Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Қызылжар су” ЖШС-і қаланы сумен жабдықтаудың және оны жеткізудің өткір тұрған мәселелеріне арналған баспасөз турын өткізді.
Қазір қаладағы сумен жабдықтау және оны жеткізу жүйесінің жағдайы туралы сөз етер болсақ, онда коммуналдық саладағы қызмет көрсетушілер мен тұтынушылар үшін шешімі қиын түйінді мәселе кәсіпорындағы инфрақұрылымдардың ескіруіне байланысты көрсетілетін қызмет сапасының төмендеп бара жатқаны болып отыр. Кәсіпорындағы құрылғылар мен жүйелердің негізгі бөлігі 1960-1990 жылдар аралығында іске қосылған, қолдану мерзімдері 20-50 жылдан асып барады. Ондағы су құбырлары, таратушы желілер, қысымды кәріздік коллекторлар болат және шойын құбырлардан салынған және олардың шекті қызмет көрсетуі 20-25 жылдан аспауы тиіс.
Петропавл қаласының қазіргі су құбыры жүйесінің ұзындығы 300 шақырымнан асады, тартылған құбырлардың диаметрі 50-ден 1000 мм.-ге дейін. Бүгінде осы құбырлардың 80 пайыздан астамы өздерінің нормативтік мерзімін өтеді. Соңғы жылдары бюджеттік қаржыландырудың жақсара түсуінің нәтижесінде жүйедегі қайта құру мен жаңғырту жұмыстарының ауқымы артып келеді. Кәсіпорын жыл сайын өз күшімен 10-12 шақырым таратушы желілерді ауыстыруда. Бірақ қазіргі жағдайда тозу деңгейін одан әрі өсірмеу үшін жыл сайын 20-25 шақырым ескі су құбырларын ауыстырып отырған жөн. Десе де жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде жерасты құбырларының зақымдануы жылына бұрынғы 500-600 апатты жағдайдан 250-300-ге дейін кеміген. Өндірістің басты буындарында қолдан келгенінше жаңарту мен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Баспасөз туры барысында осы айтылғандардың біразына көзіміз жетті. Кәсіпорынның сумен жабдықтау кешенінің басшысы Ержан Құсымбаев өндіріс жағдайын таныстыруды су тазарту имаратының 2-ші сүзгі блогынан бастады. Бір рет тазартылып, тиісті когулянт қосылған су мұнда тұндырылып, сүзгілеуден өтеді. Осы имарат басшысы Геннадий Кирилловтың айтуынша, су тазартуға қалыңдығы 2,7 метр таза өзен құмы пайдаланылады, одан тұнып, сүзіліп шыққан соң таза су резервуарға жіберіледі. Үш бөліктен тұратын олардың жалпы сыйымдылығы 16 мың текше метр. Сосын дайын таза су сорғылар арқылы қалалық су желілеріне жіберіледі. Осы су тазарту имараты айрықша бақылауда, оған бөгде адамдарды кіргізбейді, санитарлық, эпидемиологиялық жағдайы қатаң қадағаланады. Онда тазартылып жатқан судан сағат сайын сараптама алынатыны да тегін емес.
Басты буын ішіне гүл өсіріліп жалтыратып қойылғанымен, оның төменгі қабатындағы құбырлар жалғасқан бөлімінде бәрі тозып тұр.
– 1984 жылдан бері күрделі жөндеу, жаңғырту көрмесе, осылай болады да, ағымдағы жөндеу жоғарыдағы сүзгі бөлімінен аспайды, төменгі қабатымыз жедел жаңғыртуды қажет етеді, – дейді Геннадий Николаевич. Имараттың осындай жағдайдың өзінде тәулігіне 80 мың текше метр су тазартып, қала сұранысын толық өтеп отырғаны мақтауға тұрарлық іс. Өйткені, мұнда сүзгілеудің ескі кварцтік әдісі емес, ционидтік түрі қолданылады.
Сонымен бірге екінші көтерілудегі сорғы стансасында болып, ондағы жаңа қондырғылармен таныстық. Онда автоматика мен телемеханика жүйелерінің жаңа үлгілері қойыла бастағаны қуантады. Бақылау-есептеу аспаптарымен басқарылатын жаңадан орнатылған су сорғыларына жиілік реттегіштері қойылған. Ол құбырлар желісінде гидросоққыларды болдырмайды. Мұның бәрі көзге түсетін атқарылған істер, ал жете назар аударылатын болса, әлі де кезегін күтіп тұрған жұмыстар ұшан-теңіз. Технологиялық құрал-жабдықтарын айтпағанның өзінде, ондағы ғимараттар мен имараттардың барлығы дерлік күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ күнбе-күн болып тұратын, апатты жағдайларды түзетудің де машақаты аз емес. Соның бәрі қаржыға келіп тіреледі, ал апатты жоюға байланысты жер жұмыстарына және одан кейін оның орнын қалпына келтіріп, көркейтуге аз қаржы жұмсалмайтыны анық.
Мысалы, Партизан және Позолотин көшелерінің қиылысында қазылған жердің орны тегістеліп жатқанын көрдік. Ал Жұмысшы кентіндегі Мопровская-Матвеев көшелері қиылысында жерасты құбырының ақауын жөндеу үшін жер қазылып жатты. Оған кәсіпорындағы бұрнағы жылы бюджет қаржысына алынған шетелдік қуатты экскаватор тартылған. Ондағы жұмысшылар үш метр тереңдіктегі 300 мм.-лік құбырды бір күннен қалдырмай жөндейтіндіктерін айтады.
Кәсіпорын мамандарының көлденең бағытталған бұрғылау технологиясымен жұмыс жасап жатқанын Букетов көшесінде 44-ші үйдің ауласынан көрдік. ГНБ навигаторы деп аталатын бұл қондырғының қысымды терең жағдайда жұмыс істеу мүмкіндігі бар және басқа инженерлік коммуникациялар мен асфальттық жамылғыларды бұзбайды екен. Оның басы-қасында жүрген су желілері учаскесінің басшысы Сандыбай Такиров өздері жалдап жұмыс жүргізіп жатқан қондырғының күніне 550 метрге дейін жерасты құбырын тесіп өткізе алатынын айтады. Ол 220 мм.-лік құбырды көшенің арғы бетіндегі 300 метрдей жерден бүгін тесіп өткізіліпті. Жерасты құбырларымен жұмыс істейтін кәсіпорында мұндай қондырғының келешекте өздерінде болғаны дұрыс. Алдағы өндіріс технологиясын жаңғырту бағдарламасы аясында кәсіпорынның ГНБ алуды жоспарлап отырғаны қуантады.
Облыс орталығының су шаруашылығы жүйесінің тұрақты дамуына, экологиялық нормативтердің осызаманғы талаптарына жауап бере алатын ауызсудың жоғары сапасын, коммуналдық қызметтердің тиімділігін қамтамасыз етуі үшін кәсіпорынға мемлекеттің көлемді қолдауы қажет.