«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАЯНТАЙДЫҢ” БЕРЕКЕЛІ АСТЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айыртау аудандық мәслихаттың депутаты Сырымбет Есенғалиев басқаратын “Баянтай” ЖШС орақ науқанын қыздыра түсті. Серіктестік биыл 8700 гектар алқапқа дәнді дақылдар, 500 гектарға майлы дақылдар өсірген. Өнімді ысырапсыз жинап алу мақсатында бүгінде 15 комбайн мен тіркемелі 6 “КамАЗ” автокөлігі жұмылдырылған. Орташа түсім әзірге гектарынан 15-16 центнерден айналуда.

Бағлан ҚОЖАҚОВ.

– Диқандардың қимылы ширақ, – дейді серіктестіктің бас агрономы Жанат Тасығожин танапта астық бастырып жүрген егіншілерге ризашылығын білдіріп. – Ауыл тұрғындары мал азығынан тарыншылық көрмесін деген оймен комбайндардың үккіштерін ағыттырып тастадық. Атжал болып түскен сабанды ізінше жинап алып, тұрғындарға тасып береміз. Бұл ретте Асылхан Ысқақов, Жарқын Төлебаев, Манарбек Сәдуақасов секілді саңлақ механизаторлардың еңбегін ерекше айтып өткен жөн. Комбайндардың кідіріссіз жұмыс істеуіне Евгений Степанов, Александр Ильдебекин, Сергей Шаров сияқты тәжірибелі автокөлік жүргізушілерінің қосып жүрген үлестері де қомақты. Олар бидайды “КамАЗ” машиналарымен қырманға тасымалдап жүр.

Баянтайлық диқандардың “қыр кемелеріне” техникалық қызмет көрсету жайы да мұқият ойластырылған. Жөндеу шеберханасының жұмыскерлері де орақ науқанын ойдағыдай өткізуге мүдделі. Серіктестіктің бас инженері Асылбек Есенғалиевтің айтуынша, мұндағы токарьлық, ұста цехтары, сондай-ақ қырмандағы таразылар, астық тазалайтын агрегаттар өз істеріне жауапкершілікпен қарайтын мамандардың қолдарына тапсырылған. Жаңа астықты кедергісіз қабылдауда қырман меңгерушілері Ербол Мейрамов (Воскресеновка ауылындағы №1 қырман) пен Арман Есенғалиев (Саумалкөлдегі №2 қырман) зор жауапкершілік танытуда.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp