«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АҚБИДАЙЫМЕН” АТЫ ШЫҚҚАН ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ЖАНАШЫРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңірі ежелден сал-серілердің мекені екені әмбеге аян. Осындай өнер тұнған қасиетті өлкеде игі үрдісті үзбей жалғастырып, халық мұрасына жанашырлық танытып жүрген жандардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қасымов. Ол – бүгінгі күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды- драма театрының директоры. Оның алдында облыстық филармонияны абыроймен басқарып, туған өлке өнерінің дамуына елеулі үлес қосты.

“Әке көрген оқ жонар” демекші, Ишанғалидай ұстаз әкенің домбырамен әуелетіп салған әнін естіп өскен бала өнерге әуес болып өсті. Тіпті, төртінші сыныпта оқып жүргенде Баян ауылындағы мәдениет ошағында сахнаға шығып, әнші бала атанғаны бар. Әкесі шәкірттеріне ағылшын тілінен сабақ бергенімен, балаларға арналған үйірмені басқарып, шағын ансамбльдің дамуына күшжігерін аямаған жан еді.

Қуандық Ишанғалиұлы Қуат Анафин сынды ауыл күйшісінен көп үйренді. Дәулескер күйші Серікбай Құсайыновтан да арнайы дәріс алған кездері де бар. Мектеп бітірген соң Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесінің хор дирижеры факультетін бітіріп, консерваториядан дәріс алды.

1976 жылы әскери борышын абыроймен атқарып келген жас маман қазіргі Шал ақын ауданының орталығындағы музыка мектебінде ұстаздық етті. Бір жылдан соң әйгілі “Досмұқасан” ансамблінің үлгісімен аудан орталығында жиырма екі адамнан тұратын “Ақбидай” эстрадалық ансамблін құрып, жергілікті жастарды өнерге баулыды. Солардың ішінде Уәлихан Қаражігітов, Жангелді Тәжин, Ұмсындық Тұралина, Қалқай Ниязов сынды әр саланың мамандары да бар еді. Игілікті іске ұйтқы бола білген сол кездегі аудан басшысы Есім Шайкиннің қамқорлығы ерекше еді. Көп ұзамай жас маманның ұйымдастырушылық қабілеті еленіп, Қуандық Ишанғалиұлы аудандық мәдениет бөліміне басшылық қызметке тағайындалады.

1979 жылы “Ақбидай” ансамблі Ресей жерін бір ай араласа, 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында өнер көрсетеді.  

Қуандық Қасымов Жамбыл ауданының мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған кезде Қанафиндердің “Тың гүлі” отбасылық ансамблінің ашылуына жәрдемдесті. Аудан ақындарының басын қосып, айтыс ұйымдастырды. Кейін бұрынғы Бескөл, Соколов аудандарының мәдениет бөлімін басқарып, өнерпаз жандарға жанашыр бола білді, олардың сахнаға шығуына атсалысты.

Сәті түсіп Қызылжар қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының есігін аштық. Бізді жылы қарсы алған Қуандық Ишанғалиұлына алғашқы сұрағымыз Қызылжар өңіріндегі халық өнерінің дамуы жайлы болғандықтан, ол өз әңгімесін бір кезде өзі басқарған облыстық филармониядан бастады:

– Құдайға шүкір, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық өнер ұжымдары құрылып, қазақ өнерінің туын желбіретіп, бірталай жетістіктерге жетіп жатыр. Атап айтсақ, филармонияда қазақ ұлттық ансамблі құрылды. Жетекшісі көкшетаулық Марат Жақыпов деген азамат екен. Мен басшылыққа келгеннен кейін ол ансамбльді оркестрге айналдырдық. Қазір облыстағы беткеұстар оркестр десек, артық айтқандық емес. Қазіргі көркемдік жетекшісі – Мәдениет қайраткері Қайырлы Ғафуров. Сонымен қатар эстрадалық-симфониялық оркестр, хор капелласын, джаз оркестрін құрдық, “Назерке” деген бишілер тобын аштық.

Қиналған кездерім де болды, өйткені, оркестрді ашқан кезде мамандар жетіспеді, оларды сырттан шақыруға беретін пәтер болмады. Бірақ, олар филармонияны сақтап қаламыз деп жарты ставкаға жұмыс істеді, қиындықты жеңе білді.

Ол кезде Солтүстік Қазақстанда өңірінде қобыз ойнайтын мамандар жоқтың қасы еді. Сол бір қысылтаяң кезде консерваторияның түлегі Назгүл Маштақова келіп, музыка мектебінде қобыз сыныбын ашты. Төрт жылдан кейін Назгүлдің арқасында оркестрде қобыз үні естіле бастады. Бүгінде оркестрде барлық аспаптар бар, жұмыс жақсы жолға қойылған. Қазіргі таңда екі жүзге тарта өнер иесі бар үлкен ұжымға айналған филармонияға біраз жыл тер төккенім рас.

– Театр басшысы ретінде осы ұжымның жетістіктері жайлы не айтасыз?

– 2000 жылы Мәдениетті қолдау жылы болды. Сол жылы осы театр салтанатпен ашылды. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының түлектері іргетасын қалаған театр – қазіргі күнде қалыпты еңбек етіп жатқан тәжірибелі ұжым.

2010 жылы театрымыздың құрылғанына 10 жыл толуына орай белгілі драматург Дулат Исабековке тапсырыс беріп, Сәбит Мұқановтың “Балуан Шолақ” пьесасын жаздырғанбыз. Сол спектакльді Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар мен жасөспірімдер театрының режиссері Жанат Ходжиев сәтті сахналады. Театрымыздың сегіз актері “Мәдениет қайраткері” атанды. Осы мерейтой қарсаңында өнер иелеріне жеті пәтер берілді.

Театр ұжымы жалпы саны 50-ге жуық спектакль қойды. 2012 жылы Қарағандыда өткен өнер байқауында Қызылжар театры жеті ұжымның ішіндегі ең үздігі деп танылды.

– Театрдың тұрған жері орталықтан қашықтау екен. Көрермендердің келуі қалай?

– Иә, театрымыз орталықтан шалғайлау әрі 200 орындық қана. Егер театр орталыққа және кеңдеу ғимаратқа көшірілсе, тамаша болар еді. Өйткені, қазіргі ғимараттың тарлығы сезіліп жүр.

Көрермендер жайына келсек, біз қаладағы қазақ мектептерімен тұрақты байланыс орнаттық. Ал орыс мектептерінің ұжымдары үшін ілеспе аудармамен спектакль қоямыз. Сондықтан, театрымыздың жас ұрпақ тәрбиесіне берері мол.

– Ертеректе театрлардың ұжымдары ауыл-ауылды аралап, еңбекші қауымға өнер көрсетуші еді. Сіздер тек қала халқын қуантып жүрген тәріздісіздер…

– Біз жаздағы театр демалысы және егін орағы кездерінде аудандардың бәрін дерлік аралап шығамыз, көршілес облыстарға да ат басын бұрып жүрген жайымыз бар.

– Театрдың алдағы жоспары туралы не айтасыз?

– Күзгі театрдың ашылу салтанатына орай драматург Дулат Исабековтің “Мағжан – Зылиха” спектаклі тұңғыш рет қойылмақшы. Ал жаңа оқу жылында мектеп бағдарламасына орай ертегілер мен танымдық спектакльдерді қоюды жоспарлап отырмыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Алтын ИМАНБАЕВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp