алқаптағы егіннің 35 пайызы ғана соғылған. Ауа райы мүмкіндік берсе, орақ науқанын алдағы 15 күннің ішінде аяқтамақ.

Осы күні облыс әкімі Самат Ескендіров Келлеровка ауылдық округіндегі “Краснополянское” ЖШС-іне де барды. Мұнда егіннің 3,5 мың гектары дестеге құлатылыпты. Диқандар жұмысына комбайндардың кейбір саймандары табылмай жатқандығы кедергі келтіруде екен.

“Жаркөл” ЖШС-нің зығыр алқабында орақ қызу жүріп жатыр. Шаруашылық басшысы ауа райының қолайсыз болуынан кейбір дәнді дақылдардың толық піспегендігін айтты.

– Егіннің 25 пайызын жинадық. Орақ науқанында техникадан еш қиындық көріп отырғанымыз жоқ. 14 комбайн мен 14 “КамАЗ” бар. Алдағы уақытта рапс пен зығырды – 30 күнде, ал егінді 20 күнде орып бітіруді жоспарлап отырмыз, – деді “Жаркөл” ЖШС-нің директоры Александр Кобзев.

Қос аудандағы орақ науқанының барысымен танысқан Самат Ескендіров диқандарға барлық жағдай жасалғандықтан, жауапты науқанды жуық арада аяқтауы керек екендігін қадай айтты.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp