«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАУЫРЛАРЫМ ҮШІН!..” ДЕП БАСТАҒАН ІСІ береке арнасына айналды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кәкім Сақтановтың мақсаты – бауырларын да, өз балаларын да еңбекқорлыққа баулу. Ерінуді білмейтін ол ауыл шаруашылығы құрылымының әр саласынан табыс табуға тырысады. Жылда құстың балапандарын сатып алып, оны жазғы демалысқа келген балаларына бақтырады. Ондағы ойы – ұрпағына нанның маңдай термен табылатынын ұғындыру. Биыл алған 300 балапан – күзде балаларына азық, сондай-ақ еңбеккерлер үшін тамақ мәзірі.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жол апатынан қаза тапқан ағасы іргетасын қалаған шаруашылық шалақындық Кәкім Сақтановқа қымбат та ыстық. Ол өз әңгімесін: “Мен бұл істі бауырларыма жұмыс орны болсын деген ниетпен қолға алған едім”, – деп бастауының өзінде үлкен мағына жатқандай. Жеңгесі шаруашылықтың тізгінін оның қолына ұстатқан кезде шаруа қожалығында 200 гектар жер, бірнеше қора-қопсы және қырман болыпты. Араға сегіз жыл салып іргелі агроқұрылымға айналған “Сәнді – Райымбек” ЖШС-і – аудандағы үлкен шаруашылықтардың бірі. Бүгінде оның еншісіндегі 4500 гектар жердің бір бөлігі 83 адамның үлесі болса, қалғаны жалға алынған. Серіктестік басшысы – осы егіс алқабына дәнді дақылдардың жеті түрін сеуіп, басқа әріптестеріне қарағанда өз ісін ілгері жылжытып алған шаруагер.

– Арпа, сұлы, бидай, зығыр, рапс, қарақұмық, тары, бұршақ себемін. Тарының екі түрі өсіріледі: спирттік және тамаққа арналған. Жалпы дәнді дақылдардың бірнеше түрін еккеннен шаруашылық қиындыққа ұрынбайды. Мәселен, бидайға сұраныс болмаған жылы міндетті түрде шаруашылықтың табысы майлы дақылдардан түседі, – деген басшы өзінің бұл саланы жақсы меңгергендігін танытты.  

2005 жылы “Сәнді – Райымбек” ЖШС-і қарақұмық дақылын себуді қолға алған кезде өңірімізде оған бәсекелестік танытатын төрт шаруашылық қана болған. Тарыны биыл үшінші жыл сеуіп отыр. Әзірге оның өнімін нарыққа шығаруда еш қиындық жоқ. Олар Ақтөбе, Көкшетау қалаларының спирт өндіруші кәсіпорындарымен алдын ала шарт жасап, күзде астық жиналған бойда тұтынушыларға жіберіледі. Жалпы тары дақылы өсімтал екенін алға тартқан кәсіпкер оның тоннасы 30 мың теңгеден, тіпті, өткен жылы бір тоннасы 70 мың теңгеден сатылғанын сөз етті. Ал қарақұмықты бірінші жыл сепкенде тоннасын 80-90 мың теңгеден сатқан, дегенмен былтыр баға төмен болып, бүгінге дейін қоймасында 20 тонна қарақұмық қалыпты. “Сәнді – Райымбек” ЖШС-нің өз қоймалары мен қырманы болғандықтан, өнімдерін баға көтерілгенше сақтауға мүмкіндігі бар. Мәселен, былтыр майлы дақылдардың кей түрлерін сақтап, қыста оларды Бельгия мен Польша елдеріне жақсы бағамен өткізген. Қырманның аумағы – 5 , 4 гектар, ал қоймаларда 8 мың тоннаға дейін өнім сақтауға болады.

Серіктестік өзі өсіретін барлық дәнді дақылдарды қосып, жемазық істеуге де әдістеніп алған. Мұндай қоспа мал үшін таптырмас азық. Жақын маңның біраз тұрғыны шаруашылықтан жыл он екі ай бойы мал мен құсқа сіңімді әрі дәруменді жемазықты сатып алады.

– Шындап қолға алынған кез келген іс нәтиже береді. Мәселен, жылқының табыстылығы кімге болсын аян. Былтыр 15 бие сауған едік, биыл 12 бие байладық. Қымызды керек қылған адам өздері келіп, әкетеді. Петропавлдан арнайы тапсырыс беретін тұтынушыларымыз да бар. Той-томалақ, батаға қымыз сұрату дәстүрінің орнығып келе жатқандығы мені қатты қуантады, – дейді Кәкім Әбуұлы.

Кәсіпкер бие сауатын аппаратқа қол жеткізе алмай отырғандығын да қынжыла жеткізді. Ондай құрылғы тек Ресей елінің Волгоград өңірінде ғана жасалады екен. Әзірге зауытқа жіберілген тапсырыс оң нәтиже бермепті. Десек те 12 биені саууда Зәмзәгүл есімді еңбеккерінің еңбегін өте жоғары бағалап отыр. “Өзі жалғыз барлық биені саууға күшін де, уақытын да жеткізеді. Еңбекқор әйел. Сондықтан табысты да басқалардан мол алады. Оның отбасына Ақанбарақтан үй әпердім. Бие саууға ешкім шыққысы жоқ, оңай шаруа емес”, – дейді басшы қызметкеріне ризашылық көңілмен.

Кәсіпкердің қорасындағы 20 жылқының 8 басы – өзінікі, қалғаны – бауырлары мен туған-туыстарының малы. Оларды қысы-жазы бағып, жемшөбін алдына салып беретін іскер туысқа баршасы сенім артады. Туыстары тек қымыз ішкілері келгенде немесе соғымын байлар кезде малдарын түстей бастайды.

Шаруашылықтағы тағы бір табыс көзі – ірі қара. Осыдан екі жыл бұрын серіктестік “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 8,5 миллион теңге несие алып, оған 38 бас жергілікті ірі қара тұқымынан ұрғашы мал сатып алған. “Тайыншалар бірінші жылы бұзаулағанда төлдерін еміздік. Ал биыл сауып жатырмыз. Күніне 320-350 литр сүтті Сергеевканың “Сүт өнімдері” зауытына тапсырамыз”, – дейді басшы. Ол ірі қараның бағасы қымбат болып тұрған жылы мал басын көбейткен екен. Сондықтан оның несие ақшасы 38 бас тайыншаға ғана жетіп, ал асылтұқымды екі бұқаны өз қаржысына сатып алған. Бүгінде оның қорасындағы 85 бас ірі қараның 60-ы ұрғашы. Олардан алған төлдердің алғашқыларын сатып, несиені жаба да бастаған.

Жылдан-жылға кеңейіп келе жатқан шаруашылық техникалық жаңаруға да үлкен мән беріп отыр. Жаңа комбайндар мен тракторлардың қайсыбірін өз қаржысына, кейбірін лизингке алып, техниканың біразы жаңартылыпты. Жаңа техника уақытты үнемдеп, өнімді ысырапсыз жинайтынына көз жеткізген басшы бұл істі әрі қарай жалғастырмақ. Алайда, ол жаңа техниканың “тілін” білетін маман тапшылығын да сөз етті.

– Жылдан-жылға кадр мәселесі қиындап барады. Бұрыннан еңбек етіп келе жатқандардың жастары ұлғаюда, ал білімі мен тәжірибесі жоқ жастарды жұмысқа алсаң, бастапқы қиындықтарға төзбей, кетіп қалады. Жастарда өмірлік тәжірибе мен біліктілік аз болса да, олардың өздерін тым жоғары бағалайтынына таңғаламын. Олардың көбі ауырдың үстімен жүріп, жақсы еңбекақы алғылары келеді. Мен Сергеевка қаласындағы “Отан” жүргізушілер даярлайтын мектепте дәріс беремін. Болашақ мамандарды өз шаруашылығыма әкеліп, тәжірибеден өткіземін. Бірақ биыл оқуға ниет білдірушілердің жоқтығынан топ құрылған жоқ. Ауыл шаруашылығы мамандары қай шаруашылықта болсын көкейкесті, – дейді басшы.

Кәкім Сақтановтың мақсаты – бауырларын да, өз балаларын да еңбекқорлыққа баулу. Ерінуді білмейтін ол ауыл шаруашылығы құрылымының әр саласынан табыс табуға тырысады. Жылда құстың балапандарын сатып алып, оны жазғы демалысқа келген балаларына бақтырады. Ондағы ойы – ұрпағына нанның маңдай термен табылатынын ұғындыру. Биыл алған 300 балапан – күзде балаларына азық, сондай-ақ еңбеккерлер үшін тамақ мәзірі.

Серіктестік басшысы қол астындағылардың жалақысын уақтылы беруге тырысатынын жеткізді. Әрине, олардың еңбекақыларының мөлшері әртүрлі. Сиыр сауатындар 50-60 мың теңге алса, бие сауатын жалғыз сауыншының жалақысы 100 мың теңгеден асады, механизаторлар үшін жақсы табыс көктемгі және күзгі науқан кездерінде. Мұнда 17 адам тұрақты еңбек етсе, науқан кезінде қосымша күш ретінде бірнеше адам жұмыспен қамтылады.

Қазақтың ұлттық тағамдарының көбі ақтан жасалады емес пе?! Сондықтан аталмыш шаруашылық сүзбе құрт та жасап көрген. Ал бүгінде айран-сүт, қымыздың бір бөлігі сатылса, бір бөлігі жұмысшыларға беріледі. “Былтыр еңбеккерлерге азық болсын деп 100 тауық сатып алып, олардың жұмыртқасын жеп үлгере алмадық қой”, – дейді күліп. Жұмысшылар еңбекақы есебінен арзан соғымды шаруашылықтан ала алады, сондай-ақ олардың өздеріне қажетті отын-шөпті жұмыс басында жүріп, дайындауға мүмкіндіктері бар.

Кәкім Әбуұлы аталмыш шаруашылыққа басшылық еткеннен бері бес еңбеккерге үй сатып әперген. “Біздің қазақ қызық қой. Жасаған жақсылыққа разы болып, жүре бермейді. Ол сұраған сайын сен бере беруің керек. Табыстың маңдай термен келіп жатқанын көріп жүрсе де, оны ескермейді”, – деп ішкі сырын айтқандағы сөзінің төркіні бір ағайынына тірелді. Ол бір туысқанын ауылдан көшіріп әкеліп, жұмысқа орналастырып, оған үй әперіп, жағдайын жасап жүргенде бір күні ол жұмыстан шығып кетіпті. “Алты баласы бар. Одан қалай үйді тартып аласың? Ауызба-ауыз жасалған шарт бойынша үй алғандар шаруашылықта 7-10 жыл еңбек етулері керек. Ол болса, екі жыл ғана жұмыс істеп, құйрығын ұстатпай кетті. Түбінде қайтып келеді деп ойлаймын”, – деді ол туысқанына ешқандай зілінің жоқтығын сездіріп. Сондай-ақ ол ұжымның басым бөлігі жұмысқа мығым, жанашыр жандар екендігін сөз етті. “Әрине, оларсыз мен де ештеңе істей алмаймын. Менің көмегім оларға да үлкен қолғабыс екендігін өздерінің ауызынан естіп жүрмін”, – деді ол әңгімесінің соңында.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp